Бүгінде балалар ерте жастан интернетке қосыла бастады. Қазақстандағы ата-аналардың үштен бірі балаларына 4-6 жас аралығында смартфон не планшет алып береді екен. Әрине, интернеттің пайдалы жақтары көп, дегенмен балалардың интернет әлеміне ерте кіруі қауіп-қатерлерді де арттырады. Ата-аналардың өздері тыныштық үшін немесе баласы жыламасын деп қолына смартфон ұстатып, түрлі мультфильмдер қосып беретін жағдай жиі кездеседі. Өкінішке қарай, ата-аналардың көпшілігі бала қандай мультфильм көріп отырғанына аса мән бермейді. Соның салдарынан бүгінгі балалар ғаламтордағы түсініксіз, кейде тіпті психикасына зиян келтіретін видеолар мен ойындардың құрбанына айналуда. Бұған себеп – ата-аналардың өздері уақыт тапшылығынан немесе сандық технологиялардың зиянын терең түсінбеуінен баланың смартфондағы әрекетін бақылай алмайды немесе бақылағысы келмейді. Осыдан келіп, бала үшін интернет кеңістігі бейберекет, бақылаусыз ортаға айналады. Өз жасына сай емес ақпараттарды көруі, жеке деректерін байқаусыз бөлісуі, онлайн алаяқтардың құрбаны болуы, тіпті кибербуллингке тап болуы мүмкін. Сондықтан интернет қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-ана мен қоғамның басты міндеті.
Жеке деректерің – өз құпияң!
Интернеттегі ең маңызды ереже – жеке деректерді қорғау. Баланың аты-жөні, мекенжайы, мектеп атауы, отбасы туралы ақпараттар бөгде адамдардың қолына түспеуі тиіс. Интернетке салған мәлімет біржола сақталатынын әр бала білуі керек. Балаларға жеке деректерді бөлісудің қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіріп, интернетте әр қадамды мұқият жасауға үйретіңіз. Әлеуметтік желідегі профильдері жабық болғаны жөн. Құпия сөздерді ешкімге, тіпті жақын достарына айтпаған дұрыс.
Кибербуллинг – интернеттегі үлкен қауіп
Кибербуллинг, яғни интернетте қорқыту, мазақтау, бала психикасына өте ауыр әсер етеді. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 21%-ы интернетте кемсіту әрекеттеріне тап болған. Баланы бұл әрекеттерден қорғау – ата-ана мен мектептің бірлескен міндеті. Балаңызға интернетте ешкімді қорламауды, құрметпен қарауды үйретіңіз. Егер өзі буллингке ұшыраса, агрессорға жауап бермей, дереу оны бұғаттап, ата-анаға немесе сенімді адамға хабарласуы керек.
Әлеуметтік желілердің
пайдасы мен зияны
Әлеуметтік желілерде балалар қызықты дүниелермен қатар түрлі қауіптермен де кездеседі. Әсіресе, бейтаныс адамдармен байланыс қауіпті. Кейбір балалар әлеуметтік желілерге тым ерте тіркеліп, таныс емес адамдарды достыққа қосады. Бұл алаяқтар мен қауіпті топтарға жол ашады. Балаңыздың әлеуметтік желідегі парақшасы жабық, ал достарының бәрі тек шынайы өмірде танитын адамдар болуы керек. Парақшасында жеке деректер ашық жарияланбауы тиіс. Баламен интернеттегі контентті талқылап, қажетсіз ақпаратты ажыратуға үйретіңіз.
Онлайн ойындардан сақ бол!
Фортнайт, Roblox, Minecraft секілді ойындар балалар арасында танымал, бірақ онда да қауіп бар. Әсіресе шетелдік алаяқтар ойын ішіндегі чат арқылы балалардың сеніміне кіріп, жеке деректерін алдап сұрауы мүмкін. Балаларға онлайн ойын кезінде бейтаныс адамдармен сөйлеспеуін, тегін ұсыныстарға сенбеуін түсіндіріңіз. Тек сенімді сайттар мен ресми дүкендерден ғана ойын жүктеген дұрыс. Ата-аналар қаржылық ақпараттарды балалардың құрылғыларына байланыстырмай, онлайн төлемдерді бақылауда ұстағаны жөн.
Сенімді ақпарат – саналы таңдау
Интернеттегі ақпараттың бәрі шынайы емес. Балаларға медиа сауаттылықты ерте үйретіп, жалған ақпаратты ажырата білуге баулыңыз. Олар ресми, сенімді дереккөздерден ақпарат алуға дағдылануы керек. Күмәнді ақпаратты бірден ата-анасынан не мұғалімнен сұрап тексерген дұрыс.
Вирустар мен зиянды сайттардан сақтану жолдары
Интернетте вирустар мен зиян бағдарламалар өте көп. Олардың құрылғыға ену жолдары әртүрлі: күмәнді сайттар, тегін файлдар, жалған сілтемелер. Баланың құрылғысына антивирус орнатыңыз, барлық қолданбалар мен операциялық жүйені үнемі жаңартып отырыңыз. Балаға белгісіз сілтемелер мен файлдарды ашпауды үйретіңіз.
Ата-ананың рөлі –
қауіпсіздіктің басты кепілі
Интернет қауіпсіздігінде ата-ананың орны ерекше. Балаңызға интернетті қолданудың нақты ережелерін қойыңыз: белгілі уақыттан кейін интернетті қолданбау, арнайы ата-ана бақылауы бағдарламаларын орнату. Балаңызбен ашық диалог орнатыңыз, оның онлайн өміріне қызығушылық танытып отырыңыз. Өзіңіз үлгі болып, интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз.
Шамадан тыс интернет
қолдану – қауіпті тәуелділік
Балалардың интернетті шамадан тыс қолдануы денсаулыққа зиян: көздің көру қабілеті нашарлайды, ұйқы бұзылады, әлеуметтік қарым-қатынастан алыстатады. Сондықтан күнделікті интернет қолдануды қатаң шектеңіз. Үйде «экрансыз уақытты» дәстүрге айналдырыңыз. Баланың виртуалды өмірден бөлек, шынайы өмірге деген қызығушылығын оятыңыз.
Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі – бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Балаңызды виртуалды әлемнің қатерінен қорғау үшін әрқашан қасында болып, ақыл-кеңесіңізді аямаңыз. Цифрлық әлемнің жақсы жағын дұрыс пайдаланып, балаларымыздың болашағын бірге қорғайық.
София Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!