Жексенбі, 13 сәуiр, 01:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№26,2139
12.04.2025
PDF мұрағаты

«Декретке миллионмен» арман емес

12.04.2025

180 0

Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, «декретке миллионмен» деген жарнамадан

көз сүрінеді. Ал миллионды естіген әйелдердің құлағы елең ете қалғаны анық.

Рас, көп әйел декретке миллионмен шығудың мүмкіндіктерін пайдаланды.

Алайда бұл істің де соңында заңсыздықтар анықталды. Мәселен, «елімізде декреттік төлемді заңсыз жолмен алған 113 әйел сотталуы мүмкін» деген ақпарат, миллиондарды қалтаға басқандарды қорқытып алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова оларға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Ал келтірілген шығын көлемі – 158 млн теңге.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 1,5 мың адам өздерінің табысын жасанды түрде көбейткенін мойындаған. Осылайша, әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорындағы 3,4 млрд актив сақталған.

Осы жылдың 8 сәуірінен бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «декретке миллионмен» шығу мүмкіндігіне шектеу қойды. Министрліктің  мұндай қадамға баруына көбірек төлем алу үшін табысын арттыру жағдайларының жиілеп кетуі себеп болып отыр. Сонымен «декретке миллионмен» шығуды жоспарлап жүргендер енді не істемек?

Жаңа ереже

Сонымен, жүктілік пен босануға, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу ережелеріне өзгерістер енді. Қандай өзгерістер болмақ?

Декреттік төлемдердің қолжетімділігін арт­тыру мақсатында 8 сәуірден бастап өтініш берудің электрондық жүйесі енгізіледі. Қызметкерлер мемлекеттік мекемелерге немесе жұмыс берушіге бармай-ақ мемлекеттік қызметтер порталы немесе онлайн-сервистер арқылы декреттік төлемдерді алуға өтініш беруге мүмкіндік болмақ. Сонымен қатар жұмыс беруші барлық қажетті деректерді электронды түрде ұсынуға міндетті. Бұл жәрдем­ақыларды есептеу және төлеу процесін жеделдетеді. Жаңа өзгерістер мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорының қаражатын неғұрлым әділ бөлуді қамтамасыз етуге арналған. Соңғы жылдары елі­мізде жоғары декреттік төлемдер алу үшін жалған артық кірістер өсуі байқалған.

– Негізгі өзгерістердің бірі – декреттік төлемдер­ді қайта есептеу. Осы уақытқа дейін төлемдер мөлшері соңғы екі жылдағы орташа табысқа байланысты болды. Ол үшін ай сайынғы табыс жеті ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көлемінен аспауы тиіс. 2025 жылы бұл сома айына 595 мың теңгені құрайды. Бұл шектеу жүктілік және босану кезеңіне, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты төлемдерге қатысты. Егер табыс одан жоғары болса немесе бірнеше жұмысы болса да, ең жоғары 595 мың теңге ретінде есептеледі. Бұрын бала күтімі бойынша біржолғы төлем үшін әйелдің бірнеше жұмысы болса, әрқайсысынан максималды төлем алуға мүмкіндігі бар еді, – дейді онлайн қызмет көрсету маманы Бағлан Тілеубергенова.

Сонымен қатар «әлеуметтік тәуекел» бастал­ғаннан кейінгі төлемдер есепке алынбайды. Жаңа ережелерге сәйкес, жүктілік басталғаннан кейінгі немесе бала күтімі демалысына шыққаннан кейінгі кезеңде жасалған әлеуметтік аударымдар төлем есе­біне кірмейді. Бұл ерекшелік төлемдердің заңсыз ұлғаюына әкелуі мүмкін артық кірістің алдын алады.

– «Декретке миллионмен» шығуға әлі де мүм­кіндік бар. Тек мемлекет артық шығынға жол бермеудің алдын алды. Мәселен, тексерулер нәтижесінде миллиондарды қалтаға қағу үшін тиесілі мөлшерден артық төлем алатындарды анық­таған. Енді осындай айла-амалдар болмайды. Негізі барлығында да заңды түрде жасаған жөн. Мен көп әйелге миллионмен шығуға мүмкіндік жасадым. Бірақ заңсыз әрекетке бармадық. Жүкті әйелдер де тек заңды түрде табыстарын көрсетті. Жалпы төлем мөлшері азайған жоқ. Әлде де декретке миллионмен шығуға болады, тек жалақы мөлшері соған сай болуға тиіс, – дейді онлайн қызмет көрсету маманы Бағлан Тілеубергенова. 

Соңғы екі жылда жеке кәсіпкер ретінде тір­келгендердің саны күрт артқан. Олардың қандай іспен айналысатындары жөнінде нақты дерек жоқ. Тіпті оның ішінде декретке миллион үшін уақытша тіркелгендер болуы да әбден мүмкін.

Миллионер ана болуға мүмкіндік бар

«Декретке – миллионмен» курсын  әлеуметтік желі арқылы Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев жүргізген еді. Оның «Dauletten kz» ақпараттық-танымдық порталында осыған қатысты мәліметтер әлі де бар. Тіпті арнайы онлайн курс өткізіп, қазақ әйелдерінің көбін қаржылық жағынан сауаттандырып, біразын миллионер етті. Одан кейін сол курсты оқып алып, әйелдерді декретке миллионмен шығаратындар қаптап кетті. Қай қалада болсаңыз да онлайн, офлайн кеңес алып, талай әйелді декретке миллионмен шығаруда. Осындай курстардың нәтижесінде  қала тұрғыны Ботагөз Мәдіғали да миллионер ана атанды.

– Сәбидің дүниеге келуі айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етеді. Сондықтан қалтаңда артық қаржы болса артықтық етпейді. Ана болуға дайындалып жүргенде болашақ сәбидің барлық жағдайы қамтамасыз етілгенін қалайсың. Бұл тұрғыда қаржы мәселесі де бар, әрине. Соңғы жылдары миллионмен декретке шығып жатқандар көбейгені рас. Мұндай жағдайға мен де қызықтым. Заңды түрде өзіме тиесілі қаржыны алғым келді. Тиісті мамандармен кеңес ала отырып, ҚР Еңбек кодексінде әлеуметтік демалысты тағайындаудың ережелері бойынша құжаттарымды тапсырдым. Сөйтіп,  1,5 милионнан аса ақша тағайындалды, 1 440 000 теңгені қолым алдым, – дейді ол. 

Жоғарыда айтып өткендей, жүкті әйелдерді декретке миллионмен шығарып беретіндер көп. Деген­мен олардың көпшілігі пікір беруден бас тартты.

Р.S. Декреттік демалыс – отбасы үшін қаржылық қиын кезең. Сол уақыттағы бюджеттің негізгі ауыртпалығы жұмыс істейтін ата-ананың біреуіне ғана артылады. Сондықтан жағдайды жеңілдету үшін мемлекет ата-аналарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесін құрған. Болашақ аналардың миллионмен декретке шығуы үшін де мүмкіндік берілген. Тек кейбір әйелдер заңды белшесінен басып, заңсыздыққа бармаса болғаны. Себебі басқа­лардың заңсыз әрекеті заңды түрде төлем алатындарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Демек, «декретке миллионмен» арман емес. Тек заңды түрде болуы тиіс.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: