Сейсенбі, 13 қаңтар, 04:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№3 (2215)
13.01.2026
PDF мұрағаты

Денсаулық сақтау саласы жаңа кезеңге қадам басты

13.01.2026

55 0

Соңғы жылдары мемлекет денсаулық сақтау саласына және медицина қызметкерлеріне нақты қолдау көрсетіп келеді. Соның нәтижесінде сала мамандарының жалақысы өсіп, қоғамдағы мәртебесі артты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында денсаулық сақтау нысандарының көбеюі медициналық көмектің тиімділігін арттыратынын атап өтті. Бұл алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейтіп, медициналық инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді.

Қала мен ауыл арасындағы алшақтық азайды

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі пациентке бағдарланған, медициналық көмектің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған саланы жаңғырту және дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.

– Президент тарапынан дәйекті қолдаудың арқасында денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындар соңғы жылдары үш есеге жуық өсіп, 2025 жылы 3 трлн теңгеге жеткен. Бұл медициналық көмектің көлемін едәуір кеңейтуге, инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғыртуға және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға мүмкіндік берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту жөніндегі ауқымды жоба аяқталуда. Қазірдің өзінде ауылдық жерлерде 650-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілді, бұл қала мен ауыл арасындағы алшақтықты едәуір азайтты, – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар соңғы уақытта босандыру және педиатрия тарифтері көтеріліп, аурулардың алдын алуға, ерте диагностикалауға және медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ерекше назар аударылған. Клиникалық бағыттарда елеулі жетістікке қол жеткізді, ана мен баланың денсаулығын сақтау жүйесі нығайтылды. Одан бөлек, онкологиялық қызмет белсенді дамып келеді. Дәрілік саясатқа деген жаңаша көзқарас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырып, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік берді.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгілеп берген стратегиялық басымдық ретінде цифрландыруға ерекше назар аударылады. Салада «eDensaulyq» экожүйесі қалыптасып келеді. Дәрігерді қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыру құралы ретінде жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілуде.

Дәрігерлер заңмен қорғалады

Ел Президенті Қасым Жомарт-Тоқаев медицина қызметкер­лерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, жақында Парламентте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген медицина қызметкерлерін қорғау туралы заңнамаға енгізілген түзетулерді мақұлдады. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты жасалған зорлық-зомбылық үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізіліп жатыр, сондай-ақ дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі іске қосылды. Заң бойынша дәрігерге немесе медбикеге қол көтеру, қорқыту үшін жаза күшейтілді. Бұл медицина қызметкерлерінің өз жұмысын қорықпай, сенімді атқаруына көмектеседі.

Медицина қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі

Медицина саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы.  Осы мәселені шешу мақсатында 2025 жылдан бері дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды алға қойды.

– 2026 жылдан бастап инфекциялық қызметтер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің жалақысын арттыру қарастырылған, ал дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сақтандыру моделіне көшуді, халықты қамту көлемін кеңейтуді және медициналық қызметтер сапасын мемлекеттік бақылауды қалпына келтіруді көздейтін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі заң қабылданды, –  деді Тимур Сұлтанғазиев.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжы­рымдамасы және медициналық көмектің сапасын басқару­дың кешенді жоспары әзірленді. Бірінші вице-министр атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар айтарлықтай нәтиже бере бастаған. Мәселен, халықтың болжамды өмір сүру ұзақтығы 75,8 жылды құрап, өлім-жітім көрсеткіштері төмендеген. Жалпы өлім-жітім 2,6%-ға, нәресте өлімі 18%-ға қысқарған. Осылайша, еліміз­де медицина саласына жүйелі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, дені сау ұлт қалыптас­тыру және медицина қызмет­керлерінің еңбегін лайықты бағалау. Демек, алдағы уақытта денсаулық сақтау саласы жаңа кезеңге қадам басары анық.

А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: