Жексенбі, 22 желтоқсан, 13:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дәрігер науқастың жанын түсіне білуі қажет

14.12.2024

229 0

Облыстық психикалық денсаулық орталығының білікті дәрігері Темірхан Көрегеновтың өмірлік ұстанымы: «Дәрігер науқастың жанын түсіне білуі қажет». Бүгінде ақ халатты абзал жан емдеу мекемесіне қарасты №3 «Невроз» бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Дәрігер ең бірінші кезекте науқастың дертінен сауығып, қалыпты өмірге оралуына жағдай жасайды.

Темірхан Исаханұлы 1967 жылы Қызылорда об­лысы Шиелі ауданы Н.Бекежанов атындағы ауыл­да дүниеге келген. 1992 жылы Алматы мемлекеттік меди­циналық университетін тәмам­даған. Алғаш еңбек жолын об­лыстық аурухананың жансақтау бөлімінде дәрігер-интерн болып бастаған. Кейін Қызылорда об­лыстық психоневрологиялық ауру­ханасына ауысып, сол уақыттан бері жүйке жүйесі дертіне шалдыққан науқастарға ем көрсетіп келеді.

Күйзеліске түсіп, жаны дертке шал­дыққандарға кеңес беруден ешқашан жалыққан емес. Дәрігердің айтуынша, медицинада психикалық ауру екі түрге бөлінеді. Біріншісі невроз болса, екіншісі – психоз. Бұл жерде неврозға депрессия, стресс, дистимия және өзге де диагноз жатады.

– Депрессиялық жағдай, яғни адамның күйзеліске ұшырауы қоғамда өте жиі кездеседі. Яғни, адамның ұйқысы бұзылады, өмір сүруге деген құлшынысы азаяды, тым тұйықталып кетеді. Кейбір кезде өз-өзінен жыламсырау, айналасынан қорқу, өлім туралы ой мазалауы мүмкін. Мұндай жағдайда науқасқа дәрігерлік көмек қажет. Адамның күйзеліске түсуіне көптеген жағдай әсер етуі мүмкін. Жақынынан айырылу, отбасындағы оқыс жағдай, қаржылық қиындық өзге де қолайсыз құбылыс. Айта кету керек, күйзеліс қартаю процесін жеделдетеді. Сонымен қатар, физикалық әл-ауқаттың нашарлауына да өзінің кесірін тигізеді. Сол себепті күйзеліске ұшыраған адам дереу медициналық көмекке жүгінгені дұрыс. Күйзелістен қалай арылуға болады? Бұл үшін жоғарыда айтып кеткеніміздей, кәсіби маманның көмегіне жүгінген абзал. Жиі табиғат аясында серуендеген де оң нәтиже береді. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысып, жақындарының қолдауына ие болғанда сырқатынан сауығады. Жақсы кітап оқып, позитивті кино көруге кеңес беремін. Естеріңізде болсын, жиі күлімдеген адам кез-келген қиындықты жеңе алады, – дейді білікті дәрігер.

Осылайша адамдардың қиын кезеңдерді жеңіл қабылдауына барынша атсалысып жүрген білікті маман «Өз мамандығыңды сүйсең ғана, салада биікке жетесің» дейді. Бүгінде дәрігердің қабылдауында болып, дертіне шипа тапқандар қатарында Айман Бақытқызы да бар. Ол Темірхан Исаханұлына ерекше алғысын жеткізді.

– Мен біраз уақыт бұрын ұйықтай алмайтын сырқатқа шалдықтым. Емшілерге де көп бардым. Бармаған жерім қалмады. Неврапотолог жағаладым, басымды МРТ-ға түсірдім. Ақылы дәрігерлерге көрініп, неврология бөлімінен де ем қабылдадым. Еш нәтиже болмады. Ал мендегі түсінік психикалық орталыққа барсам, түрлі ем жасап, одан сайын нашарлап қалам ба дедім. Жұрттың көбі ол жерге барғаныңды білсе, басқаша қабылдайтыны тағы бар. Сонда да болса, жаныма батқан соң сол орталыққа бардым. Жылы жүзді дәрігер Темірхан Көрегеновке мән-жайды айтқаннан соң «Шамалы ем қабылдасаңыз, қайта қалпыңызға түсіп, сауығып кетесіз, уайымдамаңыз. Бәрі өте жақсы болатынына сенімді болыңыз. Бұл жерде ақыл-есі дұрыс адамдар көп» деген соң көңілім орнына түсіп, ем қабылдадым. Аллаға шүкір жақсарып, қайта жұмысыма қосылып, көңіл-күйім тұрақтанды. Осы кісінің күнделікті айтатын жылы сөзі өмірге қайта келуіме жәрдемдесті. Алтын жүректі дәрігер. Алғысым шексіз, – дейді емделуші.

Темірхан Көрегенов медицина саласында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті маман. Ақ халатты абзал жан дәрігер мамандығын таңдауға әкесі тікелей себепкер болғанын айтады. Әкесі көп жыл ауылда фельдшер қызметін атқарып, баласын ертеден осы мамандыққан баулыған екен. Кейін Темірхан Исаханов та осы жолды жалғап, терең психокоррекциялық білімінің арқасында бүгінде халықтың риясыз алғысына бөленіп жүр.

Алтын жүректі дәрігердің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері аз емес. Оның ішінде «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі қашанда Темірхан Исаханұлына жүктелген жауап­кершіліктің салмағын бағамдап тұрмақ.

Гаухар Асқарқызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: