Сейсенбі, 03 наурыз, 01:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17 (2229)
03.03.2026
PDF мұрағаты

Цифрлық теңгенің тиімділігі

03.03.2026

46 0

Елімізде цифрлық теңгенің қолдану аясын кеңейту жүйелі түрде енгізіліп жатыр. Қазақстан Ұлттық Банкі «Цифрлық теңгелерді шығару, айналысқа енгізу және өтеу қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасын әзірледі. Бұл қадам қаржылық қызметтердің қауіпсіздігін арттырып, ақша ағындарының ашықтығын күшейтуге бағыт­талған. Жеке және заңды тұлғалар цифрлық шоттарды екінші деңгейлі банктер арқылы аша алады. Жаңа қаулы жобасы цифрлық шоттарды ашу, жүргізу және жабу тәртібін, цифрлық теңгені таңбалау механизмін, смарт-келісім шарттарды қолдану қағидаларын және платформа қатысушы­ларына қойылатын талаптарын анықтайды.

Цифрлық теңге – ұлттық валютаның цифрлық нысаны және заңды төлем құралы деуге болады. Оны шығару, айналысқа енгізу және өтеу Ұлттық Банктің арнайы цифрлық платформасында жүзеге асады.  Жоба аясында цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітіліп, барлық операция цифрлық теңгемен жүргізіледі. Сонымен бірге жол құрылысы, фермерлерді кредиттеу мен суб­сидиялау бойынша пилоттық жобалар іске асы­рылып, қосылған құн салығын қайтару мерзімі 55-70 күннен 5 күнге дейін қысқарды.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов цифрлық тең­гені бюджет түсімін көбейтуге кеңінен пайдалану жоспарланып отырғанын, Үкіметпен бірлесіп, сәуір айында бюджет бағдарламалары мен жоба­ларын цифрлық теңгеге көшіруге арналған кешенді іс-шаралар жоспары қабылданатынын айтты.

– Алдымен жаңа жоба автожол құрылысы, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық, агроөнер­кәсіп кешенін несиелеу, шағын және орта бизнесті қолдау, әлеуметтік сала және денсаулық сақтау бағыттарын қамтиды», – деді Тимур Сүлейменов.

Мемлекет қаржысы әдетте мемлекеттік тапсырыс сатып алу кезінде талан-таражға түсіп жатады. Енді оның жолы кесіледі. Мем­лекеттік сатып алудағы жаңашылдықтың бірі ретінде цифрлық теңгенің рөлі күшеймек.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтердің экожүйесін қалып­тастырудың маңы­зын атап өтті.

– Цифрлық ак­тивтердің толық­қанды экожүйесін тезірек қалыптас­тырған жөн. Цифрл­ық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолдану аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайда­лануға болады, – деді Президент.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық теңге бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономиканы болдырмай, мем­лекеттік төлемдердің азаматтарға делдалсыз жетуіне мүмкіндік береді. Цифрлық теңгені қолдану арқылы қаражаттың нақты қайда кеткенін бақылауға болады. Мемлекеттік сатып алуларда қосымша құн салығы белгісі бар цифрлық теңге  бюджетке немесе тиісті жеткізушіге ғана ауда­рылады. Нәтижесінде қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына жол берілмейді. Осы арқылы мем­лекеттік қаржының ашықтығын арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Салық жүйесінің цифрлық трансформациясы

2026 жылы салықтық әкімшілендіру толықтай цифрлық құралдарға негізделмек. «Smart Data Finance» талдамалық базасы құрылып, салық төлеушілердің қызметін бақылаудың жаңа жүйесі енгізілді. Платформа кәсіпкерлер мен ұйымдардың қаржылық деректерін жинап, талдайды, салықтық төлемдердің ашықтығын бақылауға мүмкіндік береді және алаяқтық әрекеттердің алдын алады. Сонымен қатар бұл жүйе мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуды біріктіріп, салықтық басқарудың тиімділігін арттырады. Оңайлатылған декларацияны автоматтандыру, салық есептілігі нысандарын алдын ала толтыру, салық төлеушілер үшін ЖИ-сервис енгізу, мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқорын басқа ведомстволармен интеграциялау жоспарланған.

Цифрлық теңге  жай ғана жаңа төлем құралы емес. Ол мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа моделіне көшуге арналған стратегиялық құрал. Егер жоспарланған рефор­малар толық жүзеге асса, еліміздің қаржы жүйесі ашық, тиімді әрі зама­науи цифрлық инфра­құрылымға негіздел­ген модельге өтеді. Жоба ұлттық цифр­лық валютаны шы­ғару, айналысқа ен­гізу және өтеу үшін құқықтық шарттардың қалып­тасуын қамтамасыз етеді. Салық төлеуді жеңілдететін «Салық әмияны» тетігі де енгізіледі.

Думан РАХЫМЖАНҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: