Көктемде жер жыртып, дән сеуіп, жазда мол өнім жинау – диқанның арманы. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған бұл кәсіп түрі еңбекті талап ететіні сөзсіз. Ауа-райының ыстығы мен суығына қарамастан жердің жайын ойлаған шаруаларға мемлекеттің де қолдауы ерекше.
Өткен жылы республикадан аграрлық саланы қолдауға 26,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде субсидиялауға бөлінген 16,8 млрд теңге игерілген. Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті де артып келеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы облыстан 73 мың тоннаға жуық өнім экспортталған. Әлемнің 17 мемлекеті Сыр өңірінен өндірілген күріш, балық өнімдері, қамыс, күріш қалдығы, қауын, қарбыз тағы да басқа өнімдерін тұтынып отыр. Атап айтқанда, 67 мың тоннаға жуық күріш өнімі Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан, Грузия және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілген.
Облыстан Ресей, Литва, Қытай, Дания, Нидерланды, Чехия, Германия, Грузия, Румыния мемлекеттеріне 2 200 тоннаға жуық балық жіберілсе, сондай-ақ қамыс өнімі Германия, Дания, Польша және Нидерландыға экспортталды. Ал көрші отырған Ресей өңірден шыққан 140 тонна күріш қалдығы мен 384 тонна қызанақ, 1 280 тонна қарбызды тұтынып отыр. Өзбек ағайындар болса 33 тоннаға жуық қой мен ешкі, 20 тоннаға жуық жүзім өнімін бізден алған.
Иә, жоғарыда келтірілген өнімнің бәрі Сыр өңірі диқандары мен еңбек адамының жемісі. Сонымен бірге үкімет тарапынан көрсетілген ерекше қолдауды да атап өткен жөн. Сөзіме дәлел үкімет отырысында да шаруаларға көмек мәселесі қаралды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов басшыларға тиімділігі мен жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға жеңілдетілген несие беруді тапсырды. Астықтың бітік шығуы егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне байланысты. Экономикалық өсуде аграрлық сектордың ерекше орын алатынын атап өтті. Сондай-ақ үкімет басшысы нарықта сұранысқа ие экспортқа шығаруға болатын және көбірек табыс әкелетін дақыл алқаптарын кеңейтуге басымдық беру қажет екенін айтты.
– Мемлекет егін науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Жұмыстарды нәтижелі әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несие жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға беру қажет. Бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы әкімдіктің бақылауында болуы тиіс. Егіншілерді сапалы және тексеруден өткен тұқым қорымен қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін бірінші отандық өндірушілерді ынталандыру қажет, – деді премьер-министр Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің бірі – инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу.
Бұл бағытта егін егу және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға «Кең дала-2» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында өткен жылы облысқа 10 млрд теңге қаржы қаралған еді. Соның 9 млрд жуық ақшасы шаруаларға жеңілдетілген несие ретінде берілген. Бұл да болса несібесін жерден тапқан диқандарға үлкен көмек. Бұл бастама биыл да жалғасын тауып отыр. Бағдарлама аясында республикадан 3,5 млрд теңге несие беруге қаржы бөлінді. Диқандар алған қаражатты, көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қажетті дизель отыны, минералды тыңайтқыштар, гербецидтер, тұқым сатып алу мен ауыл шаруашылығы техникаларының ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына пайдалана алады.
Биыл облыс бойынша барлығы 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленуде. Оның ішінде 97,3 мың гектарына дәндi дақылдар егілетін болса, ал 3,8 мың гектарға майлы дақылдар дәнін себу жоспарлануда. Сонымен қатар 71,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 71,1 мың гектарға картоп, көкөнiс егілмек. Өңірдің басты дақылы күріш өніміне 86 мыңға жуық гектарға тұқым себіледі.
Мемлекет тарапынан жыл сайын аграрлық саланы қолдауға қомақты қаржылар бөлінуде. Облыста «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 27 шаруашылықтан өтінімдер түсіп, 5 шаруашылыққа несие берілді. Ал «Даму» қоры арқылы 4 шаруашылыққа дәл осындай кепілдеме несиесі қаралған.
Жоғарыда атап өткендей, облысымызда шетелдерге өнім экспорттап отырған диқандар жетерлік. Сөзімізге дәлел болу үшін біз де осындай экспорт кәсібімен айналысып отырған шаруаны іздеп көрген едік. Нәтижесінде Қазалы ауданында «Азия Қамыс» ЖШС жұмыс істеп отыр екен. «Қамыс өндіру идеясын инстрагам желісінен қызығып тауып алдым», – деген Венера Тайлақбаева 5 жылдан бері осы кәсіптің несібесін көріп отыр.
– Шетелде үйдің шатырын кәдімгі қамыспен жауып жатқанын көрдім. Кейін Нидерланды компаниясы Қазалыға келіп қамыс жинап жатқанын байқап, қызығушылық оянды. Қамыс дайындауға орманшы билеті арқылы жер учаскесін аламыз. Жылда сол жерлерден қамыс орып, көктемде тазартып, қамыс дайындауға ыңғайлаймыз. Қамысты Германия, Нидерланды, Польша, Франция тағы да басқа елдерге жөнелтеміз. Алғашында ауданның статистика есебінде тек қамыс деп көрсетілетін еді. Осы жылы құрылыс материалы ретінде патентедік. Ендігі жолы кеденнен өтетін кезде құжатты сол құрылыс материалы ретінде көрсетеміз, – дейді мекеме менеджері Венера Жақсылыққызы.
Кәсіпкер егін науқаны кезінде 250-300 адамды жұмыспен қамтиды екен. Қамысты кәсіпке айналдырған кәсіпкер өз үйінің де шатырын қамыстан жасап алыпты. «Арзан әрі тиімді», – дейді ол.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!