Сейсенбі, 25 наурыз, 16:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№21,2134
23.03.2025
PDF мұрағаты

«Біз келгенде мұнда киіз үй жоқ еді…»

23.03.2025

393 0

Қазір киіз үй тігетіндерді саусақпен санайсыз. «Қызыл кітапқа» енетіндей болып тұр. Әсірелеп айтқан дәнедей де ой жоқ. Ақиқаты солай болып тұр. Белкөл кентіндегі ағайынды Қайруллаевтар осы олқылықтың орнын толтырып жүр. Үлкені – Әлтай, кішісі – Сартай. Ауыл ақсақалына айналған екеудің ұлттық құндылыққа да қосып жүрген үлесі мол. Бір қуанарлығы, үлкендердің балалары мен келіндері және немерелері де киіз үйдің жасауына келгенде он саусағынан өнері тамған шебер.

Белкөлдің Наурыз тойы өтіп жатыр. Ығы-жығы халықтың арасында жүгіре ойнаған балалар көп. Үлкендер жағының аузы берік, ораза айы болған соң жиынға асықпады. Арасында айналадағы жұртпен әзілі жарасып, ортасын думандатып жүрген екі ақсақал жүр. Бұл ағайынды Әлтай мен Сартай Қайруллаевтар еді… Әңгіменің төркінін Әлтай ақсақал әріден бастады.

– Біз мұнда 1996 жылы Қармақшы ауданының Жаңақала ауылынан келдік. Ол кезде мұнда киіз үй тігетін адам жоқ еді. Әке-шешеміз Қайрулла – Нәзира Әбуовтер қой баққан. Көшіп-қонып жүрерге хан ордасындай киіз үйлері болды. Бірін оңдауға қойса, екіншісі бар. Жайлауға барған соң жалғыз үй тікпейсің. Бірнешеуін қатар тігеміз. Міне, бала кезден көргеніміз, тұрмысымыздағы бар дүниені осында келіп, кәсіпке айналдырдық. Баршагүл құдағайымыз кәсіп етіп бастады, біз де ілесіп, білмегенімізді үйреніп, ауылдан қаланың өміріне төселіп, қоғамдық жиындарға үй тіге бастадық, – деді ағайындылардың үлкені Әлтай ақсақал.

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» дейді қазақ халқы. Өмірден көрген-білгені мен көңілге түйгенін балалардың санасына сіңіре жүрген ата-ананың арманы да сол баланың өзінен асып түсуі емес пе?! Ауылдан қалаға келгенде бұл кісілерге ата-анасының берген бағыт-бағдары мен үйреткен өнері кәсіпке айнала кетті. Қойшы ауылда жайлауда тігілетін үй қалаға келіп, мерекелердің төрінде әкім-қаралар кіретін ордаға айналды.

– Қайсыбір жылы қарт Қаратаудың бөктерінде өткен малшылар слетінде менің тіккен үйім сол жердегілердің алды болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мырза тамсанып кетті. Одан кейінгі жылы «әкім айтқан үйді тігіңдер» деп менің үйіме құда түскендер көп болды, – деп күлді Әлтай Қайруллаұлы.

Атадан қалған өнерді бойға жиып, қазақы қалпын бұзбаған қариялардың әрбір сөзінде ұлтқа, елге деген махаббат, ұлттық өнерге деген құрмет жатыр. Шежіре мен тарихтың тамырын тартып, әріден әңгіме айтатын дуалы ауыздардың аузын бақтық. Шіркін, әрбір үйдің төрінде осындай жол көрсетер қариялар тұрса, көңіл шіркін, әр уақыт дариядай болады екен ғой… «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең. Үй алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең» деген атам қазақ мұны да көрген соң айтқан шығар…

– Әке-шешемнің көзіндей болып қолда қалған үй әлі күнге қажетімізге жарап келеді. Осы үй арқылы қолым аузыма жетті. Жеті қанатты да, сегіз қанатты да бар. Қай-қайсысы да көрген көз тоятындай болып тұр. Елдің кәдесіне асып жатсақ, одан артық не керек?! Ұрпаққа да үлгі болып жүрміз, – дейді ақсақал.

Бойдағы өнерді кейінгіге үйретіп, ізбасар тәрбиелеу де бұл кісілердің дағдысында екен. Әлтай ақсақалдың ұлдары Сағатбек пен Бақытбек, келіндері Қарлығаш пен Әйгерім киіз үйдің жасауларын дайындап, кемшін тұстарын өз қолымен бүтіндеп жүр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген осыдан қалса керек. Өзінде барды ұқсатып, кәсіпке айналдырып жатқан олардың әрбір әрекеті – көпшілікке үлгі.

– Әлтай ағамның балаларының бойында өнер бар, – деп әңгімеге араласты Сартай аға. – Қазақ «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Тал дегенге тек ағашты ғана айтуға болмайды. Сол тәрізді өміршең өнер қалғаны да жақсы ғой. Әке-шешеміздің ақылы әлі күнге санамызда. Сол арқылы дамып, өркен жайып келеміз. Қоғамда өзіміздің орнымыз, беделіміз бар. Жаман атымыз шыққан жоқ. Өнерді осылай ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп, жалғай жүрсек, қазақтың құндылығы да өміршең болмай ма?! Мәңгілік ел деген осыдан шығады. Ешкім де, ештеңе де мәңгілік емес, тек осындай құндылықтарды кейінгіге аманаттау арқылы біз ұлттық болмысымызды жоғалтпаймыз, – деп түйіндеді ол.

Ауылда киіз үй тігерде кішігірім асар болатын. Мұнда да солай екен. Бақан ұстап үш адам тұрады, қалған үш адам айналасын жабады. Кемінде алты адам айналшықтайды. Міне, сонда ғана киіз үйдің қазығы нық қағылып, шаңырақ мыңқ етпей тұрады. Оны көтерген уық та осалдық танытпайды. Әрбір әрекетті мысалмен айтып кеткен ата-бабамыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, шаңырақты бір ауыздан көтерген уықты нұсқағандай күй кештім. Қазақтың күнделікті дағдысы бүгін өнерге айналды.

– Қазір киіз үйлерде киіз жоқ. Арнайы жабатын материалын дайындап, солай тығырықтан шығып жүрміз. Ауылдарда қойдың жүні бар, бірақ киіз басатын адам жоқ. Бұл – тұтас қазақтың ортақ мәселесі. Киіздің қасиеті туралы айтар болсақ, ол өз алдына бір тақырып. Киізсіз киіз үй құрғанымыз үшін ұрпақ алдында да ұяттымыз. Сондықтан осы киіз басу дағдысын қайта қалыптастырсақ, қандай тамаша. Болашақта бұл да шешілер, – деді ойға шомған Сартай көкем.

Киіз үйдің төрінде отырмыз. Алдымызға Наурыз көже келді. Үстімізде оюлы шапан. Үлкеніміз би-шешендердің әңгімелеріне келгенде аттың басын жіберіп, өлеңдетіп сала берді. Өзімді қойшы ауылда, жайлауда тігілген киіз үйде алаңсыз жүрген бала сезіндім. Сол сәтте ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Бұрышқа тұр!» деген өлеңі ойға орала кетті…

Көтере алмай келеңсiз еркелiгiн,

Жазалады әкесi тентек ұлын:

– Тұр бұрышқа!– ақырды ашуланып,

Батырындай бағзы бiр ертегiнiң.

Қорыққаннан бұрышқа тұрды бала,

Құйттай болып дөң-айбат түрдi қара.

Анда-санда иығы селк-селк етiп,

Пысылдайды әредiк мұрны ғана.

Әр бөлмеде – төрт бұрыш,

орайы кеп

Тұрып шыққан тентек бұл талай рет.

Ол ойлайды:

«Бұрышқа тұрмас ем-ау,

Тусам егер үй-күйсiз жабайы боп…»

Осы бала бұрышты жек көредi,

Осы бала бұрышқа кектенедi.

Анасына кей күнi,

«Мен өскенде,

Бұрышсыз үй тұрғызам!» деп келедi.

Сол тентекке жанымның қошы келген,

Еркелiгiн мен болсам кешiрер ме ем?

Шiркiн, оның бабасы бақытты ғой,

Бұрышы жоқ үйлерде өсiп-өнген!…

Дәулет ҚЫРДАН,

Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: