1947 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданына қарасты киелі Қараөзек жерінде өмір есігін ашқан ардақты азамат, ақын, ұлағатты ұстаз, аяулы әке, асыл жар Бозымбай Қоқыбасов Қараөзек ауылындағы №39 «Қызылөзек» орта мектебінде Сақыбек Алданазаров, Әуесхан Әбішаев, Аймахан Жүсіпов, Қайырбек Дүйсебаев, Дүрман Кенжеғұлов, Үміткүл Балтабаева, Бодық Үсенов сияқты белгілі ұстаздардан дәріс алды. Қаладағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетінде білім алып, тәмамдағаннан кейін өзі оқыған «Қызылөзек» мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарды. Кейін осы мектептің директоры болып, ауылдағы, мектептегі түрлі мәдени іс-шараларды басқарып, үлгілі істердің басы-қасында жүрді. Ол кезінде ақын Асқар Тоқмағамбетов, белгілі журналист, ақын Қази Данабаевпен шығармашылық байланыста болған қаламгер еді. Өлеңдері сол кездегі облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрді.
Болмысы бөлек Бозымбай 2005 жылы өмірден өтті. Артына өнегелі ұрпақ пен өміршең өлең қалдырды. Ақындық пен ұстаздықты ұштастыра білген оның ғұмыры қамшының сабындай тым қысқа болды. Енді өлең жолдарына кезек берелік.
Қазыбек Әшірбекұлы
Қазақстан Журналистер одағы мен Жазулар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақшылары «Найзагер» қауымдастығының мүшесі
Сыр мінезді Сәбира
(С.Майқанованың 90 жылдығына)
Қазақтың күрескері, білекті елі,
Сырындай ағысты екен жүректері.
Самғайды шартарапқа қанат қағып,
Сарыауыз, балапандар, түлектері.
Бұлтты күн жорғалайды ұрланып ай,
Иірім күй шертеді ырғалып-ай.
Жігіті пәк келеді ақ қайыңдай,
Аруы мың бұралған Сыр талындай.
Мінез бар алай-түлей желдетеді,
Артынша жайма-шуақ тез келеді.
Құйыны ұшқындатып көкке жетсе,
Ақ жауын төпелетіп селдетеді.
Еңбекшілер ер мекені, ел мекені,
Еңбекпенен боз баласы ер жетеді.
Ән болған Сыр сұлуы көркем қыздар,
Сүйріктей сүйкімді боп бой жетеді.
Бойтұмар, бар ғашық ән тербетеді,
Сырымның бір өзіңде келбеті енді
Тоқсаның Сәбира апа құтты болсын,
Төріме, құс мамыққа төрлет енді.
2003 жыл.
Бір сезім
Билеп алды әсем сұлу сыйластық,
Сәлем түзу, байқалмайды қиғаштық.
Бата алмаймыз сыр ақтарып айтуға,
Іштей ғана сезіледі қимастық.
Өлең, шіркін, жан-саямды ақтарды,
Қарсы алар күн болар ма екен ақ танды?
Сен бір Гәкку, әнші болып шырқайын,
Ал ақыным, домбыраңды тарт кәні.
Сол бір кеште билегенді ұнаттым,
Үтірі кім, нүктесі кім, сұрақ кім?
Ерке лағын құралайдың ұстауға,
Сен байқамай, мен байқадым құмарттым.
Домбырадан бекерге әуен шықпайды,
Тоғыз перне, екі шегім нықтайды.
Қарашығым бір қадалса бұқпайды,
Мөлдір көзің кірпігімді құптайды.
Көктем
Көктем келді жондарыма құлпырып,
Көктем сені қарсы аламын пір тұтып.
Жер түрленді түкті кілем түсіндей,
Тамшы болып төгіледі нұрлы шық.
Сәуір мынау сәулеленген күн шығып,
Әнге тербер, кең далама гүл шығып.
Абыр-сабыр ұйқысынан оянып,
Ойнатады жан ләззатын тіршілік.
Бүршік жарды Сыр бойында талды аймақ,
Қыз-көктемде кім бәйгеден құр қалмақ.
Асығады көмбе тұрған кермеге,
Арысқұмда сыр шашады қызғалдақ.
Шәмші аға
Тыңдадық әнді қаншама,
Еліктеп кетіп тамсана.
Бес жыл да өтті арада,
Сағындық сені, Шәмші аға!
Ананың жүзін көремін,
Мен қазақ тұтас ел едім.
«Сыр сұлу» жайнап тұр анау,
«Қайықта» жайлап келемін.
Толқыны Каспий ұрады,
Нұр шашып күнім тұрады.
Аңсадық сені, ағажан,
Бүйрегім сізге бұрады.
Көңілге қуаныш толса да,
Бақтарым болды жан сая.
Мәңгіге кетті әндерің,
Бірге бол бізбен, Шәмші аға!
Көктем – қыз, күз – жігіт
Жыл мезгілі жарасады алмасып,
Бәйге болса, ей, жігітім, алға шық.
Көкпар кетті «Құлагердің» ерінде,
Неғып тұрсың алжасып…
Қалмайсың ба осы кезде қарманып,
Қалдың ба әлде қызды көріп алданып.
Аттың басын жібер енді, тұрма тек,
Бір ғашығың кез болды ма, болды анық.
Мына сөздер көпшіліктің ойы ма?
Жылт етті де сезім шіркін ойына.
Бір тебініп, сілтеп қалды қамшыны,
Жігіт тартты Сабан тойдың тойына.
Боз қырау боп бусанады бұлау жер,
Елеріп тұр көкпар алған Құлагер.
Ерлігіне мына қыздың тәнті боп,
Қол шапаттап, бас иеді, құлады ел.
Өмір тартыс дәл осылай өтеді,
Бір қиырдан бір қиырға жетеді.
Бір жігіт, бір қыз боп тұра алмай,
Бірі ата боп, бірі әже боп кетеді.
Сараланды сары алтындай жапырақ,
Құт мереке түрленіп тұр атырап.
Қызыл дәннен тау тұрғызған диқандар,
Қайыспайтын қайсар жандар, батыр-ақ.
Көктем айын теңейік біз қыздарға,
Теңемеске дайын бізде сөз бар ма!?
Ал Күз айы жігіттікті танытқан
Ұқсамай ма ұланымыз ұлдарға!
Достарды сағыну
Қандай қымбат достық пенен балалық,
Тұсау кескен есте әлі ала жіп.
Міне, есейдік, көркем жігіт, әсем қыз,
Артқа да бір, ойланып бір қаралық.
Кластастар, қайдасыңдар келіңдер,
Келіңдер де, той-тамаша көріңдер.
Сағындырған, сағым қуған күндерді,
Ән-жырменен көмкеріңдер, төгіңдер.
Он жыл болды ұямыздан ұшқалы,
Сіздер берген ақыл-кеңес ұшталды.
Дидарласып, сәлем беріп келдік біз,
Ал қызыл гүл құшағына құшқаны.
Адамдар да болады екен іркіліс,
Адамдарда болады екен сілкініс.
Жеткізбейді өмір шіркін, шолақ тым,
Ой толқытар батыс пенен күн шығыс.
Бір Алланың болады екен алды нық,
Біреулерді жаратады малды ғып.
Арамызда бос тұр, міне, орыны,
Асылбек пен қайда кетті Қалдыбек?
Айтар сөзім шықпай тұр-ау көрікті,
Демеңіздер ой-сезімін ерітті.
Әскербек пен Ертуғандар алыстан,
Көмескі айна көрсетеді Серікті.
Басқа сөзді сипамадым, қоспадым,
Тыңдамадың, шырқалды ма басқа әнім.
Жүрсіңдер ме ойнап-күліп жаннәтта,
Бағыштадым құран сөзін достарым.
Жаңа ғасырға жаңа тілек
Шын көңіл ақ жүрекке ерік бердім,
Мен бүгін болашаққа сеніп келдім.
Жаңа жыл, жаңа ғасыр құтты болсын,
Көк тулы, көк күмбезді көрікті елім.
Бұл ғасыр берері мол қадамы нық,
Еркелеп ағып жатсын таза бұлақ.
Өткенге өкінбейік, тарих шындық,
Мән-жайды білсең болды таразылап.
Жыл жетіп, жыл артынан көсіледі,
Тек жүрсең теріп жейсің несібеңді.
Аман боп ұрпағымыз гүлдей жайнап,
Тербелсін бүлдіршіндер бесігі енді.
Еркіндік, еңсем биік дараландым,
Тұяғын тұлпарлардың тағаладым.
Биік шың, теңіз, дала ұрпағымыз,
Батасы қабыл болсын бабалардың.
Бесік жыры
Өмір қандай келешекпен бақытты,
Байқамаймыз сырғып өткен уақытты.
Бесігімде тербетілген болашақ,
Шақырады ұлы думан шаттықты.
Ұлы адамдар шыққан осы бесіктен,
Ана әлдиін жылағанда есіткен.
Түбек, шүмек, ақ мамығы, көпшігі,
Үкілеген ақ бесігін көріп пе ең?
Бесік жыры тербеле бер әндеткен,
О, бөпешім, кезермеші шөлдеп сен.
Анаң отыр ақ сүт беріп аймалап,
Аман болшы арам ойлы тіл-көзден
Абайды сағыну
Сөздерің естілгендей жаңа ғана,
Жаңғырық таралған-ау далама да.
Жүздесіп өзіңменен тарқап едік,
Қайдасың, қайда кеттің Абай аға.
Аралап елді мына қалаға да,
Барасың ұқсап биік самалаға,
Жырлаған жыл мезгілін өзгеріп тұр,
Қайдасың, қайда кеттің, Абай аға.
Сағындық қам көңілді жаралама,
Ұмтылып талпынамыз саналы алға.
Соқтықпалы, соқпақты жеріміз бар,
Қайдасың, қайда кеттің, Абай аға.
Қысып тұр халқымызды нарық баға,
Өзің шеш таразыла, анықта да.
Саламыз әндеріңді, күйлеріңді,
Қайдасың, қайда кеттің, Абай аға.
Қарашы, егеменді халқыңа да,
Мыңы жез, бір өзіңсің алтыны, Аға!
Бер батаңды ұрпағың сұрап отыр,
Баяғы шапан киген қалпым, Аға!
Туған жер
Ақжарқын, абыройлы, саналы кім?
Жаралы кірбің қабақ қаралы кім?
Бәрінің тауқыметін біліп жатсың,
Жансаям, туған жерім Жаңарығым.
Өмірдің арқау еттің тазалығын,
Бал дәурен көз алдымда балалығым.
Тілім мен ділім қайта жаңғырған соң,
Мешіттен қарсы аламын азан үнін.
Көрсетпе адамдардың алалығын,
Түлеген елді мекен, қала бүгін.
Төсіңді қайта идірші қасиетті,
Ақ маңдай, көк күмбезді Жаңарығым.
Қанаты талмай ұшсын қырандардың,
Сейілсін өткен заман тұмандарың.
Тік ұстап көк туымды желбіретер,
Ер жетсін балғын сәби ұландарың.
Әке
О, әке, бүгінде тағатым жоқ,
Жоқсың сен,
Мен қалдым қанатың боп.
Кімге барам, мұңымды
Кімге шағам,
Ұзақ жол жеткізбейді
Баратын көп.
Кейде асыр салар, толады ішім,
Қайта кеп тұғырыңа қонармысың.
Селдіреп ақ сақалың ғайып болды.
Рухың тірі әлі соғармысың.
Тамшы боп шатырыма тамасың ба?
Таңсәрі тереземді қағасың ба?
Маңдайың бейнет көрген қыртыстанып,
Ұрпақты жетеледің әр асуға.
Білемін өн бойымда арман барын,
Арзан сөз, шен-шекпенге малданбадым.
Немере-шөпшектерің құран оқып,
Жайқалып өсіп келеді ормандарың.
Бозымбай Қоқыбасов
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!