Бейсенбі, 26 желтоқсан, 12:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Буллинг дауы — бала жауы

17.08.2024

330 0

Сурет: vechastana.kz

Соңғы жылдары ақпаратқа қолжетімділік артып, әлеуметтік желі қоғамдағы түйткілді мәселелерді талқыға салатын, халық пен Үкіметті байланыстыратын құралға айналды. Оған көпшіліктің қызу талқысына түсіп жататын күнделікті жаңалықтар дәлел. ЮНИСЕФ деректеріне сүйенсек, бүкіл әлемде 150 миллионнан астам бала мектеп қабырғасында және одан тыс жерде құрдастары тарапынан зорлық көріп, қудалауға ұшырайды. Елде де жағдай мәз емес. Әлеуметтік желілер мен интернет арқылы балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың түр-түріне көзіміз көрді. Мәселен, құрбыларынан қорлық көріп, аянышты жолға түскен қызылордалық оқушы қыздың оқиғасы қоғамда қызу талқы тудырғанын білеміз. Мұның барлығы буллингтің белең алғанын білдірсе керек.

Қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының мәлімдеуінше, қазақстандық жасөспірімдердің 13%-ы, шамамен әрбір 8 жасөспірімнің 1-еуі кибербуллингке ұшырайды. Жасөспірімдердің шамамен 11%-ы немесе 9 жасөспірімнің 1-еуі басқа балаларға киберәлімжеттік жасаушылар тобына қатысқан. Мемлекет басшысының өзі бала құқығына басымдық беріп, аталған мәселенің барын жасырған емес. Тіпті мәселенің түбегейлі жойылуы керек екенін айтқан болатын.

– Мен Президент Әкімшілігіне қылмыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағдайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Мұндай адамдарға басқа айтар сөзім жоқ. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағдайлардың бәрін тіркеп, маған баяндауы қажет. Қатаң шара қолданамыз. Мектептерде зорлық-зомбылық жасаушыларды басқа жолмен тоқтату мүмкін емес. Білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керек, – деді Мемлекет басшысы.

Мектептегі баланың әлімжеттікке ұшырауының себебі не? «Білім беру ұйымдарына кәмелетке толмағандар арасында мектеп буллингінің алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар» оқулығының авторы Сәуле Амантаева буллингке ұшырайтындардың дені – тойтарыс бере алмайтын оқушылар екенін айтады.

– Көп жағдайда физикалық әлсіз оқушылар буллингке жиі ұшырайды. Сондай-ақ, келбетінде өзгешелігі бар, тіпті, сырт келбеті салақ балалар да – осы қатарда. Оқу жылы басталғаннан сыныптағы оқушылардың рөлдері өзара бөлініп, қарым-қатынастары бекіп болған кезде жаңадан келген оқушылар да өзінің сыныптастары тарапынан жәбірлеуге ұшырауы әбден мүмкін, – дейді педагог-психолог.

Демек, жасөспірім кездегі агрессия баланың ата-ана тарапынан сүйіспеншілік пен қамқорлықтың болмауы, жыныстық және психологиялық жетілу, өзіне назар аударту мәселеге себеп болады екен. Сәйкесінше, отбасында зорлық-зомбылық көрген бала ашу мен агрессияға бейім

Психологтардың пікірінше, жасөспірім буллингке қатыспауы һәм ұшырамауы үшін алдымен кез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы шарт. Қарапайым мектептегі күні қалай өткенін, интернетті қандай мақсатта пайдаланғанын, үзіліс кезінде мектепте не істейтінін сұраған жөн. Сабақ үлгерімі ғана емес, сезімі, достарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесуді әдетке айналдыру керек. Ал баланың қатарластары тарапынан қысымға ұшырағанын қалай анықтаймыз? Әдетте буллингке ұшыраған балалар орын алып жатқан жайтты ата-анасына айтуға батылы жетпейді. Сондықтан баланың қысым көргенін дер кезінде байқай білудің маңызы зор. Мәселен, басқа біреудің тарапынан қысымға ұшыраған баланың мінезқұлқында мынадай өзгерістер орын алуы мүмкін: өзінен кішілерге агрессиямен қарау, ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы, концентрацияның жоғалуы, тыныштықта көп болу, реніш, өзгеден оқшаулану.

– Шынымен де мектепте адам құқықтары тек теориялық тұрғыда үйретіледі. Балалар арызды қалай жазуға болатынын, көшеде полиция тоқтатса, мектепте жүргенде қалтаңды, сөмкеңді көрсетуді сұраса, не істеу керек екенін білмейді. Мұның бәрі баланың құқығы және ол жиі бұзылады. Өйткені балалар өзін қалай қорғау керектігін білмейді. Балалар алдымен өз құқығын білсе, құқықбұзушылық та азаяр еді.

Бәріміздің білуіміз керек бір нәрсе бар: буллинг пен кибербуллингте тек агрессор кінәлі. Жапа шеккен адамның ешқандай кінәсі жоқ. Себебі, тек агрессордың ғана әлімжеттік көрсету не көрсетпеуде таңдау құқығы бар», – деді заңгер, «Адам құқықтары, инклюзия және азаматтық қоғамды зерттеу» орталығының директоры Халида Әжіғұлова

Әлем қалай қорғанады?

Буллинг – ортақ індет. Әсіресе, батыс елдерінде өршіп тұр. Қорғаудың қанша жолын тапса да қатыгездер қапы қалдырып жүр. Мысалы, АҚШ алғаш болып 1999 жылдан буллингпен заңды түрде күресті бастады. Мысалы, Джорджия штатында өзге балалардың көңіл күйіне нұқсан келтірмес үшін гаджеттерді қолдануға тыйым салынған. Ал, басқа штаттарда баланы қорқытқандар қылмыстық жауаптылыққа ұшырайды. Ал, көршілес Ресейде мемлекет тарапынан қолдауға ие болған буллингке қарсы бағдарламалар болмағанымен, аталған мәселеге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, сыныптағы жағдайға және мұғалімдермен, ата-аналармен және оқушылармен атқарылатын жұмыстарға мониторинг жүргізіледі.

Финляндияда буллингтің куәсі болған балаларға сырттан бақылап тұрмай, жанжалды бейбіт жолмен шешуді үйретеді. Аустралиялықтар болса, жан-жақты зерделеп алмастан буллингпен күресу бағдарламасын жасау негізсіз деп шешкен. Олар алдымен мектептегі ахуалды жан-жақты зерттеп барып қана, өзгеріс жасаған.

Бұдан өзге норвегиялық «Ольвеус жүйесі» де танымал. Кешенді жүйе балаларды ғана емес, ата-ана мен мектеп қызметкерлеріне дейін буллингті анықтауға және тоқтатуға үйретеді. Қазір бағдарламаны Норвегия, Мексика, АҚШ, Литва, Ұлыбритания, Швеция секілді елдер табысты қолданылуда. Жүйеге сәйкес, мұғалімдер буллингке қарсы саясатты түсіндіргені үшін қосымша ақы алса, балаларға рольдік ойындар, пікірталастар, театрландырылған қойылымдар, тренингтер арқылы буллинг мәселесі талқыланады. Тіпті, оқушылардың өзін-өзі бағалауын, әлеуметтік дағдыларын дамытуға тырысады.

Елде не істейміз?

Егер бала сыныпта қысым көрген болса, алдымен сыныптастарының ата-анасымен сөйлесу керек. Бала құқығы – талқыға түсуге міндетті тақырып. Сондықтан ортақ жиналыста емес, әр ата-анамен жеке-жеке сөйлесу маңызды. Әрекетіңіз нәтижесіз болса, онда сынып жетекшісі, мектеп директоры, психолог, учаскелік полиция қызметкерін де бұған араластыру керек.

Балалар арасындағы буллинг бұрыннан бері талқыға түсіп, көптің көкейінде жүрген мәселенің бірі. Адам құқығы жасқа, жынысқа қарамайтынын ескерсек, бұл туралы жалпылама заңнамалар жеткілікті. Дегенмен осы жылы 14 сәуірдегі Сенат депутаттарының отырысынан кейін «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңға «Баланы жәбірлеу» (буллинг) түсінігі енгізілмек. Мұндай түсінік мектеп оқушылары арасында өткізілген әлеуметтік анкеталарды толтыру нәтижесінде заң жүзінде алғаш рет еніп отыр, әрі 18 жасқа толмағандардың ортасында зорлық-зомбылық, кемсіту, қысым көрсетудің алдын алудың, ересектердің балаға қарым-қатынасының маңызды тармағы ретінде саналатын болады.

 Буллингтің түрі көп, шешімі жоқ. Қысым көрмей, бақытты балалық шағын өткеріп, анасы мен әкесіне еркелей алатын, достарымен емін-еркін, сау қарым-қатынас құра алған бала ғана еркін ойлайтын, саналы, сапалы тұлға болмақ. Ендеше заңды әрекетке, санды сапаға ауыстыратын уақыт жетті. Бір бала бүтін елмен тең. Сондықтан балаға өз құқығын қорғап, өзгенің құқығын таптамауды үйретіп, еркін, қауіпсіз қоғамды өзіміз қалыптастыруымыз керек. Ал заң мен әрекеттің таразыда тең түсуі үшін мемлекет тарапынан арнайы жобалар қолға алынса екен.

P.S. Қазір мектеп оқушысының ағат қимылы үшін директор немесе тәрбиеге жауапты маманды жұмыстан босату үрдіс алды. Иә, балаға қысым көрсетуді тоқтату үшін керек-ақ шығар. Бірақ одан не өзгереді? Директор жұмыстан шығады немесе жазаланады, ал балалардың ішкі қорқынышы, психикалық жарақаты жазылып кете ме? Болашақ тұлға ретінде қалыптасуында бір реттік физикалық не психикалық соққының өзі өмір бойы әсер етуші фактор ретінде қалып кетуі ғажап емес. Сондықтан балаларға көрсетілетін буллингтің мектеп пен отбасылық жағдайда ғана емес, балабақшадан басталатынын ескеру орынды.

Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: