Сәрсенбі, 02 сәуiр, 19:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23,2136
01.04.2025
PDF мұрағаты

«Ghibli» стиліндегі аниме-бум: Әлемдік тренд немесе Миядзакидің мұрасы қорғалмай ма?

01.04.2025

374 0

27 наурыздан бастап жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «ChatGPT» жаңа функциялармен толығып, жаңартылған сурет генераторы іске қосылды. Әлеуметтік желілердегі ленталар лезде аниме стиліндегі суреттерге толып кетіп, соңғы 3-4 күн ішінде интернет кеңістігінде жасанды интеллект жасаған «Ghibli» стиліндегі суреттер көбейді.

Саясаткерлер, спортшылар, қазақстандық культтік фильмдердің көріністерін ЖИ генерациясы арқылы аниме стилінде көрдік. Жапондық анимацияның культтік студиясының «Менің көршім Тоторо» және «Рухтар әлеміне саяхат» сияқты әлемдік хикаяларды шығарған «Studio Ghibli»-дің қайталанбас стилін әлеуметтік желі қолданушылары өз фотосына өзгертіп, ерекше визуалды трендтен тыс қалмай жарыса суреттермен бөлісуде. «OpenAI»-дің бас директоры Сэм Альтман да бұл трендтен тыс қалмаған. Ол өзінің жаңа профилін «Studio Ghibli» стилінде жасаған. Қазіргі таңда желі пайдаланушылар «ChatGPT»-ке дайын суреттерді жүктеп, оларды түрлі стильдерде қайта жасауды сұрап, анимацияланған трендтің жаңа кезеңін қалыптастыруда. Алайда бұл жаңа трендпен бірге бірнеше маңызды сұрақтар да туындайды. «Ghibli» стилі дегеніміз не және неге ол әлеуметтік желілерде осыншалықты тез таралып жатыр? Миллиондаған қолданушы өз бейнесін аниме кейіпкеріне айналдыруға неге құмар? ЖИ арқылы жасалған суреттер авторлық құқық мәселесін айналып өте ме, әлде бұл заң бұзушылықтың жаңа формасы ма? Жасанды интеллектке жеке суреттерді жүктеу қаншалықты қауіпті? Зерттеп көрелік.

Studio Ghibli:Аңызға айналған студия

«Studio Ghibli» – әлемдік анимация тари­хындағы танымал және беделді сту­диялардың бірі. 1985 жылы Хаяо Миядзаки, Исао Такахата және продюсер Тошио Судзуки негізін қалаған жапондық анимациялық сту­дия. «Ghibli стилі» ерекше көркемдік мәнері­мен, терең философиясымен және жүрек­ке жылы оқиғаларымен таны­мал. Бұл студия­ның фильмдері жапон мәдениетіндегі дәстүрлі элементтерді сақтай отырып, жаһан­дық аудиторияны баурап алды. «Ghibli» фильмдерінің басты ерекшеліктерінің бірі – мінсіз анимация, қанық түс және қайталанбас визуалды стиль. Әрбір кадр қолмен салын­ғандай, ал кейіпкерлердің эмоциясы шынайы­лығы мен әсерлілігімен ерекшеленеді. 1988 жылы жарық көрген «Менің көршім Тоторо» фильмі студияны әлемге танымал етті.
Ghibli фильмдері адам мен табиғаттың байланысын, экология мәселелерін, әйел кейіпкерлерінің күшін және соғыс тақырыбын жиі көтереді. 2003 жылы «Рухтар әлеміндегі саяхат» (Sen to Chihiro no Kamikakushi) фильмі «Оскар» сыйлығын жеңіп алып, жапондық анимацияның жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті.

«Ghibli» стиліндегі тренд қалай пайда болды?

Соңғы жылдары интернетте, әсіресе әлеуметтік желілерде Ghibli стиліндегі саясаткерлердің аниме кейіпкерлеріне айналған суреттері және фильмдердің анимацияланған нұсқалары тарала бастады. Бұл құбылыс нейрожелі арқылы суреттерді өзгерту технологияларының дамуын көрсетеді. Әсіресе, 2023-2024 жылдары ЖИ генераторлары арқылы танымал адамдарды Ghibli стиліне өзгерту трендке айналды. 27 наурызда «ChatGPT» нұсқасының жаңаруымен «Instagram», «Twitter» (X) және «TikTok» сияқты платформаларда қолданушылар өздерінің суреттерін немесе саясаткерлердің, жұлдыздардың фотоларын жүктеп, аниме стилінде өзгертілген нұсқаларын бөлісе бастады.
Мұның трендке айналуының бір себебі – «Ghibli» стилінің ностальгиялық әсері. Адамдар бала кезінен көрген Миядзаки фильмдерін жақсы көреді, ал олардың әлеміне ену мүмкіндігі қызықты тәжірибе ұсынады. Бұған қоса, жасанды интеллект генераторларының қарапайым әрі қолжетімді болуы кез келген адамға осындай визуалдық эксперименттер жасауға мүмкіндік берді.
«WashingtonTimes.com» сайтында жария­ланған мәліметтерге сүйенсек, «Studio Ghibli» бұл трендке әлі ресми түсініктеме берген жоқ. Жапондық студия мен оның Солтүстік Америкадағы дистрибьюторы жағдайға қатысты пікір білдіру туралы электрондық хаттарға жауап қайтармағанын айтады. 2016 жылы Миядзакиге жасанды интеллекттің демо-нұсқасын көр­сеткенде, ол бұл көрініске мүлде қарсы екенін айтқан. Ол бұл технологияны өз жұмысында ешқашан пайдаланғысы келмейтінін мәлімдеген көрінеді.

Хаяо Миядзакидің авторлық құқына нұқсан келді ме?

«Ghibli» стиліндегі фотолардың таны­малдығы артқан сайын, Хаяо Миядзакидің авторлық құқық төңірегінде көптеген сұрақ туындады. Себебі интернетте таралған көптеген анимациялық өңдеу түпнұсқа «Ghibli» стиліне өте жақын, ал бұл авторлық құқық тұрғысынан күрделі мәселе туғызды. Миядзакидің студиясы әрқашан өздерінің зияткерлік меншігін қорғауға тырысқан. Алайда нейрожелілер мен ЖИ генераторлары арқылы жасалған контент заң тұрғысынан әлі де түсініксіз жағдайда қалып отыр. Себебі бұл өңдеулер түпнұсқа фильмдерден алынбаса да, олардың стилін толығымен қайталайды.
Кейбір компаниялар жасанды интеллект арқылы «Ghibli» стилінде жарнамалар жасап, авторлық құқықтарды айналып өтпек болды. Бұл «Studio Ghibli» мен анимациялық индустриядағы басқа да компаниялардың наразылығын туғыз­ды. Нәтижесінде кейбір елдерде ЖИ арқылы жасалған визуалды контенттің заңдылығын реттеу туралы мәсе­лелер көтерілді.

ЖИ генерациясы және жеке деректердің қауіпсіздігі

Тағы бір маңызды мәселе – жасанды интеллект генераторларын қолдану кезін­де жеке деректердің қауіпсіздігі. Көпші­лік өздерінің фотоларын жүктеп, «Ghibli» сти­лінде өңделген нұсқасын алады. Алайда бұл кезде олардың жеке деректері үшінші тарап серверлерінде сақталуы мүмкін. Кей­бір қолданушылар мұндай платформаларға тір­кел­ген кезде олардың фотосы мен бас­қа да деректері қолжетімді болуы мүмкін. Бұл – үлкен қауіп, себебі мұндай мәлімет­тер кейін­нен әртүрлі мақсатта пайдаланылуы ықти­мал. Мысалы, кейбір сервис­тер пай­дала­ну­шылардың суреттерін жинап, олар­ды басқа ЖИ модельдерін жетілді­руге қолдануы мүмкін. Бірнеше зерттеуші­лер ЖИ генерациясы арқылы жиналған жеке деректердің заңсыз қолданылуы мүмкін екенін анықтады. Мұндай қауіптің алдын алу үшін қолданушылар жасанды интеллект негізіндегі генераторларды қолданбас бұрын олардың құпиялылық саясатын мұқият оқу керек. Сонымен қатар «Ghibli» стиліндегі суреттер жасау үшін тексерілген, ресми және қауіпсіз платформаларды қолдану ұсынылады.
«Ghibli» стиліндегі анимациялық бум интер­нет кеңістігін жаулап алды. Әлеуметтік желі­лер қолданушылардың аниме кейіпкерлеріне ай­налған суреттеріне және атақты адамдардың жаңа бейнелеріне толып кетті. Бұл тек уақытша тренд пе, әлде жасанды интеллект арқылы жасалған визуалды мәдениеттің жаңа кезеңі ме? Дегенмен трендке қарсы тұру қиын. Біздің редакция ұжымы заман ағымынан қалыс қалмай, аниме стиліндегі өз бейнемізді жасап көрдік. Нәтиже әсерлі шықты! Ал сіз өз суретіңізді «Ghibli» стилінде жасап көрдіңіз бе?

София ХАЙРУЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: