Сенбі, 28 ақпан, 01:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2228)
28.02.2026
PDF мұрағаты

Диас Әбдреев, облыстық ММА жарыстарының жүлдегері: Сабыр мен тәртіп – жеңіс кілті

28.02.2026

35 0

Мектепте қоңырау сыңғыры естілгенде, оқушының ойы үй тапсырмасы мен ертеңгі сабақта болады. Ал кейбірінің күн тәртібі бұдан да тығыз, сабақтан кейін бірден залға асығады, қолғап киіп, татамиге шығып, жаттығуға кіріседі. Солардың бірі – Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебінің 7-сынып оқушысы Диас Әбдреев. Жас спортшы аралас жекпе-жекке үш жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді, облыстық деңгейдегі жарыста жүлде де алып үлгерген. Жас спортшымен дайындық тәртібі, спорт пайдасы туралы әңгімелескен едік.

– Оқырманға өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз…

– Есімім Диас, аралас жекпе-жек­пен 3 жылдан астам уақыт айналыса­мын. Қозғалысты, жос­пармен өмір сүргенді ұнатамын. Қазір күн тәртібім спортпен тығыз байланысты. Алдымен сабақ, кейін үй тапсырмасы, содан соң жаттығу. Мектептегі оқуым мен үйдегі мін­деттерімді қатар алып жүру­ге тырысамын. Өйт­кені спортпен шұ­ғылдану жауапкершілікті екі есе арттырады. Уақытты дұ­рыс жүйелеу, ұйқы мен тамақтану ре­жи­­мін сақтау, бәрі маңызды.

– Аралас жекпе-жекке қалай кел­діңіз? Бұл спорт түрін таң­дауыңызға не себеп болды?

– Кішкентай кезім­нен ата-анам спортқа баулы­ды. «Қозғалыста жүр­сең, денің сау болады» деп үйірмеге әкелді. Аралас жекпе-жек­ке келуіме әкем себеп болды. Өзі спортты, әсіресе жекпе-жек түрлерін жақсы көреді. Бір күні спорт залына ертіп барып, жаттығу барысын көрсетті. Сол жерде балалардың тәртіппен жаттыққаны, бапкердің талап қоя білетіні маған ерекше әсер етті. Әкем менің қызығушылығымды байқап, «қаласаң, қатысып көр» деп қолдау білдірді. Мұнда тек күш қана емес, ой да, шыдамдылық та, тактика да қатар жүреді. Жеңіл жол жоқ, бәрі тынымсыз еңбектің арқасында келеді.

– Спортпен айналысу үшін төзім мен тәртіп керек. Спорт сізге шынығудан басқа не берді?

– Басында бәрі қиын көрінді. Дұрыс тұру, дұрыс қозғалу, әр соққының техникасын түсіну, дұрыс тыныс алу, мұның бәрі мен үшін мүлдем жаңа дүние еді. Кейде «шыдай алмаймын-ау» деген сәттер де болды. Бірақ уақыт өте келе жаттығу ырғағына үйреніп, денем де, ойым да осы спортқа бейімделе бастады. Қазір үш жылға кейін шегініп қарасам, өзімдегі өзгерісті анық байқаймын. Бұрын шыдамсыз едім, кейде ренжіп қалатынмын. Қазір сабыр сақтауды, эмоцияны бақылауды үйрендім. Физикалық тұрғыдан да мықтырақ болдым. Төзімді болуды үйрендім, өз-өзіме деген сенім күшейді. Ең бастысы, аралас жекпе-жек маған тек спорттық дағды ғана емес, мінез, тәртіп, мақсатқа жету жолындағы табандылықты да үйретті.

– Жаттығу қалай өтеді?

– Жаттығу аптасына үш рет өтеді. Уақы­ты өз кестемізге қарай, кейде түске дейін, кейде түстен кейін барамыз. Әдетте сабақты денені қыздырудан бастаймыз. Жүгіру, жалпы физикалық жаттығулар, созылу сияқты базалық тапсырмалар орындап, одан кейін негізгі бөлімге, техникаға көше­міз. Соққыларды пысықтаймыз, күрес элемент­терін қайталаймыз, аяқ-қолдың үйлесім­ді қоз­ғалысын, қорғаныс тәсілдерін жаттық­ты­рамыз. Кей күндері жұппен жұмыс істейміз, кейде бапкер арнайы тапсырма беріп, жарысқа дайындайды. Маған ұнайтыны, әр жаттығу­дың нақты мақсаты бар. Бір күні – күшке, келесі күні – техникаға, басқа күні төзімділікке көбі­рек көңіл бөлеміз. Залда ғана емес, үйде де тәртіп сақтауға тырысамын. Мүмкіндігінше ерте ұйықтап, оқуға да көңіл бөлемін. Әрине, кейде қатты шаршайтын сәттер болады, бірақ ең бастысы, бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу.

Диас Әбдреев, облыстық ММА жарыстарының жүлдегері: Сабыр мен тәртіп – жеңіс кілті

– Бапкеріңіз туралы айтып өтсеңіз.

– Жаттықтырушым – Бейбітжан Қобланов, Ұлттық жекпе-жектен ҚР, Әлем және Азия чемпионы, халық­аралық дәрежедегі спорт ше­бері. Ұстазым техниканы дұрыс қалыптастыруға ерекше мән береді. Қай жерде қателесіп тұрғанымды бірден байқап, түзейді. Әр жат­тығуда ұсақ түйекке мән беріп, «осы техниканы сәл өзгертсең, жақсы болады» деп бағыт беріп отырады. Екіншіден, моральдық тұрғыдан қолдау көрсетеді. Әсіресе жарыс алдындағы толқу немесе дайындықтан кейінгі шаршау кезінде кейде өз-өзіңе деген сенімсіздік пайда болған сәттерде жігерлендіреді. Бейбітжан ағай біздің физикалық жағдайымызды үнемі қадағалап отырады. Кімнің қатты шаршағанын, кімнің бүгінгі күнге дайын еместігін бірден аңғарып, соған қарай жаттығу қарқынын реттейді. Қажет кезде күш түсірмей, қалпына келуге де уақыт береді. Жаттықтырушымыз тек техника үйрететін маман емес, бізге тәрбие беретін ұстазға айналды. «Спортта ең маңыздысы – рух» дейді. Қазір сол сөздің мәнін түсіне бастадым.

– Қандай жарыстарға қатысып үлгердіңіз?

– Осы уақытқа дейін «Pancration», «Gamma MMA», «Arashi MMA» сияқты бірқатар турнирлерге қаты­сып үлгердім. Әр жарыстың өзін­дік талабы, ере­же­сі, қарқыны бар, сондықтан әрқай­сысы бөлек тә­жі­рибе. Жарысқа шық­қан сәттегі залдың атмосферасы мүлде басқа. Осындай сәт­те өз-өзіңді қолға алып, «осыған дейін төккен терім, жасаған еңбегім дәл қа­зір сыналатын уақыт» деп ой­лай­сың. Жарыс­ мені шың­дады деуге бо­лады. Залда жат­тығу кезінде бәрі жоспар бойын­ша жүреді: қандай комбинация, қандай жаттығу бола­тынын алдын ала білесің. Ал кілем үстінде бәрі басқаша, күтпеген жағдай жиі болады. Сондай кезде тез шешім қабылдау керек, қарсыласыңның әрекетіне бірден бейімделесің. Сол сәттерде тек техникаң ғана емес, мінезің, төзімділігің, өз-өзіңе деген сенімің де сыннан өтеді. Облыстық «Pancration» жарысында 2-орын иелендім. Бұл мен үшін еңбегімнің жемісін алғаш рет нақты сезінген үлкен қуаныш болды. Дегенмен мұны тек бастама деп қабылдаймын. Енді техниканы тереңдетіп, физикалық дайындығымды күшейтіп, алдағы жарыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуге ұмтыламын. Спортта әр жеңіс – келесі мақсатқа қадам, өйткені тоқтап қалған сәттен бастап алға жылжу да болмайды.

– Спорт тұлға болып қалыптасуға қаншалықты әсер етеді?

– Аралас жекпе-жек маған ең алдымен сабырлылық пен ұстамдылықты үйретті. Рингте ашуға ерік берсең, қателік жасайтыныңды түсінесің, сондықтан эмоцияны бақылау маңызды. Сондай-ақ режимге, тәртіпке үйретті. Уақытында ұйықтау, дұрыс тамақтану, жаттығуға ке­шікпеу, бәрі күнделікті әдетке айналды. Жеңіс те, жеңіліс те болды, нәтижесінде мінезім қатайып, жауапкершілігім артты. Бапкер, команда, ата-анаңның сенімін ақтауға тырысасың.

– Спортпен айналысқысы келетін достарыңа қандай кеңес айтар едіңіз?

– Ең бастысы, көп ойланбай, алға қадамды жасау. Басында бәріне қиын, ешкім бірден чемпион болмайды, бірақ тұрақты жаттығу міндетті түрде нәтиже береді. Бапкердің сөзіне құлақ асып, техниканы дұрыс үйрену, сонымен қатар сабақты да ұмытпай, уақытты тиімді пайдалану керек. Спорт – денсаулық, мінез, тәртіп мектебі. Ертеңге қалдырмай, дәл бүгін кішкентай қадам жасаңыз. Жаттығуға жазылыңыз, жүгіріп көріңіз, нақты мақсат қойыңыз. Бастысы, қорықпау, еңбектену және өзіңізге сену.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бетті дайындаған София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: