Облыстық филармония жанынан ашылған Жыраулар үйі бүгінде Сыр сүлейлерінің қасиетті қарашаңырағына айналды. Ашылғанына небәрі бір жыл өтсе де, өнер ордасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өнерпаздардың қатысуымен рухани іс-шаралар, дөңгелек үстел, түрлі тақырыптағы басқосулар жиі өтуде. Өнерсүйер қауымды рухани тағылыммен сусындатып отырған құт мекен өз көрермендерімен көзайым болуда. Бүгінде өз миссиясын жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Жыраулар үйінде ғылыми-зерттеу жұмысы да жүргізілуде. Себебі көне дәуір күмбіріндей жезтаңдай жыраулардың дауысын ел ішінен жинап, қорға таспалауға да еселі еңбек етуде. Сыр өңіріндегі жыраулық дәстүрдің сақталуы мен ғылыми айналымға түсуін қамтамасыз ету мақсатында цифрландыру, мұрағаттау және зерттеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мұнда музейлік зал, дыбыс жазу студиясы, цифрлық қор және зерттеу кеңістігі жұмыс істейді.
Жыраулар үйінің деректер базасында өңірден шыққан 150-ден астам жырау, 20-дан астам ірі жыршы-жыраулық әулеттер, бірнеше мектептің өкілдері мен фольклортанушы ғалымдардың өмірдерегі бар. Олардың мұрасының бір бөлігі ел арасында ауызша тарағанымен, ХХ ғасырдың ортасынан бастап магниттік таспаға, лентаға, кассетаға жазылып, бүгінге жеткен.

– Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен ашылған қасиетті мекен өнер сүйер қауымның құтты шаңырағына айналды. Бұл жерде жыраулар ән шырқаумен бірге мамандар ғылыми ізденіспен айналысады. Сол жұмыстың жемісі тұрғындардан жыр қорына бірнеше бірегей тарихи таспа мен магниттік ленталар тапсырылды.
Қазақ жыраулық өнерін ұзақ жыл зерттеген белгілі ғалым Анарбай Сағиұлының жеке архивінен 1975 жылғы сирек магниттік лента қорға тапсырылды. Таспада 1982 жылы Алматыда жазылған Балқашбай Жүсіпов, Қасарбек Кәрібаев, Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков, Шәмшат Төлепова секілді өнер майталмандарының дауысы бар. Бұл материалдар толық цифрлық өңдеуден өткізіліп, жыр қоры сақталған архивке енгізілді. Зайыр Рахатовтың немересі Әділ Сайлыбаев атасының сандығында сақталған 16 ленталы кассетаны қорға табыстады. Таспада Шамшат Төлепова, Көшеней Рүстембеков, Орақ Дәнекеров, Мырзағали Ақжолов, Әбілаш Әбуов, Зайыр Рахатов секілді біртуар тұлғалардың сирек жазбалары бар. Бүгінде бұл жазбалар толық сараптаудан өткізіліп, дыбыс сапасы қалпына келтіріліп, цифрлық таспаға көшіру жұмысы аяқталуда. Бірқатар дауыстар бойынша жеке зерттеу жүргізіліп, сәйкестендіру жұмысы жалғасуда, – дейді жыраулар үйінің жетекшісі Амандық Қуандықұлы.
Бұған қоса, 2024-2025 жылдары студияда Сыр бойы жырауларының дыбыстық алтын қорының цифрлық мұрағатына эпостар, дастан-жырлар, тарихи жырлар, терме-толғаулар, жыраулардың әңгімелері сияқты 100-ге жуық шығарманы орындаушылардың өз аузынан жазып алған. Бұл қор – болашақта Сыр бойы жыраулық мектебінің толыққанды энциклопедиясы іспеттес ұлттық архивтің негізі болатыны белгілі. Музей залында белгілі жыраулардың қолданған домбырасы, көне ленталар, түпнұсқа кассеталар, руна және араб қарпіндегі қолжазба көшірмесі, тарихи фотоқор жинақталуда. Бұл залға келушілер жыраулық өнердің тарихымен жақын танысады. Жыраулық дәстүрдің ЮНЕСКО-ға ұсынылатын дәлелді материалдар топтамасын да осы жерден табуға болады. Бір сөзбен айтқанда, музей залы өңірдің рухани орталығына айналған.

Жыраулар үйінің жетекшісі Амандық Қуандықұлының айтуынша, жыл бойы мәдени іс-шаралар үзілмей ұйымдастырылып келеді. Мәселен, қазақ хандығының 560 жылдығына орай «Дәуірлердің дүбірі» атты жыр кеші болып, оған арнайы Ақтөбе қаласынан қонақтар, зиялы қауым өкілдері, жергілікті жыршы-жыраулар қатысқан.Тағылымды кеште талғамы жоғары көрерменге XV-XІХ ғасырда өмір сүрген жыршы-жыраулар Асан қайғы, Доспамбет, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Махамбет, Марқасқа, Бұқар жыраудың, Төле би, Тілеуке Құлекеұлы, Саршуаш ақындардың толғауларын Сыр еліне белгілі өнер өкілдері Әділхан Қуаңбаев, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Руслан Ахметов, Тоғжан Өтенова, Бисенбек Төлеубаев, Бексұлтан Орынбасаров орындаған.
Сондай-ақ тұрмыс-салт жырының көне түрі бесік жыры насихатталып, «Әлди ән-жырым» атты шеберлік дәрісі өткен. «Ақ әжем – алтын қазынам» әжелер ансамблі арнайы қатысып, бесік жырының көне үлгісін көрерменге паш еткен.
Жыраулар үйі дәстүрлі жыраулық өнер өкілдерінің шығармаларын насихаттауды да қолға алуда. Өнерсүйер қауымға Нұртуған жыр мектебінің өкілі, белгілі жырау, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Айбек Тәңірбергеннің шығармашылығындағы «Қира ат» тарихи дастанын шәкірті, жыршы, айтыскер-ақын, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар орындап, қалың елге ұсынса, Нартай әншілік өнерінің өкілі, ақын-жырау, әнші-композитор Құрманбек Бекпейісовті еске алу кеші өткен.
Сонымен қатар өнер ордасында жырау Марат Сүгірбай «Ақша бұлтты Ақтан батыр» атты концертімен көрерменге рухани кеш сыйлады. Дәстүрлі өнердің дарабозы алқалы топ алдында Файзулла Омаровтың «Ақтан батыр» жырын жырлап, қазақтың бай мұрасын жаңғыртты.
Жырсүйер қауым жырау Р.Ахметовтің орындауындағы Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» тарихи дастанын тыңдап, саф алтындай өнердің құдіретіне тәнті болған.
Жас буын өнерпаздармен де шығармашылық байланыс орнатқан қара шаңырақта Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінің жыршы студенттері Қарақат Әбтікәрім мен Аяулым Әбдумәжиттің шығармашылық жыр кеші өткен.
Ақын, әнші, композитор, өнер қайраткері Нартай Бекежановтың туғанына 135 жыл толуына орай тағылымды жыр кеші ұйымдастырылған. Нартай жыр мектебінің белді өкілдері – ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері А.Ноғайбаева, Р.Жолтаев, Ә.Мақсатбаев, Н.Ақтаев, М.Бекпейісов, Т.Өтенова, І.Дәулетхан сынды өнерпаздар көрерменге рухани азық сыйлады.
Жиенбай жырау жыр мектебінің көрнекті өкілі, жырау, әнші, сазгер, күйші Айнұр Ешбаеваның 50 жылдығына арналған танымдық еске алу кеші өтті. Ол 22 жасында өмірден озған жалынды жас жыршы. Өмірі қысқа болса да, қазақ жыр өнеріне айрықша үлес қосып, қалың жұртқа кеңінен танылды.
Сондай-ақ Жыраулар үйінде қазақтың жыраулық дәстүрін ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу мақсатында түсірілім өтті.
Бұл игі бастаманы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ жүзеге асырып отыр. Жобаны өнер зерттеушісі, жырау, ҚР Мәдениет қайраткері Эльмира Жаңабергенова және оның шығармашылық түсірілім тобы жүргізіп, Сыр өңірінің жыраулық мектебінің өкілдері, термешілер мен өнер зерттеушілері қатысып, жыраулық дәстүрдің мәні мен сабақтастығы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар өнер мен мәдениеттің насихатшысына айналған өнер ордасында Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпеннің «Бес ғасыр жырлайды» атты жыр кеші өтті. XII–XXI ғасырлар аралығында өмір сүрген бабалар мұрасынан бастау алған жырлар домбыраның қоңыр үнімен жаңғырып, көрерменді терең рухани шабытқа бөледі.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!