Сәрсенбі, 19 наурыз, 01:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№20,2133
18.03.2025
PDF мұрағаты

Болашақ үшін жасалған қадам

18.03.2025

182 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

«Ұлағат» білім ордасы мектебінде «Пәндік құзыреттілік: білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, тәжірибелер мен нәтижелер» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған облыс мектептерінен жиналған мұғалімдер қатысты. Жиынның мақсаты – білім мен тәжірибенің өзара байланысын үйлестірудің тиімділігін көрсету, тәжірибе алмасу. Ғылыми бағыттағы жалпы білім беретін пәндер бойынша эко-білім беруді дамыту.

Жиынға қатысушылар алдымен мектеп алдын­дағы жылы­жайды тамашалады. «Жасыл Қазақстан» бағдарламасын негізге ала отырып ашылған бұл зертханалық жылыжайда көптеген шөптесін өсімдік егілген екен. Оқушылар мұғалімдермен бірігіп, теориялық білімді практикаға айналдырып отыр.

Болашақ үшін жасалған қадам

– Ғылыми жобаларға негіз болып, оң нәтиже берген бұл жылыжайда оқушылар мұғалімдермен бірге жұмыс істейді. Қыс бойы жылыжайда баптаған гүлдерді мектеп ауласына егеміз. Сонымен бірге қияр, жуа, шалқан сынды көкөністер де өсіреміз. Өнімді асханаға тағам дайындауға беріп, артылса мұғалімдерге төмен бағамен сатамыз. Оқушылар еккен көкөністерді мұғалімдер қуана сатып алады, – дейді биология пәнінің мұғалімі Диляра Әзмахан.

Болашақ үшін жасалған қадам

Жиынға қатысқан қонақтар еркін күрес, теннис, шахмат, көркем гимнастика үйірмелері жұмысымен танысты. Сондай үйірмелердің бірі – ағашқа сурет салу өнері. Тісқаққан ағаш шеберлері жасайтын бұл өнерді мектеп оқушы­лары шеберлікпен орындап жүр. Оның дәлелі 12 мекеме қатысқан облыстық жәрмеңкеде оқушылардың қолынан шыққан бұйымдары қойылған. «Арай ситиде» ұйымдастырылған жәрмеңкеден жиналған қаржы мектеп оқушыларына үлестіріліп берілген. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Берік Серікұлының айтуынша, қазіргі ақпараттық заманда оқушыларды қолөнерге қызықтыру қиынның-қиыны. Көрме мен жәрмеңкелер ұйымдастыру арқылы қазір үйірмеге 10-нан астам оқушы қызыға қатысып жүр екен.

Болашақ үшін жасалған қадам

– Алғашында қолмен жасап бастадық. Арамен кесіп, ағаш бетіне күйдіріп сурет салдық. Ынтасы бар бала аз уақытта үйреніп алады. Көлікке салпыншақ әшекей, қобдиша, жарысқа медаль, есіктің қасбеті тағы да басқа бұйымдар жасаймыз. Әртүрлі сайыстарда алғыс хат алдық, – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Берік Амангелді.

Қазіргі таңда үйірме кабинетінде арнайы лазерлі станок аппарат қойылған. Мектеп құрылтайшысы Қалқазбек Әжібеков­тің қолдауымен алынған станокта түрлі бұйымдарды автоматты түрде жасауға мүмкіндік бар.

– Ұсыныс түскен соң лазерлі аппарат туралы зерт­теуге қызығушылығым оянды. Сатып алған соң станокты интернет желілерінен қарап өзім үйрене бас­тадым. Қазір сурет салу үшін арнайы компьютерлік екі бағдарламаны қолдана­мын. Сызбаларды дайындау басында қиын болғанымен, уақыт өте үйреніп кеттім. Ең бастысы, қауіпсіздік ережелерін сақтау, – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Берік Амангелді.

Болашақ үшін жасалған қадам

Шара барысында жиынға келген ұстаздар білім берудегі өз әдіс тәсілдерімен бөлісті. Биология пәнінің мұғалімі Жұлдыз Бедебекованың айтуынша, елімізде тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі артып келеді. Жыл сайын елімізде 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық пайда болып, оның 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу қаланың өзектi проблемасының бiрi, – дейді ол.

Болашақ үшін жасалған қадам

– Біз қоқысқа лақтыратын заттардың жартысынан жаңа дүние жасауға болады. Жақында өз мектебімізде «Жас эколог» үйірмесінің ұйымдастыруымен «ЭкоАсар» игі істер марафонын жасадық. Марафонға қатысушылар қайта өңделетін қалдықтарды сұрыптап жинады. Арнайы көлік жиналған қалдықтарды алып, қоқысты сұрыптау зауыттарына жеткізетін тасымалдаушыға өткізеді. Оқушылар үйлеріндегі қалдық заттар мен қағаз, бос құтыларды өткізіп, түскен қаражатқа мектеп жанынан құрылған «Жас толқын» мектеп театрына сахналық керекті жабдықтар алыну жоспарланып отыр, – деді биология пәнінің мұғалімі Жұлдыз Ержанқызы.

Болашақ үшін жасалған қадам

Қоршаған ортаны қорғау, оны жақсарту, табиғат байлық­тарын тиімді пайдалану – қазіргі заманғы ең үлкен мәселе. Германия, Жапония, Швейцария тұтыну қалдықтарының 25-30 пайызы қайта өңделіп пайдалануға жіберіледі. Әлемдік жетекші елдердің тәжірибесін қарап отырсақ Швейцария, Сингапур секілді елдер  экологиялық ең таза  мемлекеттер қатарында.

– Қағаз қалдығын жарату – бұл біздің қоршаған ортаға әсер ететін маңызды мәселе. Қағазды қайта өңдеу арқылы біз табиғи ресурстарды сақтаймыз, ластануды азайтамыз және тұрақтылықты қолдаймыз. Бүгіннен бастап қағазды рециклдеуді бастайық және қағаз қалдығын азайтудың маңыздылығы туралы ақпарат таратайық. Келешек ұрпақ үшін таза, жасыл планета құруға үлес қосу керек, – дейді география пәнінің мұғалімі Нұржамал Досымова.

Болашақ үшін жасалған қадам

Думан КЕҢШІЛІК,

Суретке түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ   

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: