Сейсенбі, 23 желтоқсан, 01:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№98 (2210)
23.12.2025
PDF мұрағаты

Цифрландыру әскерге қандай өзгеріс әкеледі?

23.12.2025

36 0

Қазақстан Қарулы Күштері заман талабына сай цифрлық трансформация жолына бет бұрды. Мемлекет қорғаныс саласын жаңғыртуда цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізуді стратегиялық міндет ретінде қоюда. Мәселен, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Президенттің жолдауында белгіленген басымдықтарды іске асыру жөніндегі жиында жасанды интеллект технологияларын енгізу маңызды екенін атап өтті.

– Қорғаныс министрлігінің алдында цифр­лық шешімдерді, жасанды интеллект техно­логияларын, автономды басқару жүйе­лерін кеңінен енгізу, сондай-ақ ұлттық қорға­ныстың киберқұрамасын дамыту міндеті тұр. Болашақта әскеріміз күрделі гибридтік қатерлерге жауап бере алатын, шапшаң, дәл әрі жоғары технологиялы армия болуы қажет, – деп атап өтті авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Қазіргі кезде еліміздің барлық әскери бөлімдерінде цифрлық инфрақұрылымды дамыту жедел жүргізілуде. Министр жыл соңына дейін әрбір әскери бөлімде жергілікті деректер желісін құрып, ал барлық әскери оқу орындарында оқу үдерісін толық цифрландырып, оқыту бағдарламаларына жа­санды интеллект бойынша сабақтарды ен­гізуді тапсырғанын да айта кеткен жөн. Бұған қоса, көлік-логистика және құры­лыс сала­сында 3D-модельдеуді кеңінен қол­дану талабы қойылды. Демек, қорғаныс сала­сының цифрлық технологиялар мен инно­вацияларды ендіру – негізгі мақсат. Бұл қадамдар әскердің заманауи бейнесін қа­лыптастырып, қоғам мен жас буынның әскерге деген сенімін нығайтуға бағытталған.

SARBAZ+ және ЖИ

Әскери қызметке жастарды тарту – көп­теген ел үшін өзекті міндет және мұн­да да жасанды интеллект құралдары көмек көрсетуде. Әскери сала бүгінде үлкен деректерді ЖИ арқылы сараптауды қол­дана бастады. Мысалы, АҚШ Қорғаныс министрлігі демографиялық, әлеуметтік және психометриялық деректерді тал­дай отырып, әскери қызметке бейім­ділігі жоғары жастардың типтік сипатта­маларын анықтауға тырысуда. «Govern­ment Technology Insider» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, ЖИ миллиондаған адамдардың деректерін сүзгіден өткізіп, олардың ішінен әскери мансапқа қызығушылық танытуы мүмкін кандидаттарды іріктеп бере алады. 2024 жылы АҚШ Армиясы осындай мақсатқа арналған жаңа ЖИ құралын сынақтан өткізді. «federalnewsnetwork.com» сайтын­да жарияланған ақпаратқа сүйенсек, ЖИ 30 миллионнан астам үміткерлердің анкеталық мәліметтерін және 1700 түрлі параметрді талдап, жарамды үміткерлер­дің дәлме-дәл тізімдерін құрас­тырып берді. Бұл HR-аналитика әскери комис­сариат қызметкерлеріне жалпы көп­шіліктің ішінен жақсы сарбаз бола алатын жастарға назар аударуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ЖИ көмегімен қай өңір­лерде, қандай оқу орындарында наси­хат жұмыстарын күшейту керектігін анықтауға болады. Демек, шектеулі ресурс­тарды тиімді бағыттау жүзеге асады. Зерттеулер көрсеткендей, ЖИ ең қолайлы аудиторияны дәл таңдап, жеке ұсыныс жасауға септігін тигізеді. Мысалы, әлеуметтік желілердегі мақсатты жарнамада ЖИ алгоритмдері әскери қыз­меттің артықшылықтарын әр  аза­маттың қызығушылығы мен құндылықтарына сай жеткізетін контент ұсына алады.

Қазақстанда әскерге шақыру және жас кадрларды тарту ісінде цифрлық технологияларға көңіл бөлінуде. 2025 жылы Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің жаңа форматтағы SARBAZ+ цифрлық жобасын іске қосты. Бұл платформа арқылы әскерге бару процесінің бірқатар кезеңдері автомат­тандырылмақ. Атап айтқанда, әскерге шақырылушылар үшін арнайы веб-сайт ашылып, онда нақты әскери бөлім туралы толық ақпарат яғни күн тәртібі, командирлер құрамы, казарма жағдайы, ас мәзіріне дейін көрсетілген. Жастар сол мәліметтермен танысып, өзіне ұнаған бөлімде қызмет етуге онлайн өтінім бере алады. Бұл – әскерге іріктеу ісінде ашықтықты қамтамасыз етеді. SARBAZ+ жобасы шеңберінде сондай-ақ әрбір сарбазға фитнес-білезік (трекер) тағылып, оның жүрек соғысы, физикалық белсенділігі сынды биометриялық көрсеткіштері орталық жүйеге түсіп отырады. Командирлер мен әскери дәрігерлер бұл деректерді қадағалап, жауынгердің жағдайын бақы­лауда ұстайды. Бұл әскери ортада қам­қорлық пен қауіпсіздікті арттырып, сарбаздардың көңіл күйіне оң ықпал етеді. Бұған қоса, бөлімдерде «ақылды» бейнебақылау камералары орнатылып, жасанды интеллект негізінде әлімжеттік немесе төтенше жағдайларды автоматты анықтайтын жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Мысалы, егер казармада рұқсат етілмеген қозғалыс не күмәнді жинақталу орын алса, жүйе дереу белгі береді.

ҚР Қорғаныс министрінің орынбаса­ры Дархан Ахмедиевтің айтуынша, заң­сыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында барлық әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйесі орнатылып, жасанды интеллекті қосылса, Face ID арқылы бөлімшедегі қызметкерлерге толық бақылау болмақ.

– Жүйе қызметке келген әскери қыз­меткерлердің санын, олардың кіріп-шығу уақытын, қызмет орнындағы жеке құрамды, қоймаға кіруге рұқсаты бар адамдардың қозғалысын, әскери қыз­меткерлердің топтасып тұрған аймақ­тарын, құлап қалған сарбаздарды, сондай-ақ санитарлық торапта ұзақ уақыт кідірген адамдарды автоматты түрде анықтайды. Бұл жүйе толық іске қосылған жағдайда әскердегі тәртіпті күшейтуге үлес қосады деп ойлаймын. «Ақылды» камералар көптеген түйткілдің алдын алуға мүмкіндік береді. Видеожазбалар әскери полицияға жолданып, ал жекелеген талдамалық мәліметтер тікелей әскери бөлімшенің өзіне жіберіледі, – дейді Дархан Ахмедиев.

Әскерге шақырудың жаңа жүйесі

Әскери қызметшілерді іріктеу мен мансаптық өсуді басқаруда да жасанды интеллект инновациялары пайда болуда. Кадрлық таңдауда уақыт шығынын азайту мақсатында кейбір мемлекеттегі әскери талаптарды басқару жүйесіне ЖИ арқылы енгізуде. Мысалы, АҚШ әскері сержанттар мен офицерлерді қызметте жоғарылату (аттестация) барысында AI-талдауды пилоттық режимде қолданып келеді. taskandpurpose.com сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, әскерді Personnel Command орталығы әзірлеген алгоритм мыңдаған қызметтік деректерді електен өткізіп, қызметкердің білімі, өткен курстары, марапаттары бойынша балл қояды. Бұл жүйе біліктілігі талапқа сай келмейтін, көрсеткіштері төмен үміткерлерді ертерек анықтап, іріктеу комиссиясының уақытын үнемдейді. Яғни, комиссия лайықты үміткерлерді бағалауға уақыт жұмсап, рейтингі төмен кадр үміткерлерді компьютер сараптамасына сүйеніп іріктеп шығара алады. Әрине, ЖИ тек көмекші құрал, ал соңғы шешімді адам қабылдайды. АҚШ әскері бұл жүйені енгізу бары­сында алгоритмдік әділдікке көп көңіл бөлді. Жүйе сараптауында нәсіл, жыныс сияқты қажетсіз факторлар есепке алынбас үшін арнайы сүзгілер қойылған. Нәтижесінде, жыл сайынғы аттестациялық комиссиялардың жұмыс жүктемесі едәуір жеңілдеді.

Қазақстан қарулы күштерінде де ал­дағы уақытта персоналды басқару саласына ЖИ элементтерін енгізу әлеуеті бар. Жақында Қорғаныс министрлігі жасанды интеллектті енгізу жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрды. Қор­ғаныс министрлігі сайтында жария­ланған ақпаратқа сүйенсек, жаңа құ­рылым Қарулы күштердің цифрлық трансформациясының негізгі элементі болмақ. Бөлімшенің негізгі міндеті – деректердің үлкен массивтерін талдау, басқаруды автоматтандыру, жедел сце­нарийлерді модельдеу және қазіргі әскери жағдайда басқару шешімдерін қабылдау жылдамдығын арттыру үшін жасанды интелект шешімдерін әзірлеу және енгізу.

Қазақстан Республикасының Қорға­­ныс министрі авиация генерал-лейте­нанты Дәурен Қосановтың айтуынша, жасанды интеллект технологияларын әскер қыз­метін жаңғырту жолындағы маңызды қадам әрі қорғаныс сала­сындағы әлемдік үрдістерге сәйкес келетінін атап өтті.

Қазақстан әскері де цифрлық дәуірге қадам басуда. Қорғаныс министрлігі әскери есепке алу, шақыру мен қызмет процесін электронды жүйеге көшіруге ден қойды. 2025 жылғы 28 қазаннан бастап 17 жасқа толғандардың әскерге өздігінен барып тіркелу тәртібі өткеннің еншісінде қалды. Енді Қорғаныс министрлігі ен­гізген жаңа ереже бойынша, әскерге шақыру жасына толған әр азамат авто­матты түрде әскери есепке қойылады. Арнайы цифрлық жүйе 17 жасқа толған азаматтың жеке деректерін мемлекеттік мәліметтер базаларынан жинақтап, оның аты-жөні, туған жері мен күні, білімі, отбасылық жағдайы, жүргізуші куәлігі, тұрғылықты мекенжайы сияқты ақпаратты және денсаулық жағдайына қатысты мәліметтер мен соттылық туралы деректерді электронды тіркеу карточкасына енгізеді. Осылайша, жас өреннің әскери есепке алдын ала тіркелгені жөнінде электронды белгi қойылып, жергілікті әскери комиссариат автоматты түрде анықталады. Бұл жаңашылдық аза­маттарды әскери есепке алу процесін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Әскерге шақыру науқаны да толық цифрлық трансформациядан өтуде. Мә­селен, әскерге шақыру қағаздары енді электронды форматта жолдана бастады. 2024 жылы eGov Mobile мобильді қосымшасында арнайы жаңа қызмет іске қосылып, азаматтарға әскери қызметке қатысты деректерін онлайн алу және үшінші тұлғаларға жіберу мүмкіндігі берілді.  Сондай-ақ жарам­сыз азаматтар электронды түрде анық­талып, оларды әскерге шақыру­дан босату жөнінде SMS-хабарлама­лар жолданады. Әскерге шақыры­лу­шыларды іріктеу кезеңіне жа­санды интеллект енгізілмек.

Орталық коммуникациялар қызметін­дегі брифингте ҚР Қорғаныс ми­нистрі­нің орынбасары Дархан Ахмедиев­тің сөзінше, ЖИ дерекқоры мен арнайы критерийлерге сүйеніп, қызметке жа­рам­ды азаматтарды алдын ала анықтап, шақыртуды тек соларға жіберу жоспарлануда.

Әскери оқу орындарына құжат тап­сыру енді eGov.kz порталы арқылы онлайн қабылданады. Қазіргі таңда 22 мем­лекеттік қызмет қолжетімді, оның 16-сы жоғары оқу орнына қайта қабыл­дану рәсім­деріне қатысты. Медициналық тек­серу тәртібі де жеңіл­детіліп, қашықтан тексеруден өту мүм­кіндігі енгізілген.

Әскери білім беру ұйымдары үшін «Askeri Ziyat» атты бірыңғай платформа іске қосылды. Университеттер мен кол­ледждерді біріктіретін бұл жүйеде электронды кітапхана және 20 бағыт бойынша онлайн-курстар қарастырылған. Қазірдің өзінде платформаға 1000-нан астам әскери қызметкер тіркеліп, 300-і сертификат алған.

Сондай-ақ «Sarbaz 2.0» жобасы үшін­ші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Биыл 10 мың сарбаз тестілеуден өтіп, оның 2010-ы жоғары оқу орында­рына арналған грант иеленді. Бұдан бөлек, «ARMIA.KZ» сервисі арқылы жа­санды интеллект көмегімен 2 мыңнан астам өтініш өңделген. Чат-бот әскери қызметке қатысты қажетті мәлімет ұсы­нады. Қорғаныс министрлігі ЖИ тех­нологияларын әскерге шақыру мен жауын­герлік дайындық үдерістеріне де кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.

Жас сарбаздарды автоматты тір­кеуден бастап, әскери білім беруді онлайн жүйеге көшіруге дейінгі кең ауқымды шаралар ұлттық армияның келбетін өзгертіп, оны жаңа дәуірге бейімдеуде. Цифрландыру – әс­кери басқаруды жеңілдетіп қана қой­май, армияны халыққа жақындатып, жас­тар­­ды тарту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде.

С.ТЕМІРБОЛАТ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: