Сенбі, 17 мамыр, 09:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36,2149
17.05.2025
PDF мұрағаты

Денсаулық саласы – басты назарда

17.05.2025

82 0

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, республикалық медициналық ұйымдар мен өңірлердің денсаулық сақтау басқармасы басшылары Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді.

Делегация ең алдымен Жаңақорған ауданындағы «Қамқорлық» оңалту орталығы, «Төменарық», «Алмалы» ауылдық амбулаториялары және Шиелі аудандық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы ғимаратының құрылысымен танысты.

Сапардың екінші күні облыс орта­лығында делегация мүшелерінің қа­тысуымен «Қазақстан Республикасын­да тәуелсіз мейіргерлік қызметтің озық тәжірибелерін енгізу» тақырыбында халық­аралық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция өтті. Оған денсаулық сақ­тау министрі Ақмарал Әлназарова, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының Қазақстандағы Елдік кеңсесінің басшысы Скендер Сыла, онлайн режимде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге, Германия, Қырғызстан, Латвия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Финляндия мемлекеттерінің өкілдері, ғалымдар, барлық өңірдің ден­саулық сақтау басқармасының бас­шылары қатысты.

Конференцияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр медицинасындағы жаң­а­шылдықтарға тоқталды.  

– Дені сау ұрпақ – Әділетті Қазақстанның келешегі. Ұлт саулығын нығайтып, сапалы медициналық қызмет көрсету – мемлекеттің басты міндеттері­нің бірі. Өткен жылы аймақтың денсау­лық сақтау саласының бюджеті 146 млрд 200 млн теңгені құрады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар орталық ашы­лып, ел игілігіне қызмет етуде. Ана мен бала өмірін қорғауда көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүруде. Бұдан бөлек, ұлттық жоба аясында 4 көпбейінді аудандық орталық аурухана жанынан қосымша құрылыс салынуда. Өткен жылы 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, енді 6 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, жабдықталу деңгейі 87,1 пайызға артты, – деді Н. Нәлібаев.

Жыл сайын Сыр өңірінің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. Мәселен, білікті кадрлармен қамтамасыз ету де басты назарда. Былтыр жергілікті бюджет қаражаты есебінен мамандар біліктілігін арттыруға 144 млн теңге бөлінген. Елімізде тәуелсіз мейіргер ісін дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, тұрғындарға қолжетімді, сапалы қызмет ұсынуға бағытталған маңызды қадам. Озық тәжірибелерді енгізу арқылы мамандардың кәсіби дамуы мен рөлі арта түсетініне сенім мол. Өңірдегі медицина мекемелерінде 12 мыңға жуық мейіргер еңбек етеді. Олардың халық денсаулығын жақсартуға қосқан үлесі өлшеусіз деп айтуға болады.

Конференцияда денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ханс Клюге, Скендер Сыла сөз сөйлеп, медицина саласындағы жетістіктерге тоқталды.

Сонымен қатар Қызылорда облысы­ның денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін мамандар «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының алғыс хаты, медициналық колледж cтуденттеріне шетелдік оқу орындарына жолдама табысталды.

Іссапар аясында денсаулық сақтау министрлігінің делегациясы, республи­калық медициналық ұйымдар мен өңірлердің денсаулық сақтау басқарма­сы басшылары облыс орталығы мен аудан­дардағы медицина ұйымдарының жұмысымен танысып, тәжірибе алмасуда.

Бүгінде Сыр медицинасында сер­пін бар. Аймақта жыл өткен сайын медициналық мүмкіндіктер молайып келеді. Аймақ дәрігерлерінің шетелде тәжірибе алмасу жұмыстары да ширап келеді. Конференция барасында өңірдегі медицина мамандары үшін жағымды жаңалық айтылды. Биыл медицина саласының қызметкерлері баспаналы болады. Бұл қуанышты жаңалықты аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев айтты.

– Денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арнап 100 пәтерлік жаңа тұрғын үй салу жөнінде шешім қабылдадық. Жақын арада құрылысы басталып, жыл соңына дейін табыс­талатын болады, – деді аймақ басшысы.

Денсаулық саласы – басты назарда

Айта кетейік, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдегі іссапар барысында №3 қалалық емха­наның және көпбейінді облыстық аурухананың жұмысымен танысты.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: