Елімізде аграрлық саланы дамыту, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық берілуде. Биыл Мемлекет басшысы көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын ерте қаржыландыруды тапсырған болатын. Бұл өз кезегінде егіс науқанына қажетті дүниелерді сатып алу, техникамен қамтамасыз ету сынды шараларды уақытында атқаруға мүмкіндік береді. Соның аясында былтыр қараша айынан бастап «Кеңдала-2» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы іске қосылған.
Көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге жалпы 700 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бүгінде еліміз бойынша 6100 ауыл шаруашылығы өндірушісі жалпы сомасы 382,5 млрд теңгеге қаржыландырылған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялады.
– Үкімет қабылдаған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қаржылық ресурстарға барынша жеңілдетілген әрі қолайлы шарттармен қол жеткізіп отыр. Бағдарламаға қатысушылардың аясын кеңейту мақсатында несие рәсімдеп, оны өтеуге жүгінуге болатын қаржы институттарының қатары ұлғайтылды. Жалпы 480,5 млрд теңгеге 7 мыңға жуық өтінімнен тұратын пул қалыптасты. «Аграрлық несие корпорациясы» жылдық 5% жеңілдетілген сыйақы мөлшерлемесімен «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында қаржыландыруды жалғастыруда. Қаржыландыру процесіне Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары белсенді атсалысуда. Осы өңірлік құрылымдар арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға 165,3 млрд теңге бөлінді, – деген министрлік ақпаратында.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыруды жеңілдету үшін несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беріледі. Биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жалпы сомасы 159 млрд теңгені құрайтын несиелерге 135,2 млрд теңгеге 943 кепілдік берілген. Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру. Осы жылға жалпы қаржыландыру лимиті – 200 млрд теңге деп белгіленген. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 6 000-нан астам отандық техниканы сатып алуға мүмкіндік береді екен. Қазіргі күні 120 млрд теңгеге 3 200 өтінім қабылданса, 60,7 млрд теңгеге 3 435 техника бірлігін сатып алуға 1 823 шарт жасалған.
Бұл бағдарламаны Сыр диқандары да тиімді пайдалануда. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеген.
– Бағдарлама аясында несиенің 85 пайызы кепілдеме ретінде «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» тарапынан қаржыландырылады. Биыл көктемгі егін егу және дала жұмыстарын жүргізуге «Кең дала-2» бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша қараша айынан бастап құжаттар қабылданды. Нәтижесінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 7,8 млрд теңгеге 63 шаруашылықтан өтінім түсіп, 12 шаруашылыққа 3,6 млрд теңгеге, ал «Фридом Банк Қазақстан» АҚ арқылы 3 шаруашылыққа 2 млрд теңге несие берілді. Жалпы көктемгі егін егу және дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 15 шаруашылық 5,6 млрд теңгеге қаржыландырылса, «Даму» қоры арқылы барлығы 10 шаруашылыққа 2,9 млрд теңгеге кепілдеме берілді, – деді басқарма басшысы.
Биыл аймақта 193,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 4300 гектарға қысқарған. Үкіметтің жол картасына сәйкес күріш егісі 80900 гектарға бекітілген. Дәндi дақылдар 97,1 мың гектар, майлы дақылдар 5,6 мың гектар, мал азықтық дақылдар 73,6 мың гектар, картоп, көкөнiс, бақша 17,4 мың гектарды құрайды. Сондай-ақ вегетациялық кезеңде егісті сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл шаруашылық аралық каналдар 62 пайыз, ішкі шаруашылық каналдар 96 пайыз тазаланып, 178 дана насос қондырғысының 97 пайызына, 182 дана гидробекеттің 91 пайызына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал Қызылорда қаласы бойынша 8709 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның 3689 гектарына күріш, 118 гектарға жаздық бидай, 130 гектарға картоп, 1329 гектарға көкөніс, 990 гектарға бақша дақылы және 2453 гектар мал азықтық дақыл егіледі.
Қазіргі таңда Сыр диқандары ерте көктемде егілетін дақылдарды егуді аяқтады. Сондай-ақ күріштің 1713 гектары егіліп, 1377 гектары суға бастырылған.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!