Жексенбі, 24 қараша, 22:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Бөкейхановтағы ескі үйлер: жаңа үйге көшу арман ба?

03.08.2024

269 0

Аула толы күл-қоқыс. Тіпті орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған соң лас суды да аулаға төгеді екен. Қала орталығында қараусыз қалған үй тәрізді жұпыны күйімен көзге шыққан сүйелдей болған көпқабатты тұрғын үйлердің жайы бұл. Дәлірек айтсақ, Әлихан Бөкейханов көшесіндегі екі қабатты үйлер.
Алдаберген Көздібаев пен Саракүл Базарбаева осында 1987 жылы көшіп келген. Содан бері құрқылтайдың ұясындай пәтерде өмір сүріп келеді. Балалары есейіп, үй-жай болған соң ұядай екі бөлмеге сыймай, балаларын бөлек шығарып жіберіпті. Бөлме де әмбебап жағдайға түскен: бірде асүй, бірде жатын, тағы бірде жуынатын бөлмеге айналады. Қала орталығынан ойып тұрып орын алған тұрғын үйдегі жағдай осы.
– Бұрындары аулаға жер үйдегідей әркім өзі суға түсетін «душ» жасап алғанбыз. Әжетханамыз да бөлек болатын. Тіпті аулада сарылдап ағып тұрған су бар еді, оны да «Қызылорда су жүйесінің» мамандары келіп, кеңірдегін қиып кетті. Ал ол судан нәжістің иісі мен дәмі шығады. Оны қайтіп ішеміз?! Сол лас судың өзіне үй басына 20 мың теңгеден сұрады. Сонда біз қайтпекпіз? – дейді С.Базарбаева.
Қабырғасы көгеріп, төбеден жаңбыр суын былай қойғанда, топырақ төгілетін үйдің жай-күйін сыртынан қарап-ақ тануға болады. Айналасындағы арықтың өзі қазір үйден шыққан кір суына толы. Ауладағы жағымсыз иіс қолқаны қабады.

– Бізге бірнеше құрылыс компаниясы келді. Олар­дың ешбірі жұмыс бастаған жоқ. Әу баста үй басына 7 жарым миллион теңгеден беретін болды. Біз оған қуандық. Ол да жақсы. Әйтеуір баспана келсе, болды ғой. Біз пәтерді тастап-ақ кетер едік. Сол сомаға келіспеген бірнеше көрші болды. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» кері болған сыңайлы. Кейін тағы келді, тағы да келістік. Бірақ басталған жұмыс көрмедік, – дейді Алдаберген Көздібаев.
Асқар Тоқтасыбаев та – осы үйдің тұрғыны. Егер де жаңа үйге бастайтын қадам болса, дайын екенін айтты ол.
– Үйдің сыртын көріп тұрсыздар. Іші мұнан да қорқынышты. Жарылып, әр жерден саңылау пайда болған. Егер жаңа тұрғын үй салатын болса, қандай ұсыныс айтса да, келісеміз. Уақытша басқа жақта тұр десе, пәтер жалдап тұруға дайынбыз. Бірақ, ондай ұсыныстар әлі де болса келген жоқ, – дейді.
Таяуда бұрынғы қала әкімі Серік Қожаниязов алты айдағы тірлік пен жеті айда жеткенімізді айтып, жетістіктерімен бөліскен жиын өткізді. Сол басқосуда осы қос қабатты үйлердің мәселесі көтерілді. Сол кездегі қала әкімі Серік Салауатұлы мәселенің шешімі таяу маңда шешілетінін айтқан болатын…
– Ол жерде тұрып жатқандардың көбі – пәтер жалдаушылар. Біз иелерімен сөйлестік. Жаңа тұрғын үй салып жатқанда басқа жерде уақытша тұра тұру керегі айтылды. Әрине, бұл жерде әкімдік тікелей араласа алмайды, тұрғындар мен құрылыс компаниялары арасында келісім болуы керек, – деген еді Серік Қожаниязов.
Әйтсе де, мұнда қыруар жұмыс болатыны анық. Өйткені орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізу керек, ауызсу тарту тәрізді жұмыс аз емес. Оның үстіне, бұл үйлерге «көгілдір отынның» құбыры келіп тұр, өзі жоқ. Құбырын тартып болған соң, үйдің түріне қарап, «мынау бәрібір бұзылады» деп қолын бір сермеп кетсе керек. Бірақ газ құбыры келгеніне де он жылдан асып кетіпті. Үй әлі бұзылған жоқ…
«Мынау – жеңіл жүрісті қыздардың мекені» деді ұрпағының алдында ұятты ысырып қойғандардың көлбеңдеп әрлі-берлі жүргеніне шамданған зейнеткер. «Полицияға қанша хабарлассақ та, мәселе шешімін тапқан жоқ» деді ренжулі кейіппен.
Бұрынғы әкімнің бастамасын бүгінгі әкім жалғастырар ма екен? Әлде бұл жұмыс Қожаниязовтың қолына қысқан «папкада» кетті ме?! Кім білсін, уақыттан асқан төреші жоқ.

Аян СПАНДИЯР,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: