Алты Алашқа алғаш Астана атымен танылған Сыр елінің бас қаласы Қызылорда бүгінде Қазақстандағы өркениеті өрісті, сәулеті келісті, еңбегі жемісті, әлеуеті артқан, дәулеті тасыған, ежелгі қолтаңбасымен тарих мінберінде даңқы шыққан келбетті шаһарға айналды. Екі ғасырдан астам тарихы бар қаланың бүгінінен ертеңі нұрлы, болашағы жарқын, арманы асқақ құтты мекенге айналып, гүлденуі мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып жатқан байыпты жобалардың нәтижесі дер едім. Сонымен қатар туған жерін көркейтуге аянбай тер төккен жергілікті кәсіпкерлердің де белді бастамаларымен жеке қаржылары есебінен әлеуметтік, мәдени, рухани нысандар бой көтеріп, ел игілігіне берілуі ұлтжандылық пен патриоттықтың көрінісі.
Жуырда ғана қаланың сол жағалауынан 11 мың көрерменге арналған жаңа стадионның ашылуы керемет жаңалық болды. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен халықаралық талапқа сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандартқа сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан.
Өңірдегі ауқымды жобаның бірі – музейдің ашылуы Сыр елінің рухани дамуы мен мәдениет саласындағы маңызды жаңалық.
Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимаратқа көшуі де өнер саласындағы керемет жаңалық. Өнер ордасы Сыр өңірінің мәдени келбетін айшықтайтын, талантты жастардың шығармашылығын шыңдайтын қасиетті орын. Бұл игі іс Мемлекет басшысының «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасына үн қосқан кәсіпкерлер мен меценаттардың қолдауы арқасында жүзеге асты.
Сыр елінде жасалған әрбір іс, жоба – жай ғана қолдау емес, ұлттың ұлы мұратына деген ұқыпты қамқорлық пен саналы қызметтің көрінісі. Сүйікті қаламызда дарынды балалар мен жасөспірімдердің шабытына қанат бітіретін, арманын ұштайтын ерекше білім ордасы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының ашылуы – келешекке жол ашар, өскелең ұрпақтың рухын түлететін мәні терең, маңызы зор бастама.
Аймағымыздағы бой көтерген жаңа нысандар тек ғимараттардың салынуы ғана емес, сонымен қатар жастарға жаңа мүмкіндік ашу, оларды болашаққа дайындаудың негізі болып табылады.
Жақын арада өңір экономикасына серпін беретін «Қызылорда-Нан» кешені ашылды. Араға отыз жыл салып, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, 5,6 миллиард теңге қаржы жұмсалған бұл кешен – тек өндірістік ғана емес, әлеуметтік және ұлттық маңызға ие ірі нысан. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етуде, алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 170-ке дейін көбеймек.
Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қайтарылғанына 100 жыл толу мерейтойы аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында 320 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Кейінгі жылдары ерекше қарқынмен дамыған сол жағалау сәулетті тұрғын үйлермен толыға түсті. Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен облысымызда 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 25 мыңға жуық тұрғын қоныстойын тойлағаны қандай керемет. Адамға ең керегі – жайлы баспана. Бұл тұрғыдан келгенде қызылордалықтарға үздіксіз беріліп жатқан тұрғын үйлердің сапасы да, сәулеті де ерекше. Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда 5 600 пәтер жерлестеріміздің игілігіне берілген. Өткен жылдан бастап қаламызда заманауи жаңа дизайнмен 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл туған қаланың сәулетін айшықтап, өркениетті шаһарға айналуға нық қадам деп ойлаймын.
Айта кетейік, аймақта соңғы үш жылда 55 млрд теңгеден астам сомаға демеушілік жобалар жүзеге асырылды.
Мұндай кешенді жобалар – жүйелі жоспарлау мен жүректен туған жанашырлықтың нәтижесі. Бүгінгі атқарылған істер – тек бүгіннің жетістігі емес, ертеңгі тарихтың алтын беттері. Қоғамдық ресурсты бір арнаға тоғыстыра отырып, ел игілігіне бағыттау – дамудың дара жолы екені анық.
Мархабат Жайымбетов,
Мәжіліс депутаты
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!