Жексенбі, 22 желтоқсан, 09:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Болат Нұрхожаев, қоғам белсендісі: Қызылорданы 5-6 жылда жасыл қала етуге болады

09.04.2024

738 0

Сурет: Н.Нұржаубай

Қалада көктемгі көшет егу науқаны басталды. Өткен аптада осындай шараның бірі №10 Ы.Алтынсарин атындағы мектеп лицейінің ауласында ұйымдастырылды. Онда шаһардың шырайын келтіру мақсатында көгалдандыруға өз үлесін қосып жүрген қоғам белсендісі Болат Нұрхожаев мектеп оқушыларымен бірге көшет отырғызды.

Мектеп айналасына егілген көшет түрлерін Б.Нұрхожаев өз саяжайынан әкеліпті. Сондай-ақ бұл шарада ол көшет отырғызып қана қоймай, оқушылардың сұрағына жауап беріп, ашық пікір алмасты.

– Қызылорда қаласына 2005 жылы көшіп келдім. 1980 жылдары қала жап-жасыл еді, кейіннен жасыл желегі азая бастады. Әйткенмен 2009 жылы Ипподром тұрғын ауданына көршілермен бірге құбырмен аяқсу жүйесін жүргізіп көгалдандыра бастадық.

Байқағаным, көшеде бір адам тал ексе, қалғандарына үлгі болады. Қазір бұрынғы Ипподромдағы Қорасан ата көшесі – қаланың жасыл көшелерінің бірі. Одан кейін СПМК тұрғын ауданындағы Ақирек көшесіне де құбыр тартып, суару жүйесін жасадық. Яғни әр талдың жанына ұяшық жасап, сол арқылы аяқсу толық баратындай етіп, құбыр тартып, суару әдісін қолдандық. Бағасы, сапасы жағынан бұл өте тиімді. Осы әдісті біз қаланың бірнеше жерінде пайдаланып келеміз. Сонымен қатар Б.Баймаханов көшесі де жылдан-жылға көркейіп келеді, – дейді қоғам белсендісі.

Қалаға қандай ағаш еккен дұрыс?

Оқушылар тарапынан «Қызылордаға қандай ағаш төзімді?» деген сұрақтар да қойылды.

– Облысымыздың орталық мешіті ауласын да құбыр тарту  арқылы суару жүйесін жасап, Бейбарыс Сұлтан көшесінің талдарын суару жүйесін қалпына келтіріп, молайтып келе жатқанымызға да 6-7 жыл болып қалды. Қызылорданың талдарын күтудің өз ерекшелігі бар. Көршілес Ақтөбе мен Түркістан, Қарағанды облыстарында талды 3-4 жылдан кейін суармаса болады. Ал бізде 30-40 жылдық талдардың өзіне суару жүйесі болмаса аптап ыстықта қурай бастайды. Сондықтан бізде көбіне жерсінген, шөлге төзімді қарағаш, клен, ясинь, жиде, тораңғыл талдарын еккен дұрыс. Терек, сыр талы ағаштары тез өсетін, шыбықтан да көбейе беретін ағаштар болғанымен шөлге төзімсіз, тез сынғыш, күтімді көп қажет етеді.

Қызылорда да талдарды келтек етіп кесу үрдіс болып кетті. Оны қателесіп, «жасарту» деп жүргендер бар. Анығында, «топингтеу» тәсілі алғашында АҚШ-та корзина тоқу үшін жас шыбық дайындауға қолданып, кейін оны жабайылық деп бас тартқан. Ол тек талдардың мүгедектігі сияқты эстетикасынан ғана емес, қиқы-жиқы өскен бұтақтар сынып, оларды жылда кесіп тұру бюджетке шығын болғаннан тыйым салынған. Қазір біздің облыста да осы мәселе кездесуде. Мысалы, Ықсанов атындағы колледж алдындағы ағаштар 7 жылда үшінші рет кесіліп отыр, сөйтіп, біз ол бақтағы талдарды, жалпы облыстың көп аудандарын да бүлдірдік. Бұлай «жасартуға» тыйым салынуы тиіс.

Былтыр Арал қаласында өзіміз оқыған №83 мектептің ауласына құбырмен суару жүйесін жасап, шілдеде тал ектік. Жаз болса да тал егуді қолға алдық. Сенесіздер ме, бәрі жайқалып тұр, тіпті тұқымнан да көшеттер шығып жатыр. Бұл жұмысты бізден кейінгі түлектер де жалғастыратын болды. Мектеп ауласында біз 8-сынып оқып жүргенде еккен  талдардың биіктігі қазір 4-ші қабатқа жеткен, көлеңке болып әлі тұр.

Тағы да айтайын, қаланы көгалдандыру тек мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның міндеті болуы тиіс. Егер бәріміз жұмыла кіріссек, Қызылорданы 5-6 жылда жасыл қала етуге әбден болады. Талды мүмкіндік бар жерге еге беру керек. «Қызылордада тал шықпайды» деген жалған ақпарат, оған өзім келіспеймін. Бір талға аптасына екі рет екі шелек суды кез келген адам табады. Тек ерінбеу керек, – деп мектеп оқушыларын еңбек етуге, көшет егуге шақырды.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: