Олардың жұмысы күн ұясына батқанда қыза түседі. Таңертен жұмысқа келгенде иісі бұрқыраған газетті оқу оңай. Ал оның артында қаншама еңбек жатқанын түсіне бермейміз. Бір сөзбен айтқанда, біз ұйықтап жатқанда баспагерлер тікесінен тік тұрып, гүрілдеген станок жанында қызу жұмысқа кіріседі. Үздіксіз жұмысты қалт жіберуге болмайды. Себебі газеттің сапалы басылуы үшін сергектік қажет. Азамат Рашидиновтің «Asu баспа үйі» баспаханасында жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асты. Бүгінде баспахана ісінің нағыз маманына айналған. Орайы келгенде Азамат Рашидовпен сұхбаттастық.
– Баспахана жұмысының қызығы мен шыжығы көп екені белгілі. Ең алғаш жұмысқа келген кезіңіз есіңізде ме?
– 2013 жылдың қараша айында баспаханаға алғаш рет қадам бастым. Содан бері, міне, 13 жылға жуық уақыт өтті. Аз да, көп те уақыт емес. Барлығы тәжірибемен, талпыныспен келеді. Алғашында көп нәрсе түсініксіз болды. Қандай техника? Қалай жұмыс істейді? Бәрі беймәлім. Бірақ осы тыңғылықты еңбектің арқасында бүгінде білікті маман болдым деп айта аламын. Осы уақыт аралығында түрлі техниканы меңгердім. Әсіресе, Германиядан әкелген заманауи станокты үйрену оңай болған жоқ. Дегенмен қажырлы еңбек, ізденістің арқасында тәжірибе жинадым.
– Газет басу процесі туралы айтсаңыз…
– Әр газеттің таралымы әртүрлі. Біздің баспаханада облыстық, қалалық, аудандық газеттер басылады. Мысалы, облыстық «Сыр бойы» газетін алайық. Қазіргі таңда бұл газет 23 мың таралыммен оқырманға жол тартады. Оны басып шығару үшін шамамен 1-1,5 сағат уақыт кетеді. Таралымы аз газеттерге небәрі жарты сағат уақыт жеткілікті. Яғни бәрі таралымға байланысты. Жалпы, біздің ұжым көп емес. Қазір мұнда екі ауысыммен он адам жұмыс істейді. Әр ауысымда бес қызметкер тынбай еңбек етеді. Мақсатымыз бір, мүдде ортақ. Бізге қойылатын басты талап – сапалы газет басып шығару.
– Жұмыс ауыр болған соң көбі қашқақтайтын шығар…
– Бізде жұмыс түнде басталады. Жұрт ұйқыға кеткенде баспахана жұмысы қызады. Өйткені материалдар күндіз дайындалып, газет беттелсе, сол түні баспаханада басылады. Кейде ұйқы режимі бұзылып, денсаулыққа кері әсері болатынын жасырмаймыз. Бірақ қиындыққа мән бермейміз. Әрбір адам өз жұмысын жақсы көріп істеуі тиіс. Сонда ғана нәтиже болары анық.
– Мықты маманның бойында қандай қасиет болуы керек?
– Ең бастысы, жауапкершілік. Жаңадан жұмысқа қабылданған маманға алдымен жұмыс барысын көрсетемін. Кейбірі үйреніп кетеді, енді бірі бұл мамандық өзіне арналмағанын түсінеді. Баспаханада жұмыс істеу үшін алдымен төзімділік қажет. Қазір, өкінішке қарай, кадр тапшы. Жастар кешкі уақыттағы жұмысқа келгісі келмейді. Адам санының аздығы кейде жұмысты баяулатады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұжыммен бірлесе жұмыс істейміз. Сонда ғана нәтижелі жұмыс болады.
– Сұхбатыңызға рахмет
Әңгімелескен
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!