Бұдан тура 35 жыл бұрын 1990 жылдың қазан айының 25-і Қазақ ССР-і Жоғары Кеңесі президумының Жарлығымен Республика күні болып бекітілді.
Бір жылдан кейін (1991 ж) Қазақстан Республикасының Парламенті еліміздің тәуелсіздік декларациясын жариялады. Яғни республика күнін жариялаудан бастау алып, қазақ халқы Тәуелсіздікке қол жеткізіп, батыл қадам жасады.
Сәл шегініс жасауға тура келеді. Тәуелсіздіктің бастауында болған есте қалған оқиғаларды айтып отыруды өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін.
1990 жылы аупартком хатшылығы қызметінде жүріп, Сыр бойының зиялы да, зерделі азаматтарының бірі Сұлтан Шаханұлы Амановтың қайтыс болғанына байланысты делегация құрамында болып, Алматыға барғанымыз есіме түсіп отыр. Ендігі кезек бұрынғы Қызылорда облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болған, батыл ойлы, өткір тілді шешен азамат Қаржаубек Жарқынбековтың жерлеу рәсіміне қатысу үшін Шымкент қаласына жолға шықтық. Облыс делегациясын басқарып келе жатқан азамат, облыстың кеңес төрағасы (бұл кезде мемлекеттік құрылымда кеңестердің ролінің күшейіп, заңды өз орнында отырған кезі, екінші лауазым иесі) Қорғанбек Хайруллаев, оның құрамында Социалистік Еңбек Ері, Шиелі аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы О.Бәйімбетов, облыстық «Ленин жолы» газетінің бұрынғы редакторы Қалқабай Әбенов, Шиелі, Жаңақорған аудандарының аупарткомының бұрынғы бірінші хатшысы, облыстық совет атқару комитетінің бірінші орынбасары болған, қадірлі ағамыз Ғафур Мұхамеджанов және мен, Шиелінің Ленин атындағы колхоздың төрағасы болып жолға шықтық.
Арнайы екі машинамен Шымкент бағытына шығып келеміз. Бұл күн әрбір қазақтың тарихында есте қалатын күн. Әр машинадағы радиоқабылдағыш іске қосылған. Себебі, бүгін Республика Парламентінде Ел Президенті халқымыздың тәуелсіздігін бүкіл дүниежүзіне жариялайтын сәт туған күн. Сол уақыт кезеңін күтіп, жол үстінде келеміз. Тарихи Сауран қаласынан өте бере, қасиетті Түркістан жеріне табанымыз тие бүкіл дүниежүзі атырабына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялаған Декларация қабылданды. Бәріміз де орнымыздан тұрып, сәл үнсіздіктен соң, бір-бірімізді құттықтап, қазақтың қасиетті ордасының топырағында тұрып, бұл ұлы сөзді тәуелсіздікті естігенімізге қуаныштымыз. Құдай ұзағынан берсін деп тіледік.
Енді біздің алдымызда аса күрделі мәселелерді шешу міндеті тұрды. Ол – «Ұлттық идеологиясыз ұлт та, тәрбие, тәртіп те болмайды» деген өзекжарды мәселе біздің қоғамымыздың кезек күттірмейтін, кешеуілдетуге де болмайтын, халқымыз ұрпағының болашағына зардабын тигізер, кеселді жайларға барынша талдау жасау арқылы көпшілік қауымға ой тастап жүргені шындық еді. Қазіргі жаһандану дәуірінде қоғамымыздың кеселді дертіне айналған, қазақ халқының тарихи қалыптасқан діліне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне қала берді ұрпақ тәрбиесіне кереғар әдептердің өте белең алуы бәрімізді де ойлантады.
Сонда біз не істеуіміз керек? деп өз-өзімізге сауал қойып, осы мәселелерді шешу жолының бір тармағын қарастырып көрейік. Аға буын өкілдерінің белсенді тобының ой-пікірлері деп қабылдаңыздар.
Қазір жаһандану заманы. Жаһандану әлемнің тұтастығын, өзара байланысын, өзара тәуелділігін білдіретін түсінік. Ал оның астарында терең саясат жатқанын әрбір қазақстандық азамат, қазақ білуі керек. Шындығында, қазіргі қарбалас, тынышсыз дүниеде бірлесуден, ықпалдасудан басқа жол да жоқ. Жаһандасудың мемлекеттердің экономикасына ғана емес, адамдардың жан дүниесіне, ақыл- парасатына, ұлттық болмысына тікелей қатысы бары анық. Сол себепті жаһандану мен ұлт мәселесін қатар қарауымыз керек. Ұлтты сақтау, ұлтсыздандырудан сақтандыру үшін өмірден орын алып отырған құбылыстарды ескермесек, оның түп тамырын зерттеп, алдын алып, әрекет жасамасақ болмайды, ертең кеш қаламыз. Аға буын өкілдерінің айтып отырғаны да осы жайлы.
Біздер, аға-буын өкілдері қазақ ұлтының қоғамдағы орны мен мәртебесін терең түсінбей болмайды. Қазіргі таңда елімізге ішкі саясатты ұлттық тұрғыдан саралау, айқындау қажеттілігі туындап отыр.
Демократияның ең негізгі шарты – адам құқығы. Ал адам құқығын қалай түсінеміз? Нені ойласаң соны істеуге болады, айтуға болады деген кейбір топ өкілдерінде осындай да пайымдау бар. Біздің пайымдауымызша, кез келген елде демократия заңмен реттеледі. Ал заңмен белгіленген адам құқығы сақталмаған жерде немесе сөз жүзінде сақталып, іс-жүзінде жүзеге аспаған жағдайда «халық билігі», «құқықтық демократия» дегеніміз бос сөз болып қалады.
Демократия ұғымын іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы қадамы – демократиялық мәдениетті қалыптастыру, меңгеру. Әрбір азаматтың пікірін тыңдай білу, оның айтар ойын шынайы сараптамадан өткізе білу деген сөз.
Қазақ халқының ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, іс-әрекеттері, яғни демократиялық еркіндігі ертеден қалыптасқан, тамыры тереңде жатыр. Оған «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Дат тақсыр» деген мақал-мәтелдер дәлел бола алады.
Қазіргі батыс елдерінің демократиясын біздің елге дәріптеп, тықпалап әкелсек, ол біздің ұлттық үрдіс, салт-дәстүр секілді қалыптасқан құндылығымызды жоққа шығарып, шайқап та болды. Өз үрдісінен, ата дәстүрінен жеріп «демократия» деп, ұл-қыздардың өктем, өрескел ойланбай сөйлеуі, ашық-шашық киінуі, келіссіз боянуы, ішімдікпен, шылыммен, есірткімен әуестенуі – демократияның бізге әкелген жағымсыз жақтары екені баршаға мәлім. Интернет әлемінің бізге берген сыйы да осы. Әлеуметтік желідегі ой-пікірлердің жүгенсіз кетуі де дәлел бола алады.
Біздің қоғамда нағыз демократия қалыптасуы үшін гуманизм үстемдік етуі тиіс. Яғни, демократия гуманизмге қызмет етуі тиіс. Гуманизм адамға рақым, мейірімді болуды насихаттайды. Озық елдердің қатарына қосылуды көп айтамыз. Біздің түсінігімізде экономикасы күшті, ғылымы озық, білімі жоғары, қорғаныс қабілеті берік ел болумен қатар елдің ұлттық рухы да биік болуы керек.
Әрбір өркениетті халықтың басты мақтанышы – рухани қазынасы. Кез келген қазақ азаматының бойында ұлттық намыс болуы міндет. Тәрбие жұмысының бұл саласы балабақшадан, мектеп қабырғасынан, орта жоғарғы оқу орындарынан бастау алса құба-құп. Уақыт талабы да осы.
Тәуелсіздікті алу бар да, оны баянды ету бар. Талай бұлтарыс, шырғалаң жолдардан ел басшылығының салиқалы саясаты, елдің бірлігі аман алып келеді. Енді ел болып, етек жауып, ірге біріктіріп, ұлт ретінде ұйыса бастадық дейміз. Дүние жүзіне тәуелсіз қазақ елі ретінде танылып келеміз. Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік, егемен ел болудың ең ауыр белестерінен өттік. Ел егемендігін баянды ету үшін бүкіл өмірімізге түбегейлі өзгерістер енгізу керек екендігін бүгінгі уақыт талабы дәлелдеп отыр.
Тәуелсіздіктің 35 жылында қыруар табыстарға қол жетті. Бұны өз аймағымыздан да айқын аңғаруға болады. Олар туралы тізбелеп жазуды артық санадым. Бүкіл республика тұрғындарына аян, көпшіліктің көз алдында атқарылуда, аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың белсенді қызметі облыс тұрғындарының әрдайым қолдауына ие. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген киелі сөздің астарлы ұғымын «Сыр – Алаштың анасы» деген аймақтың көңіл-күйінен айқын аңғаруға болады. Алда асулар аз емес. Бізге керегі – жіберілген кемшіліктерден дұрыс сабақ алу, бүгінгі мен бұрынғылар арасындағы сабақтастықты баянды ету.
Тәуелсіздік – ата-баба арманы, ұлт болашағы. Ұлттық идеологияның да тарихи жағдайға байланысты жаңарып, өзгеріп отыратыны ақиқат.
Тәуелсіздікті сақтап қалу, оның іргетасын нығайту – әр қазақтың міндеті. Бұдан басқа ешқандай міндет те жоқ.
Сайлаубай Әбішұлы,
Қызылорда облыстық «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!