Дүйсенбі, 25 тамыз, 10:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№63,2176
23.08.2025
PDF мұрағаты

Мөлдір Смаханова, №290 «Келешек мектебінің»  директоры: Біз келешекте елімізге пайда әкелетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет

23.08.2025

41 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектебі» жобасының игілігін Сыр жұртшылығы да сезінуде. Осыдан бір жыл бұрын сол жағалаудан «Келешек мектебі»  пайдалануға берілді. Бұл мектеп бір жылда қандай артықшылықпен ерекшеленді? Жанға жайлы мектепте оқып жатқан оқушылардың білімге деген құштарлығы қаншалықты өзгерді? Көкейдегі сұрақтарға жауап алу үшін №290 «Келешек мектебінің» директоры Мөлдір Смахановамен сұхбаттастық.

– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан республикалық Тамыз кеңесінде мінберде сөз сөйледіңіз. Жиыннан қандай ой түйіп қайттыңыз?

– Жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылған республикалық «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл ұстаздар үшін үлкен қолдау деп есептеймін. Ауқымды іс-шараның мақсаты – еліміздегі білім беру жүйесінің бүгінгі жағдайын саралап, болашағына бағдар жасау. Конференцияда көтерілген басты мәселелер – ұстаздардың кәсіби дамуы, жас ұрпақты адалдық пен патриотизмге баулу, цифрлық білім берудің тиімділігі мен инклюзивтік оқытудың келешегі. Конференциядағы маңызды жаңалықтың бірі – 1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының енгізілуі. Бұл бағдарлама арқылы оқу орындарында тәрбие жұмысы жаңа форматқа көшіп, мазмұны мен әдістемесі жаңартылады. Сонымен қатар «Қазақстан балалары», жасанды интеллект, инклюзивті оқыту сынды бағыттар білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға жол ашады. Осы орайда, оқушыларға сапалы білім беріп, саналы азамат тәрбиелеу басты мақсатымыз екенін айтқым келеді. Біз оқушылардың бойында еңбексүйгіштік, азаматтық секілді құндылықтарды дамытуымыз қажет екенін білеміз. Президенттің ұстаздар туралы айтқаны бізге үлкен қолдау болды.

«Мектеп  – білім мен тәлім-тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білімпаздыққа баулу қаншалықты маңызды болса, оларға дұрыс жол көрсету, бағдар беру де соншалықты маңызды. Біз жастардың адал әрі еңбекқор болып өсуіне ерекше мән беруіміз қажет. Ұл-қыздарымыз жақсы мен жаманның ақ пен қараның арасын ажырата білуі керек» – деді Президент.

Мөлдір Смаханова, №290 «Келешек мектебінің»  директоры: Біз келешекте елімізге пайда әкелетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет

«Келешек мектебі» – арманға бастар жол

          – «Келешек мектебінің» басты мақсаты қандай? Басқа білім ордаларынан ерекшелігі неде? Білім беру бағдарламасында қандай инновациялық әдістер қолданылады?

 – «Келешек мектебінің» басты мақсаты – оқушыларға кең және жарық қолайлы оқу кеңістігін құру. Бұл мектептер заманауи, сәулетті ғимаратпен бірге оқушының қабілетін, еркін ойлауын және қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жол ашатын білім кеңістігі. «Келешек мектебі» толық экономикалық талаптарға сай жабдықталған, инфрақұрылымы соңғы үлгіде жасалған. Қазіргі таңда инженерлік бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік мол. Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылар талапқа сай ортада оқи алса, екіншіден, инклюзивті орта барлығына бірдей тең білім беруді қамтып отыр. Мектебімізде  дарынды, ерекше білім алуды қажет ететін бала да оқи алады. Бұл олардың сапалы білім алуына жол ашып отыр. Мұнда ұстаздардың кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдірудің барлық мүмкіндігі ескерілген. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы осы тұста бізге басқару тетіктері тұрғысынан да, әдістемелік бағытта да үлкен қолдау көрсетуде. Біздің келешекке бағытталған мектеп бұл тек жайлы болумен шектелмеуі керек. Біз келешекте елімізге пайда әкелетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.

 – Бүгінгі балаларды «Альфа ұрпақ» деп атаймыз. Балалармен жұмыс істеу барысында қандай ерекшеліктер байқалады? Олардың тілін табу қиын емес пе? 

– Рас, «Альфа ұрпақ»  саналатын буында клиптік қабілет дамыған. Яғни, балалар қысқа видеоларға әуес. Олар гиперактивті болып келеді. Оқушыларға сабақты қызықты етіп өтуге тырысамыз. Мұғалімдер сабақтарда «төңкерілген сынып» әдісін қолданады. «Келешек мектептерінің» әр сыныбында touch-экрандар бар. Бұл бізге альфа ұрпақтарын оқыту барысында оларға әр материалды визуалды түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір жасанды интеллектіні оқыту құралы ретінде үнемі қолданады. Яғни осы экрандарда арнайы бағдарламалар бар. Ол әр өткен сабақты визуалды көрсетуге көмектеседі. Альфа ұрпақты біліммен қамту үшін соңғы инновациялық шешімдер мен жасанды интеллектіні пайдаланып оқытудамыз. Бұл бізге сапалы білім беруге көмектеседі. Мұндай инновациялық білім алу оқушыларға ғылыми зерттеу жасауға және саналы түрде мамандық таңдауға көмегін тигізеді. Айта кететін жайт, біз 2-ші сыныптан бастап ерте кәсіби бағдар беру жұмысын енгіздік. Оқушыларға физика пәні және бастауыш сынып мұғалімдері бірігіп, кіріктірілген сабақ өтуде. Бұл балалардың ерте жастан ғылыммен айналысуына зор мүмкіндік. Тәрбие жағына келетін болсақ, «альфа ұрпақты» «Біртұтас бағдарлама» аясында тәрбиелеудеміз. Яғни, нақты жүйе қалыптасып, мектептің тәрбие бөлімінің де жұмыс жоспарына сәйкес, күнделікті ұйымдастырылатын шаралар оқушылардың шабытын ашуда. Мектебімізде «Самғау» театры, вокальды инструменталды ансамбль, «Домбыра» үйірмесі бар. Сонымен қатар білім үйірмелері жұмыс істейді. Үйірмелер – оқушылардың білім алу барысында олқылықтарын жоюға, инженерлік бағыттағы ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік береді. «Келешек мектебінде» оқитын әр оқушы сапалы білім алады. Бос уақытында міндетті түрде үйірмеге қатысады. Спорттық үйірмелер бар. Қазіргі уақытта оқушылар ұлттық лига жарыстарына дайындалуда.

Мөлдір Смаханова, №290 «Келешек мектебінің»  директоры: Біз келешекте елімізге пайда әкелетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет

Бала тәрбиесі – мұғалім мен ата-ананың ортақ жауапкершілігі

 – Технократтар заманында үздіксіз дамумен бірге адамдардың мінез-құлқы, психологиясы да күн сайын өзгеріп жатыр. Бала тәрбиесіне көбіне кім жауапты?  Мектеп мұғаліміне барлық жауапкершілікті артып қойған жоқпыз ба?

         – Мемлекет басшысы Тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде «Отбасы – мектеп – мемлекет үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады» деді. Бүгінгі таңда баланың тәрбиесі дұрыс болуы үшін бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Оқушы, ұстаз, ата-ана бала тәрбиесіне жауапты болғандықтан бірлесіп жұмыс істеу арқылы жетістікке жетеміз. Мектеп тарапынан күнделікті профилактикалық жұмыстар, түрлі іс-шара өткіземіз. Ата-ана мен оқушы арасында байқау ұйымдастырылады. Сондай-ақ кітап оқу жүйесі қалыптасқан. Қазіргі уақытта ата-аналар мектеппен етене араласуда. Бұл үрдіс баланы ортақ тәрбиелеуге алып келеді. Мұғалім бала мектеп қабырғасында жүргенде тәрбиелеуші-жетелеуші болады. Шындығына келгенде, үштік одақ болып ата-анамен бірге тәрбиелеу ең дұрыс үрдіс. Өткен жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде енгізіліп жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы осы мақсатта қызмет етеді. Бала тәрбиесі – мұғалім мен ата-ананың ортақ жауапкершілігі. 

– Мұғалімдерді іріктеуде қандай талаптар қойылады?

– «Келешек мектептерінде» мұғалімдер конкурс арқылы іріктеледі. Жалпы, барлық мектепке мұғалім конкурспен қабылданады.

– Мұғалім баламен қалай жұмыс істеу керек?

– Біздің мектебізде «Мейірімді директор», «Мейірімді мұғалім» жобасы жүзеге асуда. Мұғалімдер оқушыларға ең алдымен мейірімділік көрсетеді. Егер әрбір оқушы өзін сол мектепке қажетті екенін сезінсе, ізденуден шаршамайды. Мәселен, бізге басқа мектептен ауысып келген бір оқушы бұған дейін мектептегі іс-шараларға қатыспаған екен. Біз оның қабілетін ашуға тырыстық, мүмкіндік бердік. Нәтижесінде түрлі іс-шараларға қатыса бастады. Соның әсерінен жылдың қорытындысында 4 медаль иеленді. Ата-анасы бізге алғысын айтты. Әрбір ұстаз әр оқушының қабілетін аша білу керек. Біздің мектептегі мұғалімдер осы бағытта жұмыс істейді. Әр баланың деңгейіне қарай, оларға қажетті ақпаратты беріп, дұрыс бағдар беру нәтижесінде оқушылар үлкен жетістіктер көрсетуде. Былтырғы оқу жылында жетістіктер аз баолмады. Оқушыларымыз Қытайдың Макао қаласында өткен халықаралық роботехника чемпионатында жеті бірдей жүлдеге ие болды. Сонымен қатар облыс, қала арасында өткен байқаулардан жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Бұл мұғалім мен оқушының арасындағы тығыз байланыстың және ұстаздың шәкірт қабілетін аша білуінің оң нәтижесі. Әр оқушы – қайталанбас тұлға. Өз дарыны мен дамуына лайық жеке әлем.

Мөлдір Смаханова, №290 «Келешек мектебінің»  директоры: Біз келешекте елімізге пайда әкелетін ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет

Жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер ұсынады

– Қазіргі уақытта балалардың көбісі қосымша сабаққа барады. Кей мұғалімдер ата-анаға баланың үлгерімі нашар екенін айтып, қосымша білім алуға ұсыныс жасайды. Оқушының мектептен кейін ақылы қосымша сабаққа баруы мұғалім жауапкершілігін жеңілдетіп жібермей ме? 

– Біздің мектепте оқушылар ешқандай қосымша сабақтарға бармайды. Мұғалім баланың білімінен олқылықтар көрген жағдайда сол оқушының кемшін   тұсын түзеу үшін жоспар дайындап, баламен жұмыс істейді. Баланың барлығына теңдей білім беруді қамтамасыз етіп отырмыз. Ал үйірме жұмыстары оқушылардың қосымша қабілетін ашуға, олардың шығармашылықпен айналысуына  көмектеседі. Білім үйірмелері балалардың ғылыми-зерттеу жасауға және ерте кәсіби бағдар алып, болашақта саналы түрде мамандығын таңдауға оң септігін тигізеді.

– Ата-аналармен байланыс қалай?

– Мектебімізде ата-аналармен қарым-қатынас өте жақсы. Оқушылар өткізетін концерттерге үнемі шақырамыз. Ата-ана баласының шығармашылық деңгейін көріп отырса, әрі қарай оның өнерін дамытуға қолдау білдіреді. Айта кетерлігі, біздің мектепте әкелер белсенді. Мектебізде «Әкелер кеңесі», «Әжелер кеңесі», «Аналар кеңесі» құрылған. Әжелер балалардың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында үлкен іс-шаралар ұйымдастырады. Тағамтану кабинетінде аналар құрт, жент секілді ұлттық тағамдарды жасау жолын  үйретеді. Осы ретте ата-аналарға алғысымды білдіремін. Жиналыстарға тұрақты қатысады. Ата-анамен бірлесіп жұмыс істеу нәтижесінде бізде ашықтық, кері байланыс жақсы қалыптасқан.

– Жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасында қандай өзгерістер болады?

 – «Келешек мектептерінің» негізгі миссиясы – барлық балаға бірдей дәрежеде заманауи білім беру, сол арқылы орта білім деңгейін өсіру, яғни PISA көрсеткіштерін барынша жақсарту. Біз осы мақсатта жоспарларды алға қойдық. Оның ішінде жасанды интеллектіні оқу құралы ретінде енгізу. Сонымен қатар оқушылар нанотехнология, биотехнология салаларында зерттеулер жүргізеді. Бұл – олардың ерте кәсіби бағдар алуына және ғылымға ерте жастан қызығушылығын арттыруға жол ашады. Ғылыми техникалық  өзгерістерден қалмай, жасанды интеллектінің дамуына ілесіп жұмыс істеу – бүгінгі күннің талабы.

Мұғалімнің тамшыдай үлесі оқушыны

үлкен жетістікке жеткізеді

– Өзіңіз туралы айтсаңыз?  Мектеп директорлығына дейін қандай баспалдақтан өттіңіз?

 – Еңбек жолымды Қызылорда қаласындағы 3 тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған  сыныбы бар «Мұрагер» мектебінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастадым. Одан кейін 9 жыл мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым. Содан кейін  Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектепте 3 жыл мектеп директорының орынбасары қызметін атқардым. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының түлегімін. Осы жоба аясында мектеп директоры болуға оқытты. Бұл жобаға қатысу үшін арнайы іріктеуден өттім. Нәтижесінде «Келешек мектебінің» директорлығына конкурссыз тағайындалдым. Бұл жоба директорлық басқару, мектепте жүйе құра білу, ата-анамен қарым қатынас, мектеп климаты, құқықтық нормативтік актілер, заңнамамен жұмыс істеу барысында үлкен септігін тигізді.

– Мектеп басшысы ретінде  ұстанымыңыз… 

– Ұстазға, оқушыға жағымды ахуал қалыптастыру. Әр бала, әр  мұғалім мектепке қуанып келсе деймін. Оқушыға сапалы білім беріп, оның өміріне өзгеріс енгізіп, алдағы уақытта саналы түрде өз мамандығынын бейініне қарай анықтап алса деймін. Еліне қызмет ететін азамат мен азаматшаларды тәрбиелеу.

– Өз тәжірибеңізден мектеп оқушыларына қандай кеңес берер едіңіз?

 – Мектепте алған білім баланың өмірде қалыптасуына зор үлесін тигізеді. Сондықтан да қандай ұстаз, қандай сабақ болып жатса да әрбір сабақтан ой түйіп, сол ойды жүйелеп өзінің дағдысын қалыптастырса өміріне әсер ететіні сөзсіз. Мектепте ғылыми зерттеумен, шығармашылықпен, спортпен айналысқан әрбір оқушы болашақта көшбасшы болатынына сенемін. Ең бастысы, адал азамат болу. Мектептен алған білім өмірге тәжірибе. Сондықтан да уақытты тиімді пайдаланып, әлеуметтік желіден гөрі кітапқа үңіліп, ғылыми зерттеу жұмыстармен айналысса деймін. Мұғалімдерге айтарым, баланы тәрбиелеуден, сапалы білім беруден шаршамайық. Біздің тамшыдай үлесіміз үлкен жетістікке жеткізеді деп сенемін. Әр партада арман бар. Әр оқушы түрлі саланың мамандары болып шығары сөзсіз. Жас ұрпақтан зор үміт күтемін. Оқушыларға мектеп басшысы ретінде жан-жақты қолдау көрсетемін. 

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: