Жексенбі, 24 қараша, 22:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Цифрлық инклюзия: тең орта, тең мүмкіндік

30.07.2024

387 0

Инклюзия (латын тілінен inclusio – «қосу, қатыстыру») – физикалық немесе психикалық ерекшеліктеріне қарамастан барлық адамдарды қоғамда тең өмір сүруі. Бұл әрбір адамның еңбек етуге, білім алуға және қоғамға қатысуына тең мүмкіндіктерге ие екендігін білдіреді. Білім берудегі инклюзия – ерекше балалардың басқа оқушылармен бірге білім алуы. Жұмыстағы инклюзия барлық қызметкерлер үшін тең жұмыс алаңын қамтамасыз етеді. Цифрлық инклюзия – бұл барлық адамдардың цифрлық технологияларға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл әрбір адам жасына, табысына, білімі мен тұрғылықты жеріне қарамастан интернетті, компьютерді және басқа да цифрлық құрылғыларды пайдалана алуы керек дегенді білдіреді. Цифрлық инклюзияның мақсаты – технологияның кедергі тудырмай, адамдарға оқуда, жұмыста және күнделікті өмірде көмектесуін қамтамасыз ету. Жыл сайын смартфон мен түрлі гаджеттер пайдалану әсерінен адамдардың көз көру және есту қабілеті нашарлауда. «Global Burden of Disease» зерттеуі бойынша, 2050 жылға қарай зағиптар саны 61 миллионға жетеді, көру қабілеті бұзылғандар – 474 миллионға, ал пресбиопиямен (жақын қашықтықтан көру қабілетінің бұзылуы) – 866 миллионға жетеді. Бұл ретте технологиялардың есту және сөйлеу сияқты басқа мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қолжетімді болуы маңызды.

Стартаптар мен бағдарламалар

Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әлем халқының 15 пайызы мүмкіндігі шектеулі, бұл шамамен 1 миллиард адамды құрайды. Қазірде цифрлық технология барлық адамдарды тең етуге өз үлесін айтарлықтай қосуда. Жаңа технологияларды оқыту ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жаңа құралдар мен қызметтерді үйренуге көмектесуде де маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ бағдарламалық жасақтама мен веб-сайттарды мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоса, барлығына ыңғайлы болатындай етіп жасау маңызды. Цифрлық инклюзияны ілгерілету үшін көптеген ел кітапханалар мен қоғамдық орындарды пайдалануда барлығына ыңғайлы арнайы бағдарламалар жасады. Сондай-ақ компьютер мен интернетті меңгеруге үйрететін білім беру бағдарламаларын әзірлеп оқытуда. Цифрлық инклюзия адамдарға онлайн жұмыс табуға, оқуға және кәсіби дамуға мүмкіндік беру арқылы экономикалық өсуді қамтамасыз етеді. Ол ақпаратқа, білім беру ресурстарына және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы ерекше жандарға өмір сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Цифрлық инклюзия технологияға қолжетімді немесе пайдалану дағдыларының жетіспеушілігімен шектелмей, әр адам цифрлық экономика мен мәдениетке толық қатыса алатын қоғам құруға бағытталған. Бұл технология тек таңдаулыларға ғана емес, барлығына қызмет ететін неғұрлым тең және инклюзивті әлемге апаратын жол. Инклюзивті технологиялар ақпарат пен ресурстарды қолжетімді ете отырып, оқу мен даму мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.

1980 жылдары технологиялық компаниялар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін компьютермен жұмыс істеуді жеңілдету үшін шешімдер іздей бастады. Осылайша экраннан оқу құралдарының және сөйлеуді визуализациялау құрылғыларының алғашқы прототиптері пайда болды.

 Білім беруге бағытталған платформалар кез келген уақытта, кез келген жерде оқуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік мәртебе немесе қай жерде болуыңыз маңызды емес: егер интернетке кіру мүмкіндігі болса, қажетті білімді онлайн ала аласыз. Мұндай платформаларда ерекше жандарға мектеп және университет бағдарламалары бар. БҰҰ Балалар қорының есебінше, дүние жүзінде миллиардтаған жасөспірімдер мен студенттердің төрттен бірі мектепке бармайды. Бұл орайда цифрлық технологияларды меңгеру үшін арнайы курстар мен цифрлық сауаттылықты арттыратын бағдарламаларды енгізу маңызды.

Қазіргі уақытта көптеген компания, соның ішінде Яндекс пен Google өз платформаларында цифрлық инклюзияны енгізуде белсенді жұмыс атқаруда. Мысалы, Яндекс өзінің 15 қызметін зағиптардың қажеттіліктеріне бейімдеді, бұл оларға күнделікті тапсырмаларды орындауға, жұмыс істеуге, демалуға және тәуелсіз болуға мүмкіндік береді. Бұл қызметтер экраннан ақпаратты оқитын, зағиптарға интерфейсті естуге мүмкіндік беретін оқу бағдарламасымен қамтылған. Мұндай технологиялар көру қабілеті бұзылған адамдардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар олардың қоғамға тең және толыққанды қатысуына ықпал етеді.

«Платформа.ПРО» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, заманауи технологияларды инклюзивті білім беруге сәтті интеграциялаудың мысалдарының бірі «e-NABLE» жобасын атап өтуге болады. Бұл жоба физикалық дамудағы ерекшелігі бар балалар үшін қолжетімді және функционалды протездерді жасау үшін инженерлерді, дизайнерлерді және мұғалімдерді біріктірді. Ашық бастапқы код пен 3D басып шығару арқасында дүниежүзіндегі балаларға протездеуді қолжетімді етті.

 Тағы бір шабыттандыратын цифрлық жоба – аутизммен ауыратын балаларды оқытуда роботтарды пайдалану. Зерттеулер көрсеткендей, роботтар аутизмі бар балалар үшін тиімді көмекші бола алады, себебі олар үшін қиын тапсырманы ойын арқылы оңайлатып, оңай тілдесуге мүмкіндік береді. Мұндай жобалар аутизммен ауыратын балалардың әлеуметтік және коммуникациялық дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Жалпы, цифрлық инклюзия соқырлар мен нашар көретіндерге арналған экранды оқу құрылғылары, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы пернетақталар мен тышқандар және сөйлеу немесе есту қабілеті нашар адамдар үшін байланыс қосымшалары сияқты көмекші технологияларды қамтитын стартаптар мен кішігірім жобалар саны көп.

Ерекше адамдарды ақпараттық технологияларға оқыту – уақыт талабының бірі. Бұл оларға соңғы технологиялық жаңалықтардан хабардар болу мүмкіндігін беріп қана қоймай, сонымен қатар осы қарқынды дамып келе жатқан салада өсуге жол ашады. Бұл тәсіл технологияның дамуына үлес қоса алатын неғұрлым инклюзивті жұмыс ортасын құруға көмектеседі. Цифрлық инклюзия бағытындағы курстар әртүрлілікті және барлығына тең мүмкіндіктерді бағалайтын қоғам құруға көмектеседі. Цифрлық технология мүмкіндігі шектеулі адамдар алдында тұрған кедергілерді жеңуге көмектесіп, оларға оқуға, жұмыс істеуге тең мүмкіндіктер береді.

Мәселен, аймағымызда үш ай бойы облыстық Жастар орталығы, «Жастар рухы» жастар қанаты мен «Grand Master» бағдарламалау мектебі бірлесе ұйымдастырған үш ай бойы цифрлық сауаттылық пен IT-білім алуға бағытталған курстары сәтті өткенін айта кеткен жөн. Бұл дәрістер инклюзивті оқыту ортасын құру үшін жергілікті білім беру мекемелерімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылды. Курсқа қатысушылар цифрлық қоғамға толық қатысу үшін қажетті дағдыларды алды, бұл олардың әлеуметтік жаңа технологияларды игеріп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырды. Бұл қоғамның барлық мүшелеріне тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі елеулі қадам.

Білім берудегі цифрлық инклюзия

Инклюзивті білім беру – Біріккен Ұлттар Ұйымының бірқатар конвенциялары қолдайтын жаһандық қозғалыс және «ұлттық білім беру саясатына шолу» атты басылымында жарияланды. «Инклюзия» термині және инклюзивті білім беру принциптері 1994 жылы Испанияның Саламанка қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарға білім беру жөніндегі дүниежүзілік конференцияда халықаралық қолданысқа енгізілді. Ұлыбританияда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар 1976 жылдан бастап қарапайым мектептерде оқуға құқылы болды.

2000 жылы Дакарда өткен дүниежүзілік білім форумында «Баршаға арналған білім» халықаралық қозғалысы құрылды. Қатысушылар балалар, жастар және ересектер үшін сапалы базалық білімнің қолжетімділігін жақтады. 2006 жылы 13 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы инклюзивті білім беру құқығы туралы баптарды қамтитын ерекше жандардың құқықтары туралы конвенцияны қабылдады. Айта кетсек, инклюзивті білім беруді қалыптастыру БҰҰ Балалар қорының басты назарында.

Оқу-ағарту министрлігінің жариялаған жартыжылдық қорытындысы бойынша, мамандандырылған білім беру мекемелерінің желісін кеңейту шаралары жалғасуда. Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесі 88%-ға дейін артты, ал балаларды арнайы психологиялықпедагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті. Инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету үшін қосымша критерийлер әзірленген.

 ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес елімізде инклюзивті білім беруді дамыту бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бүгінде елімізде 86 пайыздан астам мектептерде инклюзивті білім алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл туралы БҰҰның Женевадағы Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияда ҚР Оқу-ағарту вицеминистрі Еділ Оспан мәлімдеді.

Ол өз сөзінде, инклюзивті оқыту – білім саласын дамытудың негізгі құрылымы ретінде танылды. Қазақстан Үкіметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

– Инклюзивті білім беруді дамыту жөнінде стратегиялар мен бағдарламалар әзірленді. Алдағы уақытта педагогтар үшін оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылып, мектептер мен оқу орындарының бастамалары қолдау табады. Арнайы білім беру ұйымдарының желісі 68 бірлікке ұлғайды. Мектептер базасында инклюзияны қолдаудың 708 кабинеті, 22 ресурстық консультативтік орталық ашылды. Оқу мекемелеріне 2,5 мыңға жуық педагог-ассистент, 9,7 мың арнайы педагог, 12 мыңнан астам педагогпсихолог және әлеуметтік педагогтар жұмысқа қабылданды. 600-ден астам арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін оқу орындарында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің ұлттық моделі енгізіледі, – дейді Еділ Оспан.

Ерекше оқуды қажет ететін балалар үшін арнайы көңіл бөлу және мамандандырылған бағдарламалар маңызды болып қала береді. Технологияның арқасында олардың көпшілігі өз құрдастарымен құнды тәжірибелерді сақтай отырып, жалпы сыныптарда оқи алады. Мұндай инновациялардың басты артықшылығы – олардың тиімді болуы. Арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді кез келген компьютерге орнатуға немесе желіде пайдалануға болады. Мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытудың осы жаңа әдістерін үйреніп, өз жұмыстарында заманауи технологияларды қолданады. Балалар үй тапсырмасын орындауда ыңғайлы және шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін, цифрлық құралдарды пайдалана алуы үшін атааналармен бірге өз білімдерін шыңдай алады.

Ерекше балаларға білім беру жаңа әдістерінде тек педагогикалық тәжірибелер ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды пайдалану да бар. Мысалы, ZOOM және қашықтан сабақ беру арқылы оқыту бүгінде ешкімді таңқалдырмайды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытудағы цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері мен қолданылатын әдістәсілдері туралы педагогика ғылымдарының магистрі, Т.Есетов атындағы №264 мектеплицейінің информатика пәнінің мұғалімі Ботакөз Досжановадан білдік.

– Инклюзивті білім беруде мұғaлімнің ерекше білім қaжеттілігі бaр оқушылaрдың мүмкіндіктеріне сәйкес оқыту әдістемелерін меңгерулері шaрт. Жалпы қазіргі таңда ерекше оқу қажеттілігі бар балалар цифрлық технологияларға қызығушылығы өте жоғары. Ерекше білімді қажет ететін балаларға білім беру цифрлық технологиялар арқасында әлдеқайда жеңілірек өтеді. Арнайы технологиялар арқылы сабақты оқыту, жаңа тақырыпты меңгеруі де өте жақсы болады. Мәселен, менде әр сыныпта ерекше білімді қажет ететін оқушылар бар. Әрбір ерекше балаға қысқа мерзімді жоспарға қосымша оқушыларға ыңғайлы етіп жасалған тапсырмалар қосамын. Бұл әрбір пәннің оқу жоспарында болуы қажет. Әрбір дайындаған тапсырмаларға түрлі әдіс-тәсілдер мен цифрлық технологиялар элементтерін қосамын. Бұл баланың тапсырманы орындау барысында ақпаратты меңгеріп қана қоймай, жаңа технологияларды игеруіне септігін тигізеді. Әрбір балаға бейімделген компьютерлік және шығармашылық тапсырмалар арқылы, оларға тақырыпты тез әрі басқа оқушылар сияқты бір деңгейде меңгеруге мүмкіндік береді, – дейді Ботакөз Нұрханқызы.

Мұғалімнің айтуынша, мектепте ерекше балаларға арналған инклюзивті білім беруге арналған а р найы орталығы б а р . Орталықта информатика пәнінің мұғалімдері арнайы бекітілген кесте бойынша робототехника үйірмелер өткізілетінін айтты.

– Балалардың робототехникада роботтарды құрастыруға деген қызығушылығы жоғары деңгейде. Алдағы жоспарда бағдарлама құрып, балаларға роботтарды жүргізіп үйретуді жоспарға алып отырмыз. Қазіргі уақытта мен ерекше балаларға арналған жобаны дайындаудамын. Бұл жоба – балалардың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған түрлі деңгейлердегі тапсырмалар жиынтығы. Алдағы уақытта осы жобаны білім беру үдерісінде пайдалануды жоспарлап отырмын. Жалпы осы ерекше балаларды оқыту барысында IT технологияларды білім беруде пайдалану оларға оң әсер ететінін байқадым. Компьютермен және түрлі платформалармен жұмыс істеу барысында балалар өздерінің ерекшеліктерін ұмытып, өздеріне сенімді және ашық болады. Олармен бірге оқитын балалар бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Бұл ерекше балалардың өздерін басқалармен тең сезінуіне көмектеседі, дос тауып, қарым-қатынас жасауда да септігін тигізеді. Ерекше балалар әртүрлі білім беру платформаларында жаттығуларды ұнатады. Сондай-ақ жетістіктері үшін мақтау есту оларды қуанышқа бөлейді. Жұмысының нәтижесін көріп, алғыс алған кезде оқуды жалғастыруға ынталандырады, – дейді Ботакөз Досжанова.

ІТ-технологиялар ерекше балалар үшін оқу мен әлеуметтену үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Олар өздерінің қорқынышы мен кедергілерін жеңуге, белсенділікті арттыруға және оқу процесіне қатысуға көмектеседі. Осы технологиялардың арқасында балалар өздерінің дағдылары мен қабілеттерін дамытады.

Қорытындылай келе, цифрлық инклюзия жай ғана технологиялық инновация емес, барлығына тең және қолжетімді білім мен оқытуға бағытталған қозғалыс. Ол ерекше жандар үшін жаңа мүмкіндіктерге инклюзивті қоғам құруға жол ашады.

 София ХАЙРУЛЛАҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: