Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 00:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Денсаулық сақтау министрі
Ақмарал Әлназарова:
Медицина қызметі сапалы болады

07.05.2024

709 0

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келіп, «Достық үйінде» тұрғындармен кездесті.
– Халыққа медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін жақсарту мақсатында министрлік халықтың ұсыныс-пікірлерiне талдау жүргізiп, ұдайы жұмыс жүргізіп келедi. Мәселен, біз қолданыстағы анықтамалардың 27 түрін 2 есеге, яғни 10-12 анықтамаға дейін қысқарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Пациенттерге ыңғайлы болу үшін жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі жалпы жиынтықта 42 зерттеуге қысқартылады және олардың қолданылу мерзімі 6 айға дейін ұзарады. Сондай-ақ тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектердің тізімдері және оларды алу тетіктері қайта қаралуда, – деді Ақмарал Әлназарова.
Бүгінгі күні еліміздің 7 өңірінде жаңа пилоттық жоба іске асуда. Оның ішінде Сыр өңірі де бар. Бұл «Бір күндік клиника» жобасы жүкті әйелдерге пренаталдық диагностиканың инновациялық әдістерін жүргізуге және патологиясы бар баланың туу қаупін уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қызылорда облысының тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін ел қазынасынан 19,7 млрд теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға өскен. Ал тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша биыл 17,6 млрд теңге бөлінген. Оның 9,6 млрд теңгесі стационарлық деңгейге арналса, қалған 8 млрд теңге қаржы амбулаториялық деңгейге бөлінген.
Денсаулық сақтау минстрінің айтуынша, Қызылорда облысына медициналық құрал-жабдық сатып алуға 8,6 млрд теңге қаражат бөлінген. Себебі осы арқылы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында өңірдегі 27 ауылға медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған. Яғни ауылдарға медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынбақ.
– Ұлттық жобада Шиелі, Қазалы, Жаңақорған және Арал аудандық ауруханаларына күрделі жөндеу жүргізу және медициналық жабдықтармен жарақтандыру арқылы жаңғырту жұмыстары көзделіп отыр. Алдағы уақытта медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту жөніндегі іс-шаралар белгілі бір уақыт пен ресурстарды талап етеді. Десе де біз медицина қызметін халыққа сапалы әрі тиімді ету үшін тиісті жұмыстар атқарамыз, – дедi Ақмарал Әлназарова.
Кездесуде сөз алған аймақтың бас дәрігері Олжас Ысқаков өңiрдегi медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Бүгінгі күні облыс халқына 25 стационарлық, 26 амбулаториялық емхана және 100 дәрігерлік амбулатория, 25 фельдшерлік-акушерлік бекет пен 97 медициналық бекет қызмет көрсетіп келеді. Жалпы облысымызда 3000-ға жуық дәрігер мен 12 мыңға жуық орта буын мамандар қызмет еуде. Республика бойынша дәрігерлермен қамтамасыз ету бойынша 7-орында болсақ, орта буын мамандарымен қамтамасыз ету бойынша бірінші орындамыз. Десе де тәжірибелі дәрігерлер жетіспеушілігі облыс орталығында орын алып отыр. Дәрігерлер тапшылығын азайту мақсатында болашақ мамандарды шақырып жатырмыз. Одан бөлек, дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін 144,9 млн теңге бөлінген болатын. Олар Түркия елінде 2 апта білімін жетілдіріп, мамырдың басында 10 реаниматолог пен 5 кардиолог мамандарымыз келді. Биыл мамандардың арнайы шетелде біліктілігін арттыруға бөлек 55 млн теңге қаражат бөлінді, – деді Олжас Ысқаков.
Сондай-ақ аймақтың бас дәрігері облыстағы медицина саласы бойынша жүргізілген құрылыс нысандарын айтып өтті. Сонымен қатар тұрғындар медициналық кеңес пен медициналық көмектің қолжетімділігі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық кадрларды даярлау туралы және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды.


Назира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: