Сейсенбі, 22 сәуiр, 12:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№29, 2142
22.04.2025
PDF мұрағаты

Дарынды жастардың ордасы болады

22.04.2025

110 0

Қаланың кіре берісінен Бейбарыс Сұлтан көшесі мен Н.Назарбаев даңғылының қиылысында еңселі де сәулетті ғимарат бой көтеруде. Қаланың кей тұрғындары «Бұл қандай ғимарат?» деп бір-бірінен сұрап жүргенінің талай рет куәсі болдық. Еңселі ғимаратқа арнайы барып, мұндағы құрылыс жұмыстарымен танысып қайттық.

Аймақтың ажарын айшықтап, сәулетіне сән қосатын, өңірдің өсіп-өркендеуіне жаңаша серпін беретін мұндай үлкен ғимараттардың үлесі зор. Бұл – 2024 жылдың маусым айында құрылысы басталған инновациялық шығармашылық орталығы. Заманауи нысан ғылыми-техникалық және спорттық сауықтыру бағытында жұмыс істейді. Бас мердігер – «Bi Global» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Алатау Сапа Құрылыс» ЖШС.

Қазіргі уақытта құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, нысан басында 250 адам, 10 арнайы техника жұмыс істеуде. Жаңа ғимарат маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына ерекше көңіл бөлу – бүгінгі күннің басты мақсаты. Осы орайда, жас жеткіншектердің талантын шыңдап, кәсіби бағдар алуына мектептен тыс білім беру мен тәрбиенің тигізер үлесі зор.  Шығармашылық орталықта оқушылардың білімін жетілдіріп, ғылыми жұмыстармен айналысуына да мүмкіндік жасалады. Атап айтсақ, орталықта балаларға спорттық сауықтырудан бөлек, көркем-эстетикалық, ғылыми-техникалық, тарихи-өлкетану, гуманитарлық бағытта қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, бассейн, соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Демек, ғылымға құштар жастар мен спортқа бейім жас буын мұнда қосымша шыңдалады. Шығармашылық орталық – облыс орталығынан бой көтерген көпбейінді әмбебап кешен. Жаңа нысан дарынды жастардың ордасына айналары сөзсіз. Себебі қазіргі уақытта білім беру жүйесі жаңа технологияларға, жаңа мүмкіндіктерге, шығармашылық шектеуі жоқ кеңістікке жол ашып отыр.

Бүгінгі мақсат адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындыру. Ал бұл мақсатты орындауға заманауи тұрғыда салынған жаңа ғимарат шығармашылық орталықтың септігі тиері анық.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суретті түсірген Н.Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: