Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған әрбір игі іс қоғамның дамуына қосылған өлшеусіз үлес екені анық. Осы бағытта Қызылорда қаласында бала тәрбиесіне, олардың ой–өрісін дамыту мен әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Соның жарқын дәлелі – Сырдарияның сол жағалауында 325 орындық «Medina Kids Academy» жеке бөбекжай балабақшасы салтанатты түрде ашылуы өтті.
Жаңа балабақшаның ашылу рәсіміне қала тұрғындары, ардагерлер, қоғам белсенділері мен ата-аналар қатысып, бүлдіршіндерге арналған қуанышқа ортақтасып, жылы лебіздерін білдірді.
Өз кезегінде қала әкімі Нұржан Ахатов жаңа балабақшаның ашылуымен құттықтады.
– Бүгін ерекше күн. Өйткені барша қалалықтар сүйікті қаламыздың құрметіне арналған «Қала күні» мерекесін атап өтуде. Осы айтулы мереке қарсаңында кішкентай тұрғындарымызға тамаша тарту ретінде 325 орындық «Medina Kids Academy» жеке бөбекжай балабақшасын пайдалануға беріп отырмыз. Осындай ертегі әлеміндей әсем ғимаратты салып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған кәсіп иесіне алғысымды білдіремін. Балаларымыздың шат күлкісі мен бақытты өмір сүруі – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сыр елінің бас шаһары тек экономикалық тұрғыдан емес, тұрғындардың сапалы өмір сүруіне әлеуметтік тұрғыдан жағдай жасалған, болашаққа бағытталған қала, – деді қала әкімі.
Жаңа бөбекжайдың ашылуы – өңірде білім беру мен әлеуметтік саланы дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды істердің бір көрінісі. Бұл нысан бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін заманауи білім ордасы болмақ. Айта кетейік, соңғы жылдары Қызылорда қаласында ел Президентінің бастамалары мен Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруімен әлеуметтік салада көптеген тың жоба жүзеге асып келеді. Әсіресе білім беру бағытында қолға алынған ілкімді істер көп. Мәселен, бас шаһарда 350 орындық «Оқушылар сарайы» пайдалануға берілсе, физика-математика бағытындағы мектеп-интернат алғашқы оқушыларын қабылдады. Сондай-ақ «Инновациялық шығармашылық орталығы», «Үстел теннисі орталығы» және 650 орындық жаңа музыкалық колледж өңірдің білім мен өнер саласындағы ілгері қадамдарының айғағына айналмақ
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы бүгінде ұлттық деңгейдегі маңызды бағдарлама ретінде жүзеге асуда. Осы жоба аясында облыс орталығында заманауи үлгіде төрт жаңа мектеп салынды. Ал жақын күндері тағы бір білім ұясы ел игілігіне табысталмақ.
Айдана БАХТИЯР

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!