Қызылордалық Дінмұхамедті бүгінгі күн батыры десек те артық емес. Ұшақ бортында жолаушыны аман алып қалған жігіттің жерлесіміз екенін білгенде марқайып қалдық.
«Qazaq Air» әуе компаниясының Қызылордадан Астанаға бағыт алған ұшақта жолаушы өзін жайсыз сезініп, тыныс алуы қиындай түскен. Оған сол сәтте жолаушы жас жігіт дереу көмекке келіп, шұғыл әрекет еткен. Науқастың жағдайын біліп, қан қысымын тексерген. Жүрегіне жасанды массаж жасап, ұшақ қонғанша оны аман алып қалуға тырысқан.
Жолаушылардың арасынан суырылып шығып, алғашқы көмек көрсеткен студент Дінмұхамед Бектұрған Қызылорда қаласындағы қарапайым мектептің түлегі екен. ҰБТ-дан 117 балл алса да, жалпы медицина мамандығы бойынша грантқа түсе алмай қалған. Дінмұхамед сонда да өз арманынан бас тартпай, Астана медицина университетінің ақылы бөліміне оқуға түскен. Ал бір семестрден кейін өз білімін көрсетіп, грант бөліміне ауысқан. Қазір 7 курста оқиды. Үш тілде еркін сөйлейді. Антына адал болашақ маманның бүгінгі әрекеті көпке үлгі.
Болашақ дәрігерге адам өмірін сақтап қалғаны үшін денсаулық сақтау министрінің атынан Құрмет грамотасы табыс етілді.
Жерлесіміз Дінмұхаммедтің жас болса да, шұғыл әрі батыл, сауатты әрекет жасағанына аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өз ризашылығын білдіріп, ата-анасы Нұрболат пен Ғалия Нұрсейітовтерді қабылдады. Баласына жақсы тәлім-тәрбие бергені үшін ата-анасына алғысын жеткізді.
Интерн маман оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлаған. Аймақ басшысы елдің атынан алғыс ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін айтты.
– Дінмұхамед медициналық көмекке мұқтаж азаматқа дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Оның уақыт оздырмай қабылдаған шешімі, сауатты іс-қимылы өзі сияқты медицина мамандығында білім алатын жастарға үлгі-өнеге болды. Бұл арқылы Дінмұхамед өз мамандығын жақсы меңгергенін ғана емес, ата-анасынан, ұстаздарынан, аға буын әріптестерінен тағылымды тәрбие алғанын көрсетті. Дінмұхамед секілді жас мамандар – еліміздің болашағы. Біз осындай азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, ерлік ісін өскелең ұрпаққа үлгі етіп насихаттауымыз қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мемлекетіміздің келешегі – жастардың қолында. Ол жай ұран емес. Бұл – біздің басты саясатымыз. Сондықтан келешекте де біз жастарды қолдаймыз. Оларға жәрдем береміз. Әсіресе, дарынды жастарды тұрақты түрде қолдауымыз керек» деген еді.
Білімді, білікті, адал, туған елінің патриот жастарын қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала береді. Президентіміз тек жастардың ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың, қарапайым еңбек адамдарының өнегелі істерін әрдайым көпке үлгі етіп айтып келеді. Өз мамандығын жетік білуге талпынған, үздік оқитын, патриот азаматты тәрбиелеп өсірген сіздерге және ұстаздарға барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан зор ризашылығымды білдіремін, – деді Н.Нәлібаев.
Дінмұхаммед Бектұрған Астана медицина университетінің 7-курс студенті. Қазір интернатурада білім алуда.
«Көмегім қажет болған кезде мен шетте қала алмадым. Бұл жағдай мен үшін маңызды тәжірибе болды және университетте алған білім мен дайындықтың шынайы өмірде маңызды екені дәлелденді», – дейді Дінмұхаммед.
Төтенше жағдай кезінде білімі мен біліктілігін көрсеткен студентке жұртшылық ризашылығын білдіруде. Білімді жастан білікті маман шығатыны осының айғағы.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!