Аймақта екі қолға бір күрек таппай жүрген 7695 азамат бар. Оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 24 жұмыс беруші қатысып, 236-дан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған.
Нұрбол Бахрадинов – 32 жаста. Ол құрылысшы мамандығын бітірген. Десек те тұрақты жұмысқа орналаса алмай жүр. Бүгінге дейін әр түрлі мекемелерде еңбек еткен ол қысқартуға ұшырапты. Жәрмеңкеге өзіне жұмыс табамын деген үмітпен келді.
– Жалдамалы пәтерде тұрамын. Қазір күндік жұмыспен амалдап жүрмін. Қандай жұмыс болса да арланбай іске кірісіп келемін. Өйткені нан табу керек. Отбасым бар, аузыма қарап отырған бала-шағам бар. Енді тұрақты жұмыс тапқым келеді, – дейді ол.
Нұрбол мамандығы бойынша бірнеше жерге түйіндеме де апарған. Бірақ ешбірінен хабар жоқ. Әзірге жеке көлігімен жолаушы тасымалдауда. Қоғамда ол тәрізді жүздеген, тіпті мыңдаған адам бар. Ал тұрақты жұмыс барлығына бірдей бұйыра бермейді. Осыған дейін «Мансап» орталығы ұйымдастырған үш жәрмеңкеде 637 адам жұмыс тапқан. Айта кетейік, бүгінде елде жүргізуші, электрик, сантехник, дәнекерлеуші, инженер-құрылысшы, аспаз тәрізді жұмысшы мамандықтар тапшы көрінеді.
Камила САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің ІІІ курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!