Жексенбі, 24 қараша, 19:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

«DALATEX»: дамудың даңғылына қадам

23.07.2024

447 0

Ашылғанына он жыл да толған жоқ, бірақ нарықта өзінің орнын алып үлгерген «DALATEX» компаниясының жұмысы өрге басты. Республика бойынша танылып, бұл күнде компания өнімін сырттан іздеп келетіндер қатары қалың. Ойға алған айқын жоспарға нық қадам басу арқылы көздеген мақсатқа жетуге болатынын дəлелдеген серіктестік үлкейіп, бүгінде жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Бір кездері ортасында шаңы шығып, қып-қызыл би алаңына айналған «Бəйтерек» мейрамханасының бір бөлігінде қазір қаз-қатар тігінші қыздар орналасыпты.

«Қазақ елі өзінің кең байтақ даласымен мақтанады. Осы қазақтың даласында да өнім шығарамыз деген оймен қойылған атау болатын» деп әңгімесін бастаған компания негізін қалаушы Ділмұхамед Абызов мекемеде осы күні 70-ке тарта қызметкер нан тауып жүргенін айтады. Олардың кейбірі тіпті, тігін әлемінен хабарсыз болып келсе де осында еңбектеніп, маманданып алған. Бастысы, қабілеті мен үйренуге ынтасы бар.

– Бізге тәжірибеден өтуге келетін студенттердің өзіне еңбекақы жазылады. Мен біреудің ақысын жемеймін, әрбір ісім адал болсын деймін. Екінші жағынан олар әрі оқып, әрі табыс тауып жатса, осында қалуға ұмтылысы болады. Біз осылай маман тапшылығын да жоя аламыз. Әрі жұмыссыздар армиясының қатарын азайтуға септесеміз. Оның үстіне, мұнда жұмыс істеген маманның өсуіне зор мүмкіндік бар. Қарым-қабілеті мен ұмтылысы алға жетелеген мамандарды қазір басшылық қызметке де қойып жатырмыз, – дейді Ділмұхамед Мнуарбекұлы.

Ә дегенде ерлерге арналған жейде шығарумен айналысқан кәсіпорын қазір ауқымын кеңейткен. Атағы Алашқа тараған алпауыт компаниялардың қызметтік формасын да дайындайды. Алдағы уақытта заманауи ерлер күртесін тігуді ойлап жүр. Әрине, ойда жоспар көп. Бірақ тігінші мамандардың тапшылығы жағдайды қиындатып тұр.

 – 2016 жылы осы фабриканы ашқандағы басты мақсат ерлерге арналған күнделікті киетін жейделер тігу болатын. Осы арманыма қол жеткізіп, еліміздің бүкіл аумағында жейделеріміз сұранысқа ие болды. Ал 2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуларға қатысып, күштік құрылымдарға арналған нысанды киіммен қамту өндірісін қолға алдық. Одан кейін алдымызға тағы бір мақсат қойып, өндірістік салаға арналған арнайы киім тігу бойынша жұмыстарды бастап кеттік. 2020 жылдан бастап «СамұрықҚазына» электронды сатып алу жүйесі арқылы тендерлерге қатысып, еліміздегі ірі мұнай-газ және өзге де компаниялардың арнайы киімдерін тігіп, жеткізу жұмыстарын жүзеге асырып келеміз. Сондай-ақ 2020 жылы пандемия кезінде бетперделер тіктік. Одан бөлек қыз және ер балаларға арналған мектеп формалары мен жейделерін тігіп, нарыққа шығарған едік. Қазір тіпті компаниямызда бірнеше өндірістік цех ашып, бірнеше бағытқа қарай алып кеткіміз келеді. Ол үшін әрине, жұмыс күші керек. Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұр, – дейді кәсіпкер.

Сан салалы кәсіпте мидың 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істеп тұратыны бар. Мұнан соң әрбір қиындық кәсіпкерді пісіреді, қаржылық сауатын арттырады. Міне, Ділмұхамед Мінуарбекұлы да кәсіпте тәуекел деген ұғыммен дос екенін айтады.

 – Меніңше, кәсіптің ең оңай түрі дайын тауарды сатып алып, қайта сату. Ал өндірістік жұмыс ол мүлдем басқа. Әрбір саланың өз қиыншылықтары болады. Өндірісте сол қиындықтармен жиі кездесіп тұрамыз. Нақты осы жеңіл өнеркәсіп саласын айтар болсам, ол біріншіден, білікті кадрлардың тапшылығы. Технолог, конструктор мамандарды айтпағанда, қарапайым тігіншілерді табудың өзі қиынға соғып тұр. Қазір жастардың өмірлік ұстанымдары бөлек пе, әлде мамандық таңдағанда жете ойланбай ма, білмедім, бірақ орта арнаулы оқу орындарында осы мамандықта оқып жатқан жастардың жұмысқа қатысты жоспарлары басқа. Бұл мәселені де шешіп келеміз, жұмыс істеуге ынтасы бар қыз-келіншектерді өзіміз тігіншілік өнерге үйретудеміз. Қазір кәсіпті кеңейтіп жатырмыз. Үлкен жаңа ғимарат кәсібімізге жаңа мүмкіндіктер береді деп сенемін. Жоспарлар көп. Жаңа өндірістер ашу, киім ассортиментін кеңейту сынды жоспарларымыз бар.Соларды іске асыру үшін аянбай еңбек етудеміз, – дейді кәсіпорын басшысы.

«Тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де кетесің» деген керемет бір сөз бар. Осыны ойға алған Ділмұхамед Абызов кәсіпті сан қырынан танып, әртараптандыруды да ойға алып жүр. Бірақ өзгермейтін бірнәрсе бар. Ол «DALATEX»- тің ең бірінші өнімі – ерлер жейдесі.

 – «DALATEX» брендінің қалыптасуы осы ерлерге арналған жейделеріміздің арқасында болды десем, қате айтпаймын. Қазіргі күні жұмыс ауқымына байланысты, жейделеріміз бұрынғы көлемде тігіліп жатқан жоқ. Бірақ жейделерімізді Қызылордадан ғана емес, басқа қалалардан іздеп келушілер көп. Сондықтан оларды назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, әрине. Тағы бір айта кетерлігі, ең алдымен мақсатың айқын болу керек. Одан кейін табандылық керек. Ешқандай кәсіп бір бастағаннан толағай табыс әкелмейді. Сол себепті тапжылмай еңбек ету керек. Бұл жолда көптеген қиындықтар кездеседі, сол қиындықтардан сынып қалмай, керісінше сабақ алу керек деп ойлаймын. Қазір міне, осы деңгейге жеткеніміз жоғарыда айтқан қасиеттердің арқасында болар, – дейді Ділмұхамед Мінуарбекұлы.

 Еңбектенген адамның мұратқа жететіні анық. Әйтсе де, алған беттен қайтпайтын қайсарлық пен табандылық – кәсіпкерге ең керек қасиет. Мұны біз Абызов айтқан тәжірибеден айқын аңғардық.

Дәулет ҚЫРДАН,

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: