Астанада Орталық Еуразиядағы ең ірі халықаралық технологиялық форум өтіп жатыр.
Форум аясында өтетін пленарлық отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Венгрия президенті Тамаш Шуйок қатысуда. Сондай-ақ жиынға арнайы келгендердің қатарында G42 International бас директоры (CEO) Мансур Ибрагим Әл Мансури, Telegram негізін қалаушы және бас директоры Павел Дуров, Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google зерттеу директоры Питер Норвиг, Sinovation Ventures, 01.AI бас директоры (CEO) Кай-Фу Ли, Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стребулаев, Solana Foundation президенті Лили Лю бар.
Digital Bridge 2025 форумының басты тақырыбы — «Generative Nation» (қазақша — «Генератив Ұлт»). Бұл ұран Қазақстанның тек технологияны тұтынушы елден оны өндіруші, экспорттайтын елге айналу жолындағы стратегиялық бағытын білдіреді және жасанды интеллект, озық технологиялар мен адами капиталға негізделген білім қоғамын қалыптастыруға назар аударады.
Форум аясында жасанды интеллект пен технологиялардың Қазақстанға білімге негізделген қоғам құруға және болашаққа нық қадам басуға қалай көмектесетінін талқыға түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында cөз сөйлеп, шараға қатысуға арнайы келген меймандарға ризашылығын білдірді.
– Бүгінде Digital Bridge өте маңызды пікір алмасу алаңына айналды, бұл жерде жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылып, маңызды бастамалар көтеріледі. Осы уақыт ішінде форум жұмысына 67 мыңнан аса адам, 500-ден аса ІТ-компания және 100 елдің өкілі қатысты. Қазақстан Еуразиядағы негізгі цифрлық хаб ретінде алдағы уақытта да осы маңызды жұмысты жалғастыра береді. Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына кейінгі жылдары дүние жүзі бойынша 1 трлн доллардан артық инвестиция салынған (Gartner). Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта 7 трлн долларға дейін жетуі мүмкін (Goldman Sachs). Әйтсе де мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз – жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру, – деді Президент.
Президенттің биылғы Жолдауы цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арналды. Жолдауда нақты міндеттерді алға қойды. Оның ішінде Қазақстан үш жылдың ішінде цифрлық елге айналуы тиіс. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды.

Форумда Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллектті бейбіт мақсатта ғана қолданылуға тиіс екенін айтып өтті. Оның әскер салада, кибершабуылдарға және халықаралық тұрақтылыққа қатер төндіретін жобаларда пайдаланылуына жол беруге болмайды.
– БҰҰ Бас Ассамблеясының таяуда өткен сессиясында мен Қазақстанның Ұйым аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог жұмысына атсалысуға дайын екенін растадым. Біз серіктестеріміздің бастамаларын, соның ішінде Қытайдың ЖИ саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру туралы ұсынысын қолдаймыз. Кеше Астанада Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Жиында білім беру мәселелері қаралды. Әлемге танымал сарапшылармен бірге адам капиталын дамыту мәселесі талқыланды, нақты міндеттер айқындалды. Ең бастысы, жасанды интеллект саласындағы тұңғыш зерттеу университетін құру туралы өте маңызды шешім қабылданды. Сондай-ақ бүгін «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы өз жұмысын бастайды. Бұл орталықты инновациялар мен тың идеялардың мекені деуге болады. Жалпы, Қазақстан осы саладағы кез келген ынтымақтастыққа ашық. Сондай-ақ біз елімізде екінші суперкомпьютер кластерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жасанды интеллект тек игі мақсатқа қызмет етуі керек. Адам игілігі басты орында тұрады. «Alem.ai» жасанды интеллектіні барынша тиімді әрі этикалық нормаларға сай қолданатын жаһандық орталық болуға тиіс. Жасанды интеллект технологиясын жауапкершілікпен қолдану өте маңызды. Сондықтан жаңа университет және «Alem.ai» орталығы біртұтас экожүйенің негізгі өзегі ретінде қызмет етуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент «Digital Bridge» өте маңызды пікір алмасу алаңына айналғанын, әрі мұнда жаһандық өзгерістер мен цифрлық экономиканың болашағы туралы өзекті ойлар айтылатынын атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір әлем жұртшылығының алдында жасанды интеллектінің болашағына қатысты түрлі таңдау тұр. Оның кейбірі шексіз мүмкіндіктерге жол ашады. Ал енді бірі үлкен сын-қатерлерге душар етуі мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық – келешегіміздің қандай болары біздің бірлесіп әрекет ете білуімізге байланысты.
– Жасанды интеллект – қазіргі заманның ақиқаты. Алдағы жылдары да адамзат дамуының негізгі бағдары жасанды интеллектіге тікелей байланысты болатыны анық. Сондықтан келесі жылдан бастап форумды «AI Bridge» деп атаған жөн деп санаймын. Бірақ форумның мақсат-міндеті өзгермейді. Осы бірегей алаң технология саласындағы алпауыттар мен түрлі стартаптар, бизнес пен ғылым, мемлекет пен азаматтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Жасанды интеллектінің «жаны» (эмпатия) әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады, – деді Президент.
Жаһандық технологиялық үдерістерден қалыс қалмау және оған бейімделу Қазақстан үшін уақыт талабы. Digital Bridge 2025 халықаралық форум еліміздің цифрлық трансформациядағы бағытын айқындайтын алаңға айналды. Сарапшылардың айтуынша, ЖИ алдағы жылдары экономиканың барлық секторын түбегейлі өзгертпек. Қазақстанда бұл бағытта кешігіп қалмау үшін мемлекеттік қызметтерді автомантандырудан бастап, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіне дейін жасанды интеллектті енгізуді жоспарлауда.
Digital Bridge 2025 – бұл жай ғана форум емес, Қазақстанның болашақтағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық қадам. Жасанды интеллект, цифрлық экономика, білім беру, смарт қалалар, стартаптар мен киберқауіпсіздік – еліміздің жаңа технологиялық дәуірге батыл қадам басуы үшін басымдық берілетін салалар.
Қазақстан бұл форум арқылы тек өз ішкі нарығын дамытып қана қоймай, бүкіл өңірдің цифрлық орталығына айналуға ниетті.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!