Сейсенбі, 24 ақпан, 01:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Дастан Құрманбаев, Қызылорда облысының бас имамы: Рамазан – рухани жаңғыру және береке айы

24.02.2026

49 0

Рамазан айы күллі мұсылман қауымы үшін рухани тазару, сабыр мен тақуалыққа тәрбиелену кезеңі. Сондай-ақ бұл айда адам мінез-құлқын түзеп, жүрек пен ниетін тазалап, үлкен рухани мектептен өтеді. Ораза айының қадір-қасиеті, адамзаттың құдіретті Алла тағаланың рақымына бөлену амалдары  және ораза айында орындалатын өнеге боларлық әдеп жайында облыстың бас имамы Дастан Құрманбаевпен сұхбаттасқан едік.   

– Мейірім шуағы мол Рамазан айы да келіп жетті. Сауабы мол қасиетті айда мұсылмандар  оразаны сағынышпен  күтеді. Рақымы мол Алла тағала осы қасиетті күндерге қандай сый-сияпат пен сауап жасырған?

– Ораза – ең алдымен жүректің амалы. Рамазан – жүректі тазартуға, ниетті түзетуге, нәпсіні тәрбиелеуге және тақуалыққа жетуге мүмкіндік берілген қасиетті ай. Оразаның шынайы мәнін түсінген адам ас пен судан тыйылуды басты мақсат етпейді. Ауыз бекітудегі негізгі мақсат – ой мен жүректі түрлі дерттен тазалау, ішкі жан дүниені көркем мінезбен безендіру.

Рамазан оразасының мәртебесі өте жоғары болуы­ның сыры оның сауабының санына ешкім жете алмайды. Себебі  Алла Тағала Қудси хадисте: «Оразадан басқа барлық жақсы амалдың сауабы он еседен жеті жүз есеге дейін артады. Өйткені ораза мен үшін атқарылды. Ендеше оның сауабын мен беремін» деген. Шынында, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шынында сабыр еткендер сауаптарын есепсіз (мол) алады» дейді. Құлшылықтар ішінде сабырды сынайтын амал ораза екені айдан анық. Демек, оразаны лайықты түрде тұтсақ, сансыз сауапқа кенелеріміз анық.

Көптеген адам  тақуалық жолына рамазан айында ораза ұстау арқылы келіп жатады. Логикалық тұрғыдан бұның бірінші әсері Рамазан айында шайтанның адамды азғыру, тура жолдан тайдыру есігі жабылғандықтан дер едік. Ал негізгі себебіне келер болсақ, Алла елшісі: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ал құлшылықтар есігі – ораза» деген. Шынында, ораза – бес парыздың ішінде сабырлықты аса талап ететін, кәффараты (құлшылық нормасын әдейі бұзған жағдайда орнын толтыру) ең ауыр құлшылық. Сондықтан да  ораза құлшылығына төзімділік танытқан адамға басқа құлшылықтар оразаға қарағанда жеңіл тимек.

Ораза ұстаған адам жәннаттың есігін қаққан адаммен тең. Сол себепті де Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша (оған Алла оған риза болғай) анамызға: «Жәннәттің есігін қағуыңды тоқтатпа» дегенде Айша анамыз: «Қалай қағамын?» дейді. Сонда Алла елшісі: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  «Аштықпен қақ» деген екен. Бұл хадис біздің әрбір ұстаған оразамыздағы ашығуымыз жәннаттың есігін қаққанымызбен тең екеніне дәлел болмақ.

Ораза жайлы хадистерде «Ораза Мен үшін. Әрі оның сауабын Мен беремін» деген мағынадағы мәтін қайталанады. Мұның сыры неде? Адамның ғибадатын талдар болсақ, намазды оқығаныңыз не оқымағаныңыз айналаңыздағы адамдарға белгілі. Сол сияқты басқа құлшылықтар да куә болған адамға белгілі болып тұрады. Ал оразаның жайы басқа. Оразада аштық пен шөлге төзімділік танытқаныңыз өзгелерге сезілмек түгілі көрінбейді де. Сондықтан оразадағы ықыласыңызды өзгелерге қаншалықты түсіндіріп суреттегеніңізбен тек Алла мен сіздің араңызда ғана ақиқи көрініс табады. Бұл дегеніміз Алладан басқаға көрсете алмайтын жалғыз құлшылығыңыз – ол ораза екенін айқындайды.

Ораза ұстаған адамның ең көп тартатын қиындығы – шөл. Ашыққаннан емес, шөл қысқаннан көп адамдар қиналып жатады. Алла Тағала оразадағы шөлдеген құлдарына Райян жәннатын нәсіп еткен. Бұл есіктен тек ораза ұстаған адамдар ғана кіреді. Дәлел ретінде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәннәттің сегіз есігі бар. Олардың қатарын­да Райян атты есік бар. Ол есіктен тек ораза ұстағандар кіреді» деген хадисі келтірілген. «Райян» сөзінің мағынасы «шөлі қанған» дегенді білдіреді. Сондықтан да, Райян осы дүниеде Алла үшін ораза ұстап, шөлдеген адамға тиесілі болмақ.

– Әйел ораза ұстау үшін әйел отағасының келісімін алу керек пе?

– Ислам дінінде ораза ұстау – ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына толған әрбір мұсылманға парыз амал. Әйел адамның ораза ұстауына қатысты мәселеге келсек, мұнда парыз ораза мен нәпіл (ерікті) оразаның ара­сын ажыратып алу маңызды. Рамазан айын­дағы парыз оразаны ұстау үшін әйел бала­сына отағасының немесе басқа біреудің рұқ­саты қажет емес, өйткені бұл – Жаратушы Алланың тікелей бұйрығы. Алланың бұйрығы орындалатын жерде пенденің рұқсаты сұрал­майды. Алайда Рамазаннан тыс уақытта ұста­латын нәпіл оразалар үшін әйел адам күйеуінің келісімін алуы тиіс. Бұл отбасындағы сыйлас­тықты сақтау және ерлі-зайыптылық міндет­терді орындау тұрғысынан бекітілген әдеп. Егер күйеуі рұқсат берсе, оның сауабы, тіпті, еселене түспек.

– Бұрынғы өтелмей қалған ораза күн­дерінің қазасын ораза тұтудан бұрын ұстау міндет пе? Ораза тұтып болған соң да қарызын өтеуге бола ма?

– Шариғат бойынша, өткен Рамазан ай­ларында түрлі себептермен (науқастану, сапарда болу және т.б.) қаза болған күндерді келесі Рамазан айы басталғанға дейін өтеп үлгеру – абзал амал және мұсылманның мойнындағы қарызы. Алайда  егер адам түрлі себептермен немесе салғырттықпен бұрынғы қазаларын жаңа Рамазан айы туғанға дейін өтеп үлгермесе, онда ол алдымен осы жылғы Рамазан оразасын толық ұстауы тиіс. Яғни, Рамазан айы кірген сәтте тек сол айдың оразасы ұсталады, ал ескі қарыздар Рамазан айы аяқталғаннан кейін ғана өтеледі.

Бұрынғы өтелмей қалған күндердің қазасын жаңа Рамазан басталғанша өтеу міндет болғанымен, егер ол өтелмей қалса, оразаның қазасы мойныңыздан түспейді. Оны Рамазан айы бітіп, Шәууал айы басталғаннан кейін немесе жылдың кез келген басқа уақытында өтеуге толық мүмкіндігіңіз бар. Ең бастысы, Рамазан айының ішінде қаза ораза ниет етілмейді, тек парыз болған осы айдың оразасы тұтылады. Сондықтан «қарызымды өтемей жаңа оразаны бастауға болмайды» деген түсінік қате.

– Қадір түнінде дұға етумен қоса қандай амалдар жасау керек?

– Қасиетті Қадір түні – мың айдан да қайырлы, періштелер жер бетіне түсіп, Алла­ның рақымы төгілетін ерекше сәт. Бұл түнде ең бірінші орында дұға тұрады. Сондай-ақ  дұғамен қатар рухани дәрежені көтеретін бірқатар сауапты амалдарды атқарудың маңызы зор.

Ең алдымен, бұл түн – Құран Кәрім түсе бастаған түн болғандықтан, Құран оқуға және оның мағынасына терең бойлауға ерекше көңіл бөлу қажет. Құранды хатым ету немесе білетін сүрелерді қайталап, Алланың кәләмі­не құлақ түру – осы түннің басты көркі. Соны­мен қатар  бұл түнде нәпіл намаздарды көп­теп оқу, әсіресе, «Тәһажжуд» және «Тәсбих» намаздарын өтеу адамның жүрегін тазар­тып, жаратушыға жақындата түседі. Намаз ішін­дегі сәжделерді ұзағырақ жасап, іштей тәубе ету – үлкен сауап.

Дұғамен қатар, Алланы зікір ету және Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеп салауат айту – бұл түннің ажырамас бөлігі. Сонымен қатар  Қадір түнінде жасалған қайырымдылық пен садақаның сауабы еселеніп жазылады, сон­дықтан мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақын туыстар мен көршілерге жақсылық жасау абзал. Ең бастысы, бұл түнді өткен қате-күнәлар үшін шын жүректен тәубе етуге, біреуге деген реніш болса, оны кешіруге және рухани жаңаруға арнау керек. Осылайша, құлшылықтың әр түрін үйлестіре білген адам Қадір түнінің толық берекесіне кенеледі.

– Ұялы телефонның қоңырауына дұға­лардың дыбысын қосып қойған дұрыс па?

– Ұялы телефонның қоңырауына Құран аяттарын, азан дыбысын немесе дұғаларды қою дұрыс емес және әдепсіздік болып саналады. Мұның бірнеше маңызды себебі бар. Біріншіден, Құран мен дұға – Алла Тағаланың қасиетті сөзі мен оған жалбарынудың құра­лы, ол ерекше ықыласпен, дәретпен және тыныштықта тыңдалуы тиіс. Ал телефон қоңырауы кез келген уақытта, кез келген  орын­дарда шырылдауы мүмкін, бұл қасиетті сөз­дердің қадірін түсіреді.

Екіншіден, телефон шырылдағанда біз оны бірден көтеріп, сөздің ортасынан үзіп тастаймыз. Құран аятын немесе дұғаны мағы­насын аяқтамай үзіп жіберу – сөздің мәнін бұзу. Сондықтан діни рәміздер мен қасиетті мәтіндерді телефонның қоңырауы ретінде пайдаланудан сақтанған жөн. Ал дұғалар мен Құранды арнайы уақыт бөліп, зейін қойып тыңдау – нағыз мұсылманға тән әдеп.

– Құрбан айт 3 күн екенінен хабардармыз. Ал Ораза айт неше күн болып белгіленген?

– Шариғат бойынша Ораза айт мерекесі негізінен бір күн болып есептеледі. Дәл осы күні, яғни, Шәууал айының бірінші күні мұсылман қауымы айт намазын оқып, отыз күндік оразаның аяқталуын мерекелейді. Бұл күні ораза ұстауға тыйым салынады. Алайда халық арасындағы қалыптасқан дәстүр бойынша және мерекелік көңіл-күйді ұзарту мақсатында ораза айт үш күнге дейін созылып тойланады. Бұл күндері мұсылмандар бір-бірінің үйіне қонаққа барып, айттық дастархан жайып, ағайын-туыстың көңілін аулайды.

Айта кететін маңызды жайт, Шәууал айының екінші күнінен бастап бұрынғы қаза оразаны немесе сауабы мол алты күндік Шәууал оразасын ұстауға рұқсат беріледі. Демек, діни тұрғыдан алғанда, ораза ұстауға болмайтын «Айт күні» тек бірінші күн болса, мерекелеу мен қуаныш бөлісу жағынан ол үш күнге жалғасады.

– Құрбан шалудың да тәртібі бар. Шариғатта құрбан шалу үшін мұсылманның қанша мөлшерде табысы болу керек? Құрбандыққа қандай мал шалуға болады?

– Құрбандық шалу – мал-мүлкі зекет мөлшеріне жеткен әрбір ақыл-есі дұрыс, азат және сапарда емес мұсылманға уәжіп, яғни, міндет амал.

Қаржылық жағдайға келетін болсақ, құрбан шалу міндетті болуы үшін адамның меншігінде негізгі қажеттіліктерінен, атап айтқанда, үйі, көлігі, киім-кешегі, бір жылдық азық-түлігі және қарыздарынан тыс «нисап мөлшеріне» жететін артық байлығы болуы шарт. Бекітілген нисап мөлшері – 85 грамм алтынның құнына тең қаражат. Егер адамның қолында дәл осы мөлшерде немесе одан көп ақшасы, болмаса соған тең келетін тауары болса, оған құрбан шалу – міндет. Ал табысы бұл мөлшерге жетпейтін жандарға құрбандық шалу міндет емес, бірақ ниет етіп шалса, сауабы жазылады.

Құрбандыққа шалынатын малдың жағ­дайы­на келсек, шариғат бойынша мал­дың айтарлықтай кемшіліктері болмауы бас­ты шарт. Малдың он екі мүшесінің сау болуы міндетті емес, алайда құрбандыққа жарамайтын үлкен кемістіктерден аман болуы тиіс. Мысалы, екі көзі немесе бір көзі соқыр, жүре алмайтындай ақсақ, тым арық, мүйізі түбінен жұлынған немесе құлағының, құйрығының басым бөлігі, яғни, жартысынан көбі кесілген мал құрбандыққа жарамайды. Ал егер малдың мүйізі сәл сынған болса, құлағы тесілген немесе таңбаланған болса, аздап ақсаңдаса, мұндай аздаған кемшіліктер құрбандыққа кедергі келтірмейді. Ең бастысы, Алла жолында ұсынылатын сыйдың мүмкіндігінше ең жақсы, ең сау және мінсіз болғаны абзал.

– Биылға әр жан басына берілетін пітір садақаның мөлшері қандай?

– Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының төралқа мәжілісінде биылғы пітір садақасының мөлшері жан басына 735 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөл­шері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. Бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен немесе 4 келі құрмамен  бергені абзалырақ.

– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: