Қызылордалық мектеп директорлары басқару мен білім беруде ғана емес, пікір мен ой алмасып, сөз жарыстыруда да шебер екендіктерін дәлелдеді.
Қазіргі білім беру жүйесінде мектеп директорлары тек басқарушы емес, сонымен қатар заманауи көшбасшы, қоғаммен диалог құра алатын зияткер тұлға болуы қажет. Осыған орай, дәстүрге айналған «Director’s Cup» республикалық дебат турнирі биыл бесінші рет Атырау қаласында өтті. Білім беру ұйымдары басшылары арасында өтетін бұл зияткерлік дода кәсіби көшбасшылықты нығайтуға, басқарушылық құзыреттерді арттыруға және білім саласындағы жаңа идеялар мен ойлау мәдениетін дамытуға бағытталған.
Үш күнге созылған турнир мазмұнды бағдарламаға құрылды. Алғашқы күні қатысушылар тіркеуден өтіп, таныстыру шарасы болды. Екінші күні негізгі ойындар мен жалпы бағыттағы пікірталас кезеңдері өрбіді. Ал үшінші күні мектеп директорлары өңірдегі білім беру мекемелерінің озық тәжірибелерімен танысып, тәжірибе алмасты.

Іс-шараға еліміздің өңірлерінен жиналған 24 мектеп басшысы қатысты. Барлығы 12 команда өзара бақ сынады. Қатысушылардың барлығы жоғары дайындық пен көшбасшылық мәдениеттің жарқын үлгісін көрсетті. Тартысты пікірталас нәтижесінде Қызылорда облысының командасы жүлделі III орынды иеленді. Аймақ намысын қорғаған Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп директоры Айгүл Алтынбекқызы, №10 мектеп директоры Еркін Серікұлы және облыстық «Дарын» орталығының дебат үйлестірушісі Гүлбану Күзенбайқызы алты қарсылас команданы артта қалдырып, тек атыраулық командаға ғана жол берді. Бұл – қызылордалық делегация үшін зор жетістік әрі өңірдің білім саласындағы әлеуетін танытты.
«Director’s Cup» мектеп басшыларының кәсіби дамуына жол ашатын, білім беру саласындағы көшбасшыларды бір ортаға тоғыстыратын маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!