Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Дәурен Шәріпбаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі Қызылорда облысы бойынша уәкілдің өкілі: Әр адам өз құқын білуі керек

17.02.2024

852 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев

2022 жылдың 5 қарашасында «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» ҚР Конституциялық заңға қол қойды. Осыған орай республика бойынша барлық өңірлерде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі тағайындалды. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкімімен Қызылорда облысы бойынша уәкілдің

өкілі болып Дәурен Сақтапбергенұлы Шәріпбаев тағайындалғаны белгілі.

Орайы келгенде Дәурен Шәріпбаевпен

сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Дәурен Сақтапбергенұлы, адам құқықтары мен бостандықтарын, мүдде­лерін қорғау мем­лекеттің негізгі міндеті болып саналады. Сол себепті де Мемлекет басшысының бұл Жарлығы осы жауапты шешімнің салмағын арттырып, жауапкершілігін күшейте түсті. Алдымен адам құқық­тары саласында атқарылған шараларға тоқтала кетсеңіз…

– Қазақстан Республикасы Консти­туция­сының 1 бабында Қазақстан Рес­публикасы өзін демократиялық, зайыр­лы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп жазылған.

Қазақстан Республикасында Адам құ­қықтары жөніндегі уәкіл институты Мемлекет Басшысының 2002 жылғы 19 қыркүйектегі №947 «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымын құру туралы» Жарғысынан басталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 нау­рыздағы Қазақстан халқына Жолдауын­да Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­дің заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конституцияға сәйкес­тігін тексеру үшін Конституциялық Сотқа жүгіну құқығын беру қажеттілігін атап айтқан болатын. 

Осыған сәйкес референдумда Консти­туцияға толықтырулар енгізіліп, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы арнайы бап (83-1) пайда болды. Уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметі Конституциялық заңмен айқындалады деп көрсетілді.

Конституцияның 55 бабында 1-1 тар­мағы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Рес­публикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді бес жыл мерзімге қызметке сайлау және оны қызметінен босату енгізілді.  Осы орайда 2022 жылы ел Президенті «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Міне, содан бері облыстарда өкілдер пайда болды.

– Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкіліне тұрғындар тарапынан түсетін арыздар көп шығар? Көбіне қандай арыздар түседі? Шешімін тапқандарды атап өтсеңіз…

– 2022 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкіліне тұрғындар 29 арыз түсірген. Ал өткен жылы 174 арыз түсіпті, оның 118-іне түсіндірме беріліп, 56-сы қанағаттандырылған. Түскен арыз­дардың 30-ы құқық қорғау саласы қыз­меткерлеріне, 24-і уақытша ұстау изо­ляторы мамандарына, 45-і жергілікті ат­қарушы органдар қызметкерлері мен 20-сы жеке сот орындаушыларына қатысты.

Былтыр өкіл облыстағы 62 мекемені аралап, мемлекеттік органдарға 60 ұсыным берген. Осыған байланысты өз міндетіне салғырт қараған 104 адам тәртіптік жауапкершілікке, 7 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, мем­лекет есебіне 2 218 500 теңге әкімшілік айыппұл өндірілді. Қылмыстық кодекс­тің баптарымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 6 қыл­мыстық іс тіркелді.

Өткен жылы шешімін тапқан істің бірі – облыстық білім басқармасының «Жас жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталығы» мекемесіндегі мәселе. Мұндағы тәрбиеленушілерге 2017 жылы тамақ, киім мен жолға жұмсау үшін күніне 1 104 теңге белгіленіп, айына 33 мың теңге төленген. Бірақ кейінгі 6 жыл ішінде орталық қызметкерлерінің айлығы мен мекеме бюджеті еселеп өссе де, балаларға берілетін сома сол күйінде қалып қойған. Кәмелет жасына толмаған бір тәрбиеленуші біраз жылдан бері талма ауруынан азап шексе де мүгедектігін анықтайтын анықтамасы жоқтығы белгілі болды. Берілген ұсыным нәтижесінде тәрбиеленушілерге берілетін сома көлемі 56 141 теңгеге артты. Осыған байланысты мекеменің 7 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Талма ауруына ұшыраған жеткіншекке 3-топ мүгедектігі белгіленіп, мемлекеттен жәрдемақы алатын болды. Сондағы бар жұмыс – емхана дәрігерінен анықтама алып, комиссияға ұсыну. Осы шаруаны неше жыл созбалаңға салып келген орта­лық басшыларының не ойлағаны белгісіз.

Сонымен қатар «Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің об­лыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» коммуналдық мем­лекеттік мекемесіндегі балалардың құ­қықтарын қорғау тұрғысынан атқа­рылып жатқан жұмыстармен танысу барысында спортшы шәкірттердің 2017 жылдан бері оқулықпен қамтамасыз етілмегені анықталды. Мектеп асханасы апаттық жағдайға жетіп, оқушы өмірі мен саулығына қауіп төндіретіні белгілі болған.

Өкілетті орган осыған байланысты әкімшілік хаттама толтырып, сот ше­шімімен асхана жұмысы 3 айға тоқ­та­тылды. Ал әкімшілік құқық бұзушылық жай­лы хаттамаға сәйкес мекемеге 1069500 теңге айыппұл салынды. Бір таңқаларлы­ғы – болашақ олимпиада чемпиондарын әзірлейтін мектептің осындай мүшкіл халіне осыған дейін ешкімнің де бас ауыртпағаны. Біздің ұсынымға сәйкес мекеменің 5 қызметкері тәртіптік жауап­кершілікке тартылып, балалар оқулықпен қамтамасыз етілді.

Қазалы ауданындағы арнаулы әлеу­меттік қызмет көрсету орталығындағы олқылық та Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілінің ықпал етуімен оңынан шешілді. Орталықты аралау кезінде бір қызмет алушының еркінен тыс карцерлік режим жағдайында ұсталғаны анықталды. Арнаулы әлеу­меттік көмек көрсету стандартының сақ­талмауына байланысты берілген ұсыным негізінде мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылып, еңбек демалысында жүрген басшысына, жұ­мысқа шыққан кезде әкімшілік айыппұл салынды.

Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында әр адамның тамақ, киім, баспана мен медициналық күтімді қамтитын өмір сүру деңгейіне құқылы екендігі көрсетілген. Ал осы ортақ талаптың орындалуына кел­генде күмілжітетін көрініс көптігін мойын­дауымыз керек.

– Негізі сіздерді ата-анасы жоқ, жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың, сотты болғандардың орта­сында жиі болады деп естідік…

– Иә, ол рас. Сотталғандар өз құқығын кейбір заңгерлерден жақсы біледі. Әрі қазір абақтыларға бейнекамералар қойыл­ғандықтан, оларға қарсы құқық бұзушылық айтарлықтай азайды. Ал жетімдер мен мүгедектердің жағдайы алаңдатарлық жағдайда. Мысалы, осы жылы қаңтар айында облыстық психикалық денсаулық орталығындағы 236 науқасқа түскі асқа бекітілген нормамен 11 келі 800 грамм ет берілу керек болса, нақты 2 келі 340 грамм жұмсалғанын анықтадық. Наркология стационарындағы 116 адамға кешкі асқа 8 келі 700 грамм еттің орнына 2 келі 840 грамм берілген.

Мемлекет басшысы Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың І отырысында Жаңа, Әділетті Қазақстанның бір күнде немесе бір жылда құрылмайтынын, оның бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс екендігін айтқан болатын. Жаңа белеске аяқ басқан мемлекет үшін адам құқықтарын қорғаудың маңызы зор. Айта кетуіміз керек, біздің араласуымызбен облыс орталығындағы бірқатар балабақша мен «Қайсар» футбол клубы ұжымы жалақыларына қол жеткізді. Жұмысынан заңсыз шығарылғандар кәсібіне қайта оралды, құқық қорғаушылардың заңсыз әрекетінен зардап шеккендердің мәселесі шешімін тапты. Тіпті бір серіктестік өт­кізген жалған акциясында едәуір қар­жысынан қағылғанынан бөлек, алаяқ­тар атынан несие рәсімдеген зейнет­кер мәселесі де оңынан шешілді.

– Қазақстанда адам құқығының қорғалуы жөнінде сізді толғандырған мәселе…

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында адам құқығын қорғау мәселесін саяси жаңғырумен қатар қояды. Ал күні кеше өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында Президент бұл жүйені одан әрі нығайту жөнінде айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Еліміздің құқық қорғау мәселелерін ілгерілетудегі жоғары нәтижелілігін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде: «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді» деп атап өтті.

Толғандыратын мәселе бар. Азамат­тардың көбі өз құқықтарын білмейді және қорғай алмайды. Халық арасында, мемлекеттік қызметкерлер арасында құқықтық ағарту жұмысын көбейту керек, себебі кейде азаматтардың қарапайым проблемалары олардың өз құқықтарын білмеуінен немесе азаматтардың құқық­тарын қорғауға тиісті мемлекеттік қыз­метшілердің өз міндеттерін білмеуінен жауап таба алмайды.

– Расында, қарапайым халық өз құқығын қорғау үшін қайда бару қажеттігін білмей жатады. Маман ретінде кеңесіңіз…

– Әр азамат өз құқығын қорғай білуі тиіс. Әр адамның емделуге, кезекпен үй алуға, еңбек етуге, оқуға, әлеуметтік жеңілдіктер алуға немесе көлік жүргізуге қатысты және тағы да басқа жағдайларда заңды қолдануы аса маңызды. Ал тұрмысқа сай түрлі талаптармен қатар өмірде жиі кездесетін қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша әркімнің өз құқын жетік білуі қорғану құқын арттыра түседі.

Сондықтан әр адам өз құқын қашан­да талап ете білсе, бұл заңның да орын­далғаны. Ал заңның әділ үстемдік құруы қоғам үшін аса маңызды. Осы орайда «құқым бұзылды» деген азаматтарға Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне өтініш беруге болатынын айтып өткім келеді.

– Өтінішті қалай беру керек?

– Өтінішті үш тәсілмен беруге болады:

1) «е-өтініш» порталы арқылы (Адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталық)

2) Пошта арқылы (Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, Министрліктер үйі, 15-кіреберіс)

 3) Қолма қол (Кеңсе)

Өкілдіктің мекен жайы: Қызылорда қаласы, Абай  көшесі 52, Әділет депар­та­менті ғимаратының 4 қабатында орна­лас­қан. Байланыс нөмірі: 8 (7242) 23-52-97. Міне, өз құқығын қорғай алмай жүрген кез келген тұрғын осы мекенжайға келіп немесе осы байланыс нөміріне хабарласса болады. Біз халық үшін жұмыс істеуге әркез дайынбыз.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: