Жексенбі, 18 мамыр, 12:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36,2149
17.05.2025
PDF мұрағаты

Бұл жай ғимарат емес

10.05.2025

39 0

Облыс орталығындары Бейбарыс сұлтан көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының қиылысында еңселі де сәу­летті ғимарат бой көтерді. Дарынды жастардың орда­сына айналатын инновациялық шығармашылық орталықтың ашылуын көпшілік асыға күтті. Жеңістің 80 жыл­дығы қарсаңында «Сыр жұлдыздары» балалар мен жас­өспі­рімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы салтанатты түрде ашылды.

Орталықтың ашылуына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов және зиялы қауым өкілдері, ел ағалары арнайы қатысты. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев облыс халқын  жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы. Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті» – деген бо­латын. Еліміздің болашағы – жастарымызға сапалы білім, саналы тәрбие беруде жүйелі жұмыс атқарылуда.  Аймағымызда соңғы үш жылда білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 304 млрд 600 млн теңге болып, 32 пайызға артты. Бұл – жалпы облыс бюджетінің 43 пайызы. Біздің ең бірінші міндетіміз – балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. 2023 жылы Қызылорда қаласындағы 4 мектепке 1 850 орындық қосымша құрылыс салу есебінен үш ауысымдық оқу мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Жаңа нысандардың ашылуы – бұл жай ғана ғимараттардың салынуы емес, жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті ұландарымызға жаңа мүмкіндіктер сыйлау. Егемен елімізді өркендетудегі, өскелең ұрпақты тәрбие­леудегі өрелі бастамаларымыз табысты болсын! Ел іргесі биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Абдуламитұлы құттықтау сөз сөйлеп, ғимарат құрылысын жүргізген «BI Global» ЖШС құрылысшылары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Шығармашылық-инновациялық академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.

«Сыр жұлдыздары» – дарынды жастардың ордасына айналары сөзсіз. Себебі қазіргі уақытта білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүм­кіндіктерге, шығармашылық шектеуі жоқ кеңістікке жол ашып отыр.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: