Бүгінгі заман – білім мен инновацияның дәуірлеп тұрған шағы. Көш басына ұмтылған қайсыбір мемлекет болса да, ең әуелі жастарының білімді болуына басымдық береді. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген өкініші талай қазаққа сабақ болғалы қаш-шан. Сол алып Абайдың атын иемденген №138 орта мектепте де елдің келешек тізгінін ұстар ұландар өсіп келеді. Білім, өнер, спорт тәрізді сан саладан көш бастаған үздіктері үміттің сәулесін жарқырата түсуде.
Қызылорда қаласының іргесінде Қосшыңырауға қарайтын қос ауылдың бірі – Абай елді мекеніндегі бұл білім ошағында талаптың тұлпарын мінген талай жеткіншек тәлім алуда. Сапалы білімді санаға сіңіріп, әрбірі көшбасшы атанған. Әрине, «Табалдырықтан биік тау жоқ» деген қазақ сөзі тәлімнің тал бесігі отбасы екенін ескереді. Сол саналы тәрбиеге сапалы білімді жалғап, елге қызмет ететін азамат болып өсу – мұндағы әрбір шәкірттің ең биік мақсаты.
– Мектебі бар елдің – ертеңі де жақсы. Өйткені сол мектептен тәлім алған балалар атажұртқа, туған топыраққа еңбек етеді. Берілген білім мен тәрбиенің деңгейіне сәйкес әрекет жасайды. Қазыналы қазақтың әлем төріндегі маңызы мен орнын айшықтайды. Бір отбасындағы бала емес, мың сан отбасындағы баланың болашағы біздің мойнымызда тұр. Ертеңгі күні ісімізбен мақтану үшін осы ұлағатты мамандыққа кір келтірмей, балалардан тұлға жасау қамындамыз. Еңбегін пұлдамайтын, міндетсінбейтін бір сала болса, ол – ұстаздардың ортасы. Бұл жетістіктер ауыл мектептерінің де сапалы білім бере алатынын, дарынды балалардың ауылдық жерлерден де шыға алатынын дәлелдейді. Дарынды қолдау, оларға жағдай жасау – болашақта еліміздің білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпағын тәрбиелеуге қосылған зор үлес, – дейді мектеп директоры Асқар Садықов.
Асқар Әнуарбекұлының сөзінің жаны бар. Бүгінде мұндағы ұстаздар балалардың білім алуына бекітілген уақыттан бөлек, басқа кездерде де шәкірттің шыңға шығуына мүмкіндік жасап, уақытын аямай еңбек етуде. «Егіншінің еңбегі жинап алған өнімінен көрінсе, мұғалім еңбегінің нәтижесі оқушының білім деңгейімен өлшенеді» депті ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин. Абай мектебінде жүзінен арай төгілген ұстаздар осы сөзді басты ұстаным етіп алған. Білім ошағы Оқу-ағарту министрлігінің рейтингісі бойынша «Қазақстанның 100 үздік олимпиада мектептерінің» қатарына енген. Қарапайым ауыл мектебінің де атынан ат үркетін алпауыт білім ордаларымен теңесе алатынын, олар да Алашты аузына қаратқан мықты тұлғалар шығара алатынын дәлелдеп жүр. Мектеп оқушылары ауыл мектептері арасындағы олимпиададан топ жарып, сан мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Әлі де қанжығалары майланып жүр. Өткен жылы білім аламанында бақ сынаған 23 шәкірттің арасында жүлделі оралғандар көп. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 10-сынып оқушысы Қожахат Хиват облыстық кезеңнен жүлделі І орынды иеленсе, республикалық кезеңде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І дәрежелі дипломымен, алтын медалімен және бағалы сыйлығымен марапатталды. Оның жетекшісі Әсем Пірімова уақытпен санаспай еңбек етіп, бала жанының бағбанына айналған. Ұстаздың жетекшілігімен білімін арттырып, таным көкжиегін кеңейтіп жүрген Хиваттың алған асуы жалғыз бұл ғана емес. Ол мұнан да өзге түрлі деңгейдегі көптеген білім аламандарынде жүлдеге кенеліп жүр.

– «Мұғалім» деген ұлағатты мамандық иелерінің қоғам алдындағы зор міндеті – шәкірт болмысын тану арқылы бейіміне қарай жол сілтеу екені баршаға аян. Біз де сол, алдыңғы буын салған сүрлеумен еңбегімізді ел ертеңі жолына арнап келеміз. Бала дегеніңіз жеміс ағашы тәрізді. Оны кішкентайынан баптап, өсіріп, жеміс берер сәтіне дейін дайындап, елге қызмет етер тұлға болуына жеткізу – біздің ұлттын алдындағы ұлы мақсатымыз. Бойында талабы бар, білім алуға ұмтылысы жоғары әрбір жасты біз осылай дайындап, қанатын қатайтып, биікке жөнелтеміз, – дейді педагогика ғылымының магистрі Әсем Әбдірахманқызы.
Үздік мұғалімнің тәжірибесі басқа мектептерге де керек-ақ. Әсем ұстаз таяуда ғана Астана қаласы әкімдігінің әдістемелік орталығы мен Ыбырай Алтынсарин атындағы «Бином» мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Ыбырай Алтынсарин педагогикасы және рухани құндылықтар» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияда іс-тәжірибесімен бөлісіп қайтты.
Қожахат Хиват тәрізді Әбдуали Кәусар да – көптеген сайыстың жеңімпазы. Ол – 37 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Фарида Білманованың шәкірті. Шапқан сайын шабыты ашылатын нағыз шабандоздай Кәусар математикадан қыздарға арналған еуропалық (EGMO) олимпиаданың іріктеу кезеңіне де үлкен құлшыныспен қатысып, өз білімін халықаралық деңгейде де білімін дәлелдеген. Асығы алшысынан түскен абайлық балалар асық ату сайысында аймақтың абыройын арқалап, республикалық кезеңнің бірнеше дүркін чемпионы атанған. Өткен жылы Қазақстан Республикасының чемпионатында Мінайдар Нуриман ІІІ орын алса, ойынның тағы бір түрінен ІІ орынды еншіледі. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрбол Жанұзақов осындай сақа шәкірттерді тәрбиелеп жүр.
– Ұлттық ойынымыз асықтан мектеп оқушылары арасында ірі чемпионаттардың өткізіліп жатқанына қуаныштымыз. Жоғалтқанымыз табылып, өшкеніміз жаңғырып, өлгеніміз тіріліп жатқан тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен жетістіктеріміздің бірі. Қазір асық ойынынан чемпионаттар дәстүрлі түрде қолға алынған. Бұл ойын адамды мергендікке, дәлдікке тәрбиелейді. Ширақ қимылдауға икемін арттырады. Баланың зияткерлік көзқарасын дамытады. Әрі ұлттық құндылығымызды да ұлықтаймыз, – дейді Н.Жанұзақов.
Спортта сайыпқырандар жетерлік. Ауылдың абыройын асырып, мерейін үстем етуде. «Спорт шебері» атағын алғандар да көп. Республикалық турнирлерде облыстың намысын қорғап, мектептің беделін көтеріп жүрген Саят Мейрамбек, Қайсар Мысырбек, Ақтөре Қонысбекұлы мен Ержан Мейрамбек тәрізді мықты зілтеміршілер қалыптасып келеді.
Спортта ауылдасың озғанда құйқаң шымырлап, делебең қозып кететіні бар. Тұяғымен жер тарпып тұрған тұлпардай мәре сызығын бірінші кесіп жатса, қандай тамаша! Ал ұлттың үнін домбырамен жеткізіп жүрген шәкірттердің мерейі де осылай өсіп тұр. Мектептегі домбыра үйірмесінің шәкірттері де шыңға бастап, қазақтың қара домбырасының қоңыр үнімен әлемді тербеуде. Мектептің осы бағыттағы алдыңғы қатарлы шәкірттерінің бірі – Жарасхан Тілешов. Ол музыка пәні мұғалімі, педагогика ғылымының магистірі Лаура Салмырзаеваның жетекшілігімен талай биікті еңсеріп жүр. Осы жылдың басында мамандандырылған өнер мектептері мен орта мектептердің домбыра үйірмелеріне қатысатын оқушылар арасындағы жас күй орындаушыларының I облыстық «Күй-көмбе» байқауына қатысып, үздік үштікті түйіндеді.
– Әр қазақтың төрінде үкілі домбыра ілініп тұрса, қандай керемет! Біз осы деңгейге жетсек деген арман бар. Қазір шәкірттер домбыраның құлағында ойнап, күмбірлете күй төгіп жүр. «Ұстаздан шәкірт озар» деген бар, шәкірттерімнің әлемді бағындырып, биікте жүргенін қалаймын. Домбыра үйірмесінің жұмысына келсек, дамуға бет алдық. Балаларды шынашақтай сәтінен қос ішектен күй төгуге баулысақ, нағыз қазақ саналатын аспабымыздың да құндылықтар төрінде тұратыны анық, – дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың алдында үлкен кеңістік бар. Оны көре білген байқайды. Бойында бар қабілет пен дарынды арттырып, дамытып, ғаламның төрінде көк туды көкке көтеруді арман еткен таланттылар шоғыры қалыптасқан. Таяуда Астана қаласында өткен «Жұлдызай» республикалық ұлттық инклюзивті ойындары өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында салтанатты түрде ашылған сайыста мектеп оқушысы Рамазан Тоқтаров бақ сынап, І орынның биігін бағындырды. Бес жүзден астам баланың арасынан топ жарып, туған жерге жеңіс сыйлау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Рамазанның бойындағы ерік-жігерді арттыруда мектеп психологы Бота Ибраеваның еңбегі ерен.
– Жас шыбыққа қолдау көрсетіп, жақсылап, күтіп баптасаң, мәуелі ағашқа айналады. Тән жарасын да, жан жарасын да емдеп, оны барынша қолдау керек. Міне, сонда ғана дегеніңе жетесің. Біз мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамнан алыстамай, өздерін сол қоғамның бір мүшесі ретінде сезінуіне мүмкіндік беріп, жағдай жасауымыз керек. Оларға берілген сынақты бірге көтере білген жөн. Сонда ғана алыстағы арман алдағы мақсатқа айналады. Рамазан көп жерде бізге үйретеді. Өмірде кезіккен қиындықты жеңуге, оған қарсы тұра білуге әрекетімен ұстаз болады. Тіпті сол әрекеттері арқылы сайыста да сағы сынбай, қажыры мен қайраты нығайып, жарқын болашаққа бастайды, – дейді Б.Ибраева.
Білім ұясында іске мығым мұғалімдер жиналған. Алты Алаштың баласы қадір тұтатын саланың төрінде бәрі де елдің ертеңі жолында еңбек етіп келеді. Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзбен үйретіп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес» деген сөзі ойға оралады. Ұстаздар қауымы тарихтың тамырын тартып, өткен күннің белгісін санада жаңғыртуға барынша атсалысуда. Соның бір үлгісі – халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері Шонжар Бимырзаев атындағы ардагерлер кабинетінің ашылуы. Ол 1973 жылы Абай атындағы мектепке директорлық қызметке келген күннен бастап, жалғыз қабатты ескі мектепте оқып отырған ауыл балаларына үш қабатты жаңа мектеп салуды мақсат етіп, ауыл мектебін жаңа деңгейге көтеріп, нағыз істің адамы екенін танытқан тұлға. Бүгінде елде Ш.Бимырзаев атындағы аймақтық олимпиада дәстүрлі өткізіледі.
– Тәрбие отбасынан басталады. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы – ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі. «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген сөз қалған. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп бағалағандықтан болар… Тәңір берген он баланы өсіріп, тәлім-тәрбиесін, өнегесін өз ұрпағына танытқан ұлы ұстаздың ұрпақтары кабинеттің ашылуына жан-жақты қолдау көрсетіп, іс-шара барысында Шонжар ағайдың құрметіне математика пәні бойынша өткізілген пәндік олимпиадаға демеушілік жасады. Әрине, бұл өз кезегінде ұстаздың есімін ұлықтау болса, екіншіден, білімді балаларды қолдау екені анық, – дейді педагогика ғылымының магистрі Ғазиза Байсынова.
Білім ошағында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Тоғыз ай – тоғыз іс-шара», «Оқуға құштар мектеп» жобалары қолға алынып, көптеген бастама қолдау тапқан. Әр аптаның дүйсенбі күні ұлттық құндылықтарға бағытталған тәрбие сағаттары мен аптаның дәйекті сөздері оқушыларға кең көлемде таныстырылып, өткізіліп келеді. Мектеп жанынан ашылған «Әкелер мектебі», «Ата-аналарды педагогикалық қолдау» орталығы өз бағытында ілкімді шаралар мен келелі жиындар тұрақты түрде өткізіп, ұрпақ тәрбиесін ерекше назарға алып, мұғалім – оқушы – ата-ана арасындағы Үштік одақтың негізінде жұмыс істеуде.
Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектеп ұжымының алдына қойған мақсатты іс-шараларының қатарында Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуы ерекше маңызға ие. Мектеп кітапханасы және қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің ұйымдастыруымен таяуда ғана өткен «Сөз асылын іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты кеш мектептегі осы мерекенің бастауына айналды.
«Ауылды түлету – ұлтты ұлы ету» дейді қазақ. Алақандай ауылдағы білім ұясындағы әрбір бала Абай өлеңдерімен сусындап, қара сөздерін жаттап алған. Ұлттың ұлы қырларын бойға сіңірген абайлық ұстаздар осылай еңбе етіп келеді. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беретін» қазақы дағды бойымызда тұрғанда, әрбір ұстазға құрмет ерекше.
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!