Сенбі, 28 ақпан, 01:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2228)
28.02.2026
PDF мұрағаты

Бізді қазақ жеріне әкелгеніне қуанамын

28.02.2026

26 0

Қызылорда қаласында ко­рей хал­қының дәстүрлі жаңа жылы – Соллаль мерекесі кең көлемде той­ланады. Шығыс күнтізбесі бойынша атап өті­летін бұл мей­рам Корея, Қытай, Жапония сын­ды ел­дерде ерекше маңызға ие.

Мерекелік шараға Қызыл­орда­дағы этномәдени бірлес­тіктер өкілдері, зиялы қауым, жастар мен қала тұрғындары жиналады. Мерекелік кеште корей халқы­ның көне дәстүрі – сэбэ рәсімі сахналанды. Бұл – жас буынның үлкендерге тағзым етіп, ақ батасын алатын ғұрпы. Ортаға қауымдастық өкілдері мен жас­өспірімдер шығып, аталған рәсімді көпшілікке көрсетті.

Кеш барысында «Самульно­ри» ұлттық аспаптық ансамблі­нің орындауындағы музыкалық қойы­лымы көрермен ықы­ла­сына бө­ленді. Сонымен қатар дәстүрлі «Тохо», «Хато» ойын­­дары ұйым­дас­тырылып, бел­сенді қатысу­шыларға сый­лық­тар табысталды.

Тағдыр табыстырған халық

Соллаль мерекесінің мәнін тереңірек түсіну үшін қаладағы корей этносының өкілі, 84 жастағы Юрий Кимнің шаңырағында қонақта болдық.

Юрий Кимнің айтуынша, корейлердің қазақ жеріне қоныстанғанына ғасырға жуық уақыт өткен. 1937 жылы Кеңес Одағының Қиыр Шығыс аймағында өмір сүрген мыңдаған корей отбасы жаппай қоныс аударуға мәжбүр болған. Оларға бір апта ғана уақыт беріліп, алдымен Владивостокқа жеткізілген. Кейін жүк тиелген пойыздармен, Қазақстанның оңтүстігіне келген.

– Әкем мен анам сол жылдардың қиындығын жиі еске алатын. «Қазан айында қыс ерте түсіп, азық-түлік қоры таусылған. Аштық қысқан шақта көрші қазақ отбасы бір қой беріп, соның арқасында қыстан аман шыққанбыз» – деп айтып отыратын. Әкем мен анам «бізді қазақ жеріне әкелгеніне қуанамыз. Олар бізді жылы шыраймен қарсы алды» дейтін, — деп еске алды Юрий Федорұлы.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қиыр Шығыстан қоныс аударған корейлер күріш өсіру кәсібін Сыр өңірінде дамытты. 1937 жылдан бастап Қызылорда өңірінде күріш шаруашылығы қарқын ала бастаған. Өңірде күріш егумен аты аңызға айналған даңқты диқан Ыбырай Жақаев болса, корей ұлтынан Ким Ман Сам еді. Оларды халық түйенің қос өркешіне теңеген екен.

Дәстүр жаңғырығы

1989 жылы Қызылордада «Корей мәдени орталығы» ашылып, этностың салт-дәстүрін жаңғыртуға жол ашылды. Сол уақыттан бастап Ай күнтізбесі бойынша жаңа жылды атап өту дәстүрі қайта жанданды.

Бүгінде «Соллаль» тек мерекелік шара емес, ұрпақ сабақтастығының символына айналған. Корей халқында дастархан – бірлік пен сыйластықтың белгісі. Әсіресе бұл күні үлкендерге тағзым жасап, ізгі тілектер айту ерекше мәнге ие.

Дәстүрлі жаңа жыл мерекесіне орай Юрий Кимнің шаңырағында да мерекелік дастархан жайылды. Үстелде күріштен дайындалған чимпени, чартоги, мэги ча, марковча салаты, тигругми секілді ұлттық тағамдар қойылды. Орыс ұлтының өкілі, жұбайы Рима Иванова корей асханасының дәмін сақтай отырып, тағамдарды ерекше ықыласпен әзірлеген. Буы бұрқыраған «юккедян» сорпасы мен қолдан пісірілген тәттілер қонақтардың көңілінен шықты.

– Әр тағамның өз мәні бар. Бұл – отбасыға деген құрметтің, татулықтың белгісі. Біз өзімізді «халықаралық отбасы» деп әзілдейміз, ұлым қазақтан қыз алып өрісін кеңейтіп отыр, – дейді 45 жыл отасқан жұбайлар.

Бірлік пен сыйластық мерекесі

Сыр елінде қоныстанған корейлердің салт-дәстүрі жергілікті халықпен біте қайнасып, жаңа сипат алғанымен, тарихи тамыры үзілген жоқ. Кең көлемде аталып өткен «Соллаль» мерекесі этностар арасындағы достық пен өзара құрметтің жарқын үлгісі іспеттес.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: