Мектеп, білім, мұғалім бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл сөздің құдіретін ұға білу де парыз. Шәкірттері білімді, дарынды мектептер қаламызда көптеп саналады. Солардың бірі – Ж.Қизатов атындағы №23 мектеп-лицейі. Биыл мектепке – 40 жыл. Осы 40 жыл уақыт ішінде мыңдаған түлек осы мектепте білім алды. Олар қазіргі таңда өмірдің әр саласында жемісті еңбек етуде. Білім мен тәрбиені қатар берген мектепте түлектер көңіл түкпірінен өшірмейтін талай өнегелі істер бар.
Бүгінгі таңда заман ағымы өрендерге әр түрлі бағытта бағдар беруге үлкен жауапкершілікті талап етіп отыр. Дарынды бала бәріміздің мақтанышымыз, сонымен бірге ол – ортасының өнегесі. Тәрбие ісі озықты үлгі етуге негізделгендіктен, балалардың кез келген жетістігін сынып та, мектеп те насихаттап, талабын ұштап отыру әркезде маңызды. Бұл тұрғыдағы жұмыс мектеп директоры Бақытжан Дүйсенбаевтың қолдауымен жоғары деңгейде жүргізіліп келеді.
– Ұрпағымыз білімді, болашағымыз жарқын болуы үшін жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – бүгінгі күннің басты талабы. Оқушылар еліміздің туын аспандатып, тұтқасын ұстар тірегі жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті ұрпақ болып өсуі қажет. Біздің мектептің басты ұстанымы да – осы, – дейді мектеп директоры Бақытжан Дүйсенбаев.
Білім ұясының тарихына тоқталып өтсек, 1985 жылы сегіз жылдық мектеп болып ашылды. 1987 жылдан бастап, №23 орта мектеп болды. 2000 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың есімі берілді. 2005 жылы мектеп алдына батырдың бюсті орнатылды. 2009 жылдан бастап мектеп-лицей статусын алып, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, білім көшін одан әрі жалғап келеді.
Тарих парақтарын зерделесек, оқу ордасын әр кезеңде Әбсәмет Құсайынов, Мария Алдоңғарова, Раушан Қарсақбаева, Наталья Жұмаділдаева, Ләйлә Қожаниязова секілді азаматтар басқарған. Олар мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және оқу – тәрбие үрдісін жаңартуға күш салды.
40 жылдық тарихы бар білім ұясы бүгінде көптеген жетістікке жетті. Мәртебесі биіктеп, түлектері көптеген беделді оқу орнына түсіп, елге қызмет етуге. Мектеп мұғалімдерінің қажырлы жұмысының нәтижесінде әр оқу жылында білім олимпиадасына қатысқан өрендер жүлдемен оралады. Оқушылардың білім деңгейі жыл сайын түлектер арасында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде таразыланып келеді. Мектеп түлектері ҰБТ-дан жақсы нәтиже көрсетіп, абыройы асқақтай түсуде. Мектепте 1989-1990 оқу жылы мен 1991-1992 оқу жылы аралығында 6 күміс медаль, 1992-1993 оқу жылы мен 2016-2017 оқу жылы аралығында 69 үздік аттестат иегерлері болса, 1999-2000 оқу жылында Қызылорда облысы бойынша ең алғашқы «Алтын белгі» иегері Роза Тайманова салған жолды жалғастырушылар қатары жылдан-жылға артып келеді. 2000-2024 жылдар аралығында мектепте 91 түлек «Алтын белгі» иегерлері, 58 түлек «Үздік аттестат» иеленді.
Үкілеген үмітті ақтаған олар қазақстандық жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант иегері атанған. Бұл мектептен ұстаз тәлімі мен тағылымын бойына сіңірген қаншама шәкірт түлеп ұшты. Олар бүгінде арман мақсаттарына қол жеткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет етіп жүрген маман иелері.
Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Қазіргі таңда мектеп жаңаша кейіпке енген. Мұғалімдердің шығармашылықпен айналысуына, оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік мол. Соның нәтижесінде жыл сайын мектеп мұғалімдері кәсіби байқаулардан, оқушылары пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардан жоғары нәтиже көрсетіп, республикалық деңгейде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап айтсақ, III республикалық «Сардар» пәндік олимпиадасының жеңімпазын даярлаған алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Р.Огай «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгіні иеленген. Биология пәні мұғалімі А.Киясова республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауынан ІІ орын, Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік педагог – 2022» атағын және «Үздік педагог» төсбелгісін иеленіп, ал 2023 жылы ұстаз «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері атанған. 2024 жылы республикалық дәрежедегі эксперт, мектептің педагог-шебер ұстазы, физика-математика пәнінің мұғалімі Д.Жұматаева «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісімен марапатталған. Ал өткен жылы олимпиада, ғылыми жобалар мен байқаулар нәтижесімен қалалық білім бөлімінің жыл қорытындысы бойынша мектеп ұжымы «Дарынды оқушылар мекені» номинациясын иеленді. Биыл мерейлі жылда «40 жылға – 40 жоспар» аясында түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырылуда.
– Білім ордасының 40 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесе отырып, «Сөз маржан» атты зияткерлік сайыс өтті. Достық пен татулықты ұлықтаған шарада оқушылар белсенділік танытып, үш тілді еркін меңгергенін, ұлттық тәрбиені бойына сіңіргенін көрсетті. Сонымен қатар химия және биология пәні мұғалімдерінің қатысуымен «Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже» тақырыбында онлайн форматта республикалық семинар болып өтті. Одан бөлек, түлектермен кездесу өтті. Бұл шараға мектеп ардагер-ұстаздары, мектеп түлектері, оқушылардың ата аналары қонақ болып, концерттік бағдарламаның куәгері болды. Сонымен қатар «Тамыры терең мектебім» атты мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, ардагер ұстаздар, Кеңес одағының батыры Ж.Қизатовтың отбасы мүшелері, мектеп түлектері қатысты. Салтанатты шара кеңес одағының батыры Ж.Қизатовтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Шара аясында мектеп тарихына арналған «Батыр атындағы білім ордасы» кітабының тұсаукесер рәсімі, кеңес одағының батыры Ж.Қизатовқа арналған «Ерлікке тағзым» атты бұрыштың таныстырылымы болды. Шара соңы мерекелік концертке жалғасты. Мерейлі жылдағы мәнді іс-шараның бірі Жәлел Қизатов атындағы ағылшын тілінен пәндік олимпиаданың өтуі. Сонымен қатар жыл бойы қалалық, облыстық, республикалық деңгейде конференциялар, шеберлік сыныптар, пәндік олимпиадалар, әр алуан бағыттағы түрлі сайыстар мен байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Осы шараларды қорытындылап, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қорытынды концерт өтті. Бұл күні білім мен тәрбиені қатар алып жүрген бірқатар мектеп мұғалімдері марапатталды, – деді мектеп директоры Бақытжан Дүйсенбаев.

Білім ұясы 40 жыл уақыт аралығында талай толағай табыстарға жетті. Шәкірттеріне тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытты.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!