Отбасымызбен отырып әңгіме-дүкен құрған сәттерде анам мен әкемнің қалай үйленгені жөнінде үнемі айтылатын. «Әкеңе мені әкеп берген ғой», – деп әзілдейтін анам. Расында, сол уақытта көп әйел алып қашудың құрбаны болды. Әкем мен анам, шүкір, 6 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Жаман отбасы болған жоқ. Дегенмен танымайтын біреудің алып қашуы, ол отбасыға сіңісіп кету, адал жар болу, әрине, қиын екені анық.
Жақында 18 жастағы немере сіңілімді «алып қашты» деген хабарды естіп, көңіл-күйім түсті. Әрине, қыздың келісімі болған. Дегенмен 18 деген тым жас көрінді өзіме. Мүмкін, жігіті алып қашпағанда әлі де жүрер ме еді. Себебі қанша жерден қыз келісім берді дегенмен, бұл жағдайда үлкендер ар-ұятты алға тартатыны анық.
Соңғы уақытта қоғамда көп талқыға түскен қыз алып қашу туралы екіжақты пікірлер айтатындар бар. Әрине, жастар бұл салтты қолдамайды. Ал үлкен кісілер «қыздың келісімі болса, алып қашқан дұрыс» дейді. Кім қандай пікірді қолдаса да, біреудің әлпештеп өсірген қызын алып қашқан дұрыс емес екені анық.
Былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек екені кеңінен айтылған еді. Атап айтсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында қыз алып қашуға біржола тосқауыл қойылуы тиіс екенін айтты. Президент кейбір адамдар әлі күнге дейін салт-дәстүр санайтын бұл үрдісті мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық деп сынады.
– Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс. Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтауымыз керек. Дәстүрлі ислам – халқымыздың ұлттық бірегейлігін танытатын басты құндылықтың бірі. Біз оны берік ұстану арқылы экстремизмге және кертартпалыққа қарсы тұра аламыз. Жұртымыздың өзіне ғана тән ерекшелігі бар. Біз осы мәдени кодымызды сақтап, бабалар жолымен жүруіміз керек, – деді Президент.
Қыз алып қашу енді қылмыс
Елімізде соңғы 3 жылда 200-ден астам қыз алып қашу мен мәжбүрлеп некелесу дерегі тіркелген. Бірақ оның 10-ы ғана сотқа жеткен. Қалған жағдайлар кешірім сұрау арқылы немесе қазақтың дәстүрі дегенді алға тартқан. Кешіріммен құтылатын жағдайлар көбейгендіктен некеге мәжбүрлеп тұрғызу азаяр емес. Ал бұл дәстүр емес, енді қылмыс.
Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан елдерінде қыз алып қашқан жағдайда жауапкершілік жүгі ауыр. Яғни бұл істе заң жүзінде жауапқа тартылады. Ал біздің елімізде қыз алып қашу жағдайы осы уақытқа дейін Қылмыстық кодексің 125-бабы – «Адам ұрлау» бойынша ғана қаралып келді. Бұл жағдайда қызды кері қайтарса, кінәлі тарап жазаға тартылмайтын. Соңғы жылдары осы мәселеге қатысты заң жобасына өзгерістер енгізу туралы парламент депутаттары жиі қозғап жүрді. Олар Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген бап қосуды ұсынған болатын.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң жобасындағы өзгерістерді мақұлдап, қол қойды. Құқықтық құжатта сала мамандарының бар талабы ескерілген. Атап айтсақ, Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа 125-1 бап қосылған. Демек, жаңа заң күшіне енгеннен бастап, некеге тұруға мәжбүрлегендерді қатаң жаза күтіп тұр.
– Қыз алып қашу – бұл қазақ қоғамында бұрыннан белгілі болған, бірақ бүгінгі құқықтық мемлекет жағдайында заңмен реттелетін ауыр құқық бұзушылық. Сонымен қатар жәбірленушіге моральдық немесе психологиялық қысым көрсету, еркінен тыс неке қиылуы – адам құқықтарын өрескел бұзу болып саналады. Мұндай әрекеттер қазіргі заманғы құқықтық нормаларға мүлде сәйкес келмейді және мемлекет тарапынан қатаң жазаланады. Неке тек екі тараптың ерікті, саналы келісімі арқылы ғана жасалуы керек. Қыз алып қашу – «дәстүр» деп ақталатын, алайда адам бостандығына қарсы жасалған қылмыс. Сондықтан қоғам болып мұндай құқық бұзушылыққа қарсы тұруымыз керек, – дейді Қызылорда облысы адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Мейірбек Даубалаев.
Махаббат пен сүйіспеншіліктен құрылмаған отбасының ертеңі жоқ
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген. Бұл дәстүрдің қазіргі уақытта тозығы жетті. Себебі біреудің әлпештеп отырған қызын алып қашып, үйленуге келісім бергізу ескіліктің ізінде қалды. Сондай-ақ алып қашу қоғамға кері әсерін тигізуі де мүмкін. Бірін-бірі жете танымаған жастар ажырасуға мәжбүр болады. Махаббат пен сүйіспеншіліктен құрылмаған отбасының ертеңі жоқ екені де анық. Отбасылық психолог Уәлихан Нұрғали қыз алып қашу екіге бөлінетінін айтады.
– Келісіммен және келісімсіз. Екеуі екі түрлі ұғым. Келісіммен алып қашу – бұл екі жастың алдын ала келісімімен, көбіне ата-анадан жасырмай, салт-дәстүрді сақтағандай етіп жасалатын әрекет. Мұндай жағдайда қыз бен жігіт өзара келісіп, саналы түрде шешім қабылдайды. Ал келісімсіз алып қашу – бұл қылмыстық әрекет. Қызды еркінен тыс, мәжбүрлі түрде алып қашу – бұл адам ұрлау, бостандығынан заңсыз айыру, тіпті кей жағдайда зорлық-зомбылыққа әкелетін ауыр заң бұзушылық. Мұндай жағдайда қыздың психологиялық, физикалық, әлеуметтік жағдайы бұзылады. Алып қашқан қыз келісім беруге мәжбүр болуы мүмкін, бірақ бұл нағыз ерікті таңдау емес. Мұндай келісім көбінесе қорқыныш, күйзеліс, қоғамдық және отбасылық қысым, «ұят болады» деген үрей, заңды білмеу және қолдаудың жоқтығынан туындайды. Қыз өзін кінәлі сезініп, немесе елдің сөзі мен ата-ананың қысымынан қорқып шешім қабылдауы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда көбінесе қыздар зардап шегіп жатады. Әрине, кейбір жұптар осылай қосылып, уақыт өте келе бірін-бірі танып, түсінісіп, шын мәнінде бақытты отбасын құруы мүмкін. Ал кейбір отбасыларда мұндай бастама түсініспеушілікке, өкініш пен эмоционалды күйзеліске әкелуі мүмкін, себебі отбасылық өмірдің өзі оңай жол емес. Негізінде, бақытты отбасын құру – екі тараптың да, яғни жігіт пен қыздың да үлкен еңбегін талап етеді. Егер екеуі де бір-бірін тануға, қолдауға, түсінуге, сыйлауға ниетті болса, бақытты, берекелі өмір сүруі әбден мүмкін, – дейді отбасылық психолог Уәлихан Өмірғалиұлы.
Отбасын құру – жауапты қадам
Үлкендердің көбісі жағдайы келмеген отбасылар қызды алып қашқан дұрыс дегенді қолдайды. Әрине, екі жастың келісімі болуы керек. Ал жастар салт-дәстүр екен деп кез келген қыздың тағдырымен ойнау дұрыс емес дегенді қолдайды. Сонымен қатар шариғат бойынша некеге тұрар кезде ата-ананың келісімі де маңызды екен. Бұл туралы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің ұстазы, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жетекшісі Айболат Теміров айтып өтті.
– «Егер қыздың ата-анасы екі жастың үйленуіне орынды қарсылық танытса, бұлай үйлену шариғатқа қайшы» – дейді ол.
Некеге тұру кезінде қызды еркінен тыс зорлықпен алып қашу шариғатқа қайшы болып саналады. Себебі неке дұрыс болу үшін оның арнайы рүкіндері мен шарттары орындалуы тиіс. Рүкін – ижаб пен қабул (жігіт пен қыздың ризалықпен үйленуі). Некенің дұрыс болуының шарттары – уәлидің келісімі (қыздың әкесі немесе аға-інілері т.б.), екі куәгер және мәһір (қыздың сыйақысы) берілуі. Қыздың разылығы некеде басты рөл атқарады.
– Біріншіден, некелесіп отбасын құру аса жауапты қадам, ол – адам баласының ұрпағы қияметке дейін жалғасу үшін шариғаттың бекітіп қойған заңдарының бірі. Неке қиюды Алла Тағала Қасиетті Құранда ауыр серт, берік уәде деп атаған. Екіншіден, бойжеткен – уәлиге аманат. Ата-анасы оны өзгеден қорғап, жауапкершілігіне мұқият қарауы, ойы жаман, ниет-пиғылы теріс адамдардан, тілдейтіндерден, сұқ көздерден қорғауы тиіс. Пайғамбарымыз (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын): «…Ер кісі өзінің отбасына басшы және оларға жауапты…» – деген. Ал қызды алып қашу – біреудің аманатына қол сұғу. Бірінші, ата-анаға бойұсыну, олардың разылығын алу парыз. Алла Тағала былай дейді: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Екінші, біреудің аманатына қол сұғу. Жоғарыда баяндағанымыздай, қыз – әкенің аманаты. Оның рұқсатынсыз, разылығынсыз қызды алып қашу біреудің аманатына қол сұғу болып есептеледі. Үшіншіден, неке шарттарының бірі болып саналатын уәлидің рұқсатының болмауы. Қалыңдықты құда түсіп алуға шамасы келмеген отбасылар өзара келісіп, қызды алып қашуға рұқсат береді. Бұл қызды алып қашуға болады дегенді білдірмейді. Бәлкім, ол екі жақтың өзара келісімі. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл көріністің шариғатқа қайшылығы жоқ, – дейді облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің «Шариғат және пәтуа» бөлімінің жетекшісі Айболат Теміров.
Заң өзгерді, сана ше?
Тарихқа жүгінсек, қыз алып қашу түркі халықтарына ортақ салт-дәстүр ретінде қабылданған. Қазақ қоғамында алып қашудың дәстүрлі түрде жөн-жоралғысы болған. Бұл үрдіс өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болды. Дегенмен қыз алып қашудан қоғам түбегейлі бас тартатын уақыт келді. Сана өзгеретін уақыт жетті. Жоғарыда жазылғандай неке мәселесіне келгенде ата-ананың разылығы да маңызды болып тұр. Яғни, отбасын құру – үлкен жауапкершілік. Бұл атүсті қарайтын жағдай емес. Енді жаңа заң күшіне енсе, алып қашудың құрбаны болған қыздар өз-өзін қорғай алады. «Алып қашып, қайтып келген» деген теріс пікірдің шырмауында қалмауы тиіс. Әркім өз өмірінің жақсы болғанын қалағаны жөн.
Қорыта келгенде, бұл мәселеде адам тағдыры, махаббат, сезім деген дүниелерді де ескерген жөн. Қыздың келісімінсіз оны алып қашу, үлкендердің қыздың алдына жатып алу секілді жағдайлар енді бүгінгі жағдайда нәтиже бермейді. Қыз баласы өзін заң арқылы қорғауға құқылы. Сондықтан заң аясындағы жауапкершілік жүгін арқалап кетпейік десек, сауатты болуды ойлайық, сананы өзгертейік. Біреудің әлпештеп өсірген қызын алып қашып, оны зорлықпен көндіріп, бүкіл өмірін қор ету енді жүзеге аспайды. Бәрі де келісімге, сезімге, махаббатқа байланысты болмақ. Демек, әр адамның да өз таңдауы, құқы бар.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!