Сейсенбі, 22 шiлде, 15:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№54, 2167
22.07.2025
PDF мұрағаты

Дәрікүл өткен дара жол

22.07.2025

67 0

(Еңбек адамы жайлы бір үзік сыр)

Тақырыпқа тікелей кіріспес бұрын әңгіменің әлқиссасын қыс­қаша сәл әріден бастайын. Ке­ше­гі өткен алып империя КРСО-ны қылықты басшы Н.С.Хрущев басқарып тұрғанда бір республиканың жерін екінші бір республикаға қас қағымда қоса салу, бір елді мекенді екінші бір елді мекенге қоса салу түк те емес еді.

1956 жылы сондай «Елім-ай»-лап Карл Маркс атындағы колхоз­ға үдере көшкен Тереңөзек ауданы­на қарасты №1 ауыл «Жаңа арық» колхозының (қазіргі Қараөзек ауылы) халқы болатын-ды. Ол кезде Тереңөзек ауданында Қаракөл қой совхозының құрылғанына да біраз болған. Дегенмен совхоз орталығы белгілі бір жерге тұрақ­тамады. Бірнеше жыл Сырдария өзенінің жағалауындағы «Ақиін» деп аталатын жерде тұрды. Кейін Қараөзек бойындағы «Қарарын» ға қоныс аударды. 1956 жылдың екінші жартысында сов­хоз орта­лығы «Жаңа арық» колхозы­ның жеріне келіп, тұрақты орналасты. Ол кезде совхоз директоры Кеңес одағының батыры, білікті де білімді басшы Нағи Ілиясов ағамыз еді. Совхоз орталығына тұрғын үйлер салып, ағаштар егіп, абаттандыруға мемлекет тара­пы­нан екі миллионнан аса сом қаржы бөлінген екен. Сол бөлінген қаржыны Нағи аға сыртқа шашау шығармай, ел игілігіне жұмсап, совхоз орталығын қысқа мерзім­де керемет гүлдендіріп жіберді. Сол кезде салынған құрылыс ны­сандарының бірсыпырасы әлі күн­ге дейін бар. 1960 жылы сов­хоз аты «Опытная станция» болып өзгертілді. Бірақ халық мал шаруа­шылығымен айналысып, бау-бақша өнімдерін де екті. Совхозда төрт түлікті түгел өсіру, әсіресе қой өсіруге ерекше назар аударылды. Сол кездегі совхоз басшыла­ры С.Сейтасанов, О.Мұстаяпов, З.Мыңбаев, А.Сыздықов, Ж.Исаев  мал шаруашылығын тұрақты назарда ұстады.

Осы мақаланы жазуға себеп болған кейіпкеріміз Садықова Дәрікүл апай жолдасы Арызқұл ағай екеуі 1962-1995 жылдар ара­лығында осы совхозда 30 жыл­да аса уақыт шопан бо­лып жұмыс істеді. Бұлардың қарауында бір отар қой, 800-1000 бас қойға дейін болды. Қыста қыс­тайтын қыстаулары совхоз ор­талығынан 30-40 шақы­рым жер­дегі «Ауызкөлде» болса, жазғы жайлауы «Арысқұм» жақ­тағы шырайлы «У төбе» деген жерде болатын. Өкініштісі сол, Арызқұл аға 1981 жылы өмірден өтті. Барлық ауыртпалық Дәрікүл апай­дың өзіне түсті. Дегенмен ұл-қыздары Зейнолла, Құрмет, Қамқа, Ақмарал анасына көмектесіп, ауырт­палықты азайтқандай бол­ды. Ол кезде совхозда Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Ахмет Халықов ағамыз бастаған бір топ шопан қауымы, яғни Тұрғанбай Сыздықов, Рүстем Баяхметов, Баймахан Сентаев, Нариддин Сәрсенбаев сияқты тағы басқа шо­пандар қысы-жазы аянбай қалтқысыз еңбек етті.

Қой шаруашылығының тех­нологиясы тым күрделі. Оны әр шопан білуі тиіс. Дәрікүл апай бұл жағын жетік білуші еді. Қойды күтіп-баптап семірту үшін көктемдегі, жаздағы, күздегі және қыстағы жайылымдары мен жата­тын орындары жақсы, жылы, жайлы, болуы керек. Бұны Дәрікүл қатаң сақтады. Жаздың күндері қойларды тоғытып, бойын сергітіп, үстін тазалап тұратын. Қой қоздату – әрі жауапты, әрі күрделі қиындығы көп науқан. Дәрікүл апай ұл-қыздарымен бірге күндіз-түні қойдың аман-есен қоздауын бақылап, тыным таппайтын… Қой қырқу кезінде де басы-қасында жүретін. Қойдың санын көбейту үшін қозыны енесінен ерте бөліп, оларды ерекше күтімде ұстайтын. Буаз қойларды күтіп баптауға айрықша мән беретін еді. Осындай аса қиын жауапкершіліктің арқа­сында жылда шығынсыз шығатын. Дархан пейілді Дәрікүл өзінің еңбекқорлығының арқасында 100 аналықтан жылда 110-120 қозы­дан алып тұрды. Ол кезде бұл көрсеткіш ең жоғарғы болып саналатын. Апайдың суреті Терең­өзек кентіндегі орталық алаңын­дағы Құрмет тақтасына талай рет ілінді. Оның ерен еңбектері туралы Қазақстан Журналисттер   одағының мүшесі А.Ақбалаевтың мақалалары аудандық газетте бірнеше рет жарық көрді. Об­лыстық радиодан да жетістіктері елге та­рап жатты. Еңбекқор шопанның ерен еңбегі облыс пен аудан басшыларының назарында болды.  Мал шаруашылығы жайлы маңыз­ды мәселелер айтылған жиын­дарда  Дәрікүл апайдың жұмыс тәжірибесі басқаларға үлгі ретінде жоғарғы мінберден айтылып жүрді. Д.Садықованың елге сіңірген ең­бектері елеусіз қалған жоқ. Облыс пен аудан тарапынан Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталды. 1973 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен ол «Құр­мет Бел­гісі» орденімен, 1973, 1977, 1978 жылдары «Социалистік жарыс­­тардың жеңімпазы» деп та­ныл­са, 1973 жылы «Оныншы бесжылдықтың үздігі» деген атақ­қа ие болып төсбелгілермен мара­патталған. 1984 жылы Дәрікүл апай 5-сайлау округінен Қазақ ССР-нің Қызылорда облыстық халық депутаттарының Тереңөзек аудандық Кеңесінің депутаты болып сайланған. Сол кездерде облыс және аудан басшыларының ұйғарымымен Дәрікүл апайды «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынуға әңгіме болған деген сөз бар. Иә, қалайда Д.Садықова ол атаққа да лайықты екені даусыз еді.

Ардақты ана ерен еңбегінің нәтижесінен басқа Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1974, 1977 жылғы Жарлығымен «Медаль материнства І, ІІ степени» төс­белгісімен мадақталған. Бір сөзбен айтқанда, Дәрікүл Садықова – кезінде ерен еңбектің үлгісін көр­сете жүріп, өмірге үлгілі ұрпақ әкелген аяулы да, асыл ана.

Сөз соңында айта кетерлік жайт, сол бұрынғы Қаракөл қой совхозы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы Қызыл­өзек ауылдық округі аталып, 1997 жылы Қараөзек ауылы, Айнакөл, Қараөзек стансасы болып үш елді мекен Қызылорда қаласының құ­рамына кірді. Бүгінде Қызылөзек ауылдық округіне қарасты үш ауылда кәсіпкерлікпен айналысу қарқынды дамып келеді. Ол туралы «Ақмешіт апталығы» га­зетінің осы жылғы 24 маусым күнгі №46 санында жан-жақты толық қамтылып жазылған. Иә, тынымсыз ерен еңбекпен Дәрікүл  апай өткен дара жол осы киелі Қараөзек ауылынан басталған еді.

Ардақты ана, нағыз еңбек адамы Дәрікүл апай 2014 жылы 72 жасында өмірден өтті. Оның өмір жолы өскелең ұрпаққа өнеге болып  қала бермек.

Дәрікүл өткен дара жол

Қазыбек Әшірбекұлы,

 Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: