Бейбарыс сұлтан көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының қиылысында орналасқан еңселі де сәулетті ғимарат алыстан менмұндалап тұр. Ғимарат іші бүгінде балаларға толы.
«Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық-инновациялық академиясы директорының міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызының айтуынша, орталыққа балалардың қызығушылығы жоғары.
– Шығармашылық академия – дарынды жастардың ордасы. Қазіргі кезде білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүмкіндіктерге айналды. Заман талабына сай ойы ұшқыр, алғыр да зерек бала үшін мүмкіндіктер өте көп. Ал бұл орталық балаларға сол мүмкіндіктер есігін ашып берді, – дейді ол.
Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі бар. Барлық залда ұлдар мен қыздарға арналған жеке-жеке киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Көркемдік-эстетикалық бағытта кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шығармашылығы шеберханасы, сәндік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, робототехника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, киберспорт және математика кабинеттері жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүмкіндіктерге, шығармашылық шектеуі жоқ кеңістікке жол ашып отыр. Бұл мүмкіндікті жас өрендер тиімді пайдалануда. Түрлі бағытта үйірмелерге қатысып жүрген балалардың көзінен қуаныш сезімі байқалады.
– Академияда 7 жастан 17 жасқа дейінгі оқушыларды қабылдаймыз. Дегенмен әр үйірменің қояр талабы әртүрлі. Ғимарат 3 қабаттан тұрады. 6 бағыт бойынша 52 үйірме жұмыс істейді. Бір мезетте 500 бала, күніне 3000 бала осы жерде қосымша білім алады. Негізінен бассейн мен шахмат үйірмесіне сұраныс көп. Негізі орталыққа келген баланың кәсіби құзыреттілігі артады деген ойдамын. Себебі бұл жерде әрбір бала қай мамандыққа барғысы келетінін анықтауға мүмкіндік болады. Кәсіби бағдар беруді балаға 5-сыныптан бастаған дұрыс. Сондықтан да жоғары сыныпқа көшкен оқушылар өзінің мамандығын дұрыс таңдауға мүмкіндік болады. Алдағы уақытта дарынды балаларды әртүрлі конкурстарға, жарыстарға қатысу жоспарда бар. Бір бала екі үйірмеге қатысуға болады. Үйірмеге тіркелген балалар реттілік бойынша шақырылған, – дейді Жанар Бимұратқызы.
Үйірме жетекшілеріне нақты жоспар, бағыт-бағдар берілген. Сол бағытта баланың қабілетін тану мақсатында нәтижелі жұмыстар болады деген жоспар бар. Үйірмеге жазылу туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы бақылап отыруға болады.
Аймақта өнерлі балаларды қолдау мақсатында мұндай орталықтың ашылуы қуантарлық жайт. Себебі өскелең ұрпақты тәрбиелеп, жақсы бағыт-бағдар беру – басты парыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!