Шынымды айтсам, Қызылорданы дәл осындай көркем, еңселі, жарқын кейіпте елестетемін деп ойламадым. Біздегі арман мен қиялдың өзі бүгінгі Қызылорданың келбетімен теңесе алмайды. Дәл бұлай болар деп қиялдап көрмеппін… Күн сайын қала жаңарып, түлеп, адам танымастай өзгеріп барады. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың бірі ашылса, іле-шала екіншісі бой көтереді. Тіпті ашылған нысан санынан шатасып қаласың. Жаңадан бой көтерген, ел игілігі үшін жұмыс істейтін нысандарға таңырқай қарайсың. Құрылысшылардың қарқыны бір бөлек әңгіме. Күннің суығына, аптап ыстыққа қарамай, қаланың сәнін кіргізер ғимараттарды жан аямай салып жатыр. Бір апта сыртқа шығып кетсең болғаны, қайта оралғанда Қызылордаңды танымай қаласың. Қай көшеден өтсең де жаңа тыныс, жаңа леп, жаңа серпін сезіледі. Бұрындары мұндай келбетті көру тек арман еді. Алпысыншы, жетпісінші жылдары осында өмір сүрген аға буынның өзі: «Біз кезінде мұндай көрікті қаланы тек қиялдағанбыз», – деп таңдай қағады. Қазір тіпті өзге облыстардың делегациялары келіп, Сыр еліндегі құрылыс қарқынынан тәжірибе алып, үйренуде. Бұл – жай ғана ғимараттар емес, өңірдің өркендеуге деген ұмтылысының дәлелі. Қазір Сыр еліне аспаннан көз салсаң да, көлікпен араласаң да, тіпті жаяу серуендеп өтсең де қаладағы үйлесім мен әсемдік тамсантпай қоймайды. Жолдары тегіс, көшелері тап-таза. Бұл – біздің Қызылорда. Бұл – жаңа заманның жаңа деңгейіне көтерілген, жарқыраған, жасампаз қала. Бұл – сан ғасырлық тарихтың тоғысқан мекені, тарихқа куә болған қала.
Дәурен Сейітжанұлы,
«Adal Adam» YouTube арнасының жетекшісі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!