Биыл «Болашақ» университетінің негізі қаланғанына – 30 жыл. Осы жылдар ішінде оқу орнынан талай түлек қанат қақты. Әрісі жоғарғы жақта мінберлерде мемлекеттік мәселелерді сөз етіп жүрсе, берісі арамызда жүр. Біз бүгін оқу орнының спортшыларды да тәрбиелеп жатқанын сөз етпекпіз.
Оқу орнының арнайы спорт кешені бар. Мұнда сайдың тасындай сақа шәкірттердің өздерін дамытып, жаттығуына барлық мүмкіндік жасалған. Бар күшіңмен ышқына тепкен добыңның өзі төбедегі қаптамаға жетпейді. Арғы басында жүрген адамға айғайламасаң, дауысыңды да есту қиын. Біз барғанда осы кешеннің ішінде бір топ бала доп қуып жүр. Қимылы ширақ. Кейбірінің бойынан болашақ чемпионды байқағанымыз да жасырын емес. Дене шынықтыру пәнінің оқытушысы Саламат Дәужігітов шәкірттеріне төрелік етіп, олардың бейімін арттырып жүр екен.
– Шәкірттеріміздің спортқа ықыласы ерекше. Өздерінің бейімін байқап, спорт түрлеріне бөліп, кеңес береміз. Қазір шүкір, бірқатар чемпиондарымыз оқу орнының ғана емес, тұтас аймақтың даңқын асырып жүр. Әлем, Азия чемпионаттарында қоржынға олжа салғандары да көп. Әрине, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Топ жарған таланттарымыздың деңгейіне байланысты оқу орны да олардың оқу ақысына едәуір жеңілдіктер жасайды. Бұл балалардың ынтасын арттырады, – дейді Саламат Дәужігітов.
Университеттің жаратылыстану және спорт кафедрасында Саламат тәрізді 12 оқытушы балаларға сабақ беріп жүр. Олардың ішінде 6 оқытушы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы болса, үшеуі – магистр, тағы үшеуі – аға оқытушы. Олардың берген бағыт-бағдарын алып, 800-ге жуық студент тәрбиеленіп келеді. Солардың бірі – Наргиз Уаисова. Ол 13 жылдан бері спорттың дзюдо түрімен шұғылданады. Қазіргі таңда спорт шебері деңгейіне жетті. Біз барғанда жолдан кеп жатқан спортшы Ақтөбедегі байрақты бәсекеде жеңімпаз атанып, аймақтың абыройын асырып келген беті екен.
– Ақтөбе қаласында Марат Оспановты еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарып, І орынды қанжығама байлап келіп отырмын. Әрине, қай сайысқа барсаң да тек жеке басыңды ойламайсың. Артыңда сенімі мен үмітін артып елің тұр. Өзім спортқа келгеніме өкінбеймін. Қайта қуаныштымын. Өзімді спорттан таптым. Тағы бір айта кетерлігі, спортқа адам құр қол келмейді. Оның кеудесінде асқақ арман болады. Мысалы, менің арманым, әрі алға қойған мақсатым – Олимпиадаға бару. Қазір осы бағытта тынымсыз дайындалудамын, – дейді спортшы Наргиз.
Иә, қазақтың қаракөз қызы Әлем чемпионатында да, Азия чемпионатында да бақ сынап, чемпион атанған. Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Оның осындай жетістіктері мен оқу орнының мақтанышына айналғаны үшін университет оның оқу ақысына 15 пайыз жеңілдік берген.
«Мен жарыста жеңіске жеткенде туған елдің алдындағы перзенттік парызым деген түсінік тұрады», – деді әңгіме арасында оқу орнының тағы бір чемпион студенті Нұрислам Орынбасар. Ол көптен бері гір көтеру спортымен шұғылданады. Шымыр жастың шыңға бастаған әрбір арманы жеңіс жолына бағыттауда. Нұрисламның қоржынында Әлем чемпионатында алған екі бірдей қола медалі және бірқатар жоғары деңгейлі турнирлердегі жеңісі бар. Бішкекте өткен Азия чемпионатында ІІ орынды еншілеген ол күміс медалға қол жеткізді. Астана қаласында өткен Қазақстан чемпионатының жеңімпазы.
– Алдағы мамыр айында Қытайда өтетін Әлем чемпионатына дайындалып жүрмін. Бұйыртса, ол жерде де қазақтың қазақтығын, азаттығын танытып, кешегі жаужүрек бабалардың бүгінгі ұрпағы да білек пен біліктің күшін сарапқа салатынын көрсеткім келеді. Спортшы мықты, табанды, шыдамды болу керек. Қаншалықты тер төксең, соншалықты жетістікке жетесің. Оқу орныма да айтар алғысым зор. Қазіргі таңда университет маған оқу ақысын төлеуге 50 пайыз жеңілдік сыйлады. Бұл – мен сияқты бүгінгі жастар үшін үлкен қолдау, – дейді Нұрислам.
Оқу орнында жауырыны жерге тимеген Руслан Теміржандай палуан бар. Ол он төрт жылдан бері қазақ күресімен айналысады. Қақпақ жауырын, апайтөс Қажымұқандардың жалғасы. Сәт сайын жетістік желкенін керіп, алға басқан әр қадамын тұғырға бағыттап келеді. Сайын дала төсінде құлагерге мініп, көсіле шапқан қазақтай дана халықтың ұлттық спортын төрге шығарып, жанына жақын тұтқан жас талант оқу орнының 3-курсында оқып жүр.
– Мен – Қазақстанның бес дүркін чемпионымын. Жақында ғана өткен «Дала қырандары» атты тартысты өткен доданың жеңімпазымын. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атағым бар. Әрине, мұның бәріне оңай қол жеткізбедім. Әрбірінде төгілген маңдай тер бар. Спортшы үшін ерік-жігер деген ұғым бірінші тұруы керек. Мына мақсатқа жетемін деген межең болса, оған жету жолында кез-келген қиындықтан қорықпай өткенің ләзім. Өзіңе-өзіңнің сөзің өтіп, жалқаулығыңды жеңе алсаң, чемпион болуға тер төге аласың. Сауырға қамшы басып алға шығуың үшін шыдамдылық пен төзімділік керек, – дейді Руслан Теміржан.
Төрткүл дүниенің таңдайын қақтырып, әлем төрінде қазақтың даңқын асырып жүрген алыптардың ізбасарлары осылай тәрбиеленуде. Бүгінде «Болашақ» университеті олардың әрбіріне қолдау көрсетіп, чемпиондардың қалыптасуына мән беріп келеді.
Сырттай қарап көз сүйсінген көрініске бәрекелді дестік. Бірі-бірінен өткен сайыпқырандар әрбірі өз бағыты бойынша дайындық қамына кірісіп кеткен.
Аян СПАНДИЯР,
Суретке түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!