Доймаңгүлдің мұғалім болғанына не заман. Бұл күнде кешегі бір оқушыларының балаларын оқытып жүр. Енді расы рас, баяғы киіктің лағындай лыпып тұрған талшыбықтай талдырмаш кезі келмеске кеткен. Мәйегі айналып, кеуек асқабақтай боп толысқан. Көне мектептің қисық есігінен сәл қырындап кіреді. Бір күн басы ауыратын, бір күн балтыры сыздайтын ымшық-шымшық ауруы көп Доймаңгүл, жасыратын дәнеңесі жоқ, жыл он екі ай отырып сабақ береді. Бес биенің сабасындай денесі шайқатылып, қойқалаңдай басып сыныпқа кіреді. Кіреді де, атам заманғы қара орындыққа мол бөксесін нығарлай қойып алады. Сосын бас салып үй жұмысын сұрауға кіріседі. Жаңа сабақтың тақырыбын тақтаға жазар мезетте қақ алдында, бірінші партада көзі сіркеленіп отырған қыл мойын сары балаға қарап:
– Қалқанбаев, бүгінгі күн мен тақырыпты тақтаға тайға таңба басқандай етіп жаз да, әлем картасын іл, – дейді. Нән апайының әр тапсырмасын күнделікті мүлтіксіз орындап үйренген ол екі айтқызбайды.
Мол пішілген алқы-салқы денесін бір қозғап қойып, Доймаңгүл тақырыпты жіліктеп түсіндіруге кіріседі. Әрине, дүние құрып кетсе де отырған орнынан тұрмайды. Сол баяғы орындыққа шегеленген отырыс. Қолының місекерлігі бар еңбек пәнінің мұғалімі Күзембайдың (бала-шағасының рәтін көргір) үшкірлеп істеп берген бір жарым метрлік әдемі таяқшасы бар. Сол таяқшаның ұшымен шет-шеті ырым-жырым болған көнетоз картадағы өзіне керекті жерді дәл төбесінен нұқып көрсетіп қояды да, әлем-жаһанының шартарабы туралы дәрісін жосылтып кете береді.
Әркім әртүрлі сыпсыңдайды, дегенмен сабақ түсіндіруінде бір мін жоқ. Ілуде бір ақпа құлақ болмаса, балалардың басына құйып жібереді.
Қоңырау шылдыр ете қалғанда барып бауырсақ мұрны шыпшып терлеген Доймаңгүл орнынан бір-екі ұмтылып барып тұрып, журналын бір оқушыға, картаны бір оқушыға көтертіп, көлден қайтқан асыранды қаздай ырғала басып кеңсеге қарай майпаңдайды.
Сейсенбіде мектеп директоры Сәмеш бір құпия айтатындай Доймаңгүлді кабинетіне шақырып алып:
– Жеңеше, ауданнан инспектор келгелі жатыр, – деп кібіртіктеп қалды.
– Келсе үй орнында, қазан орнында… – деді Доймаңгүл еш саспастан.
Оның селт етпегеніне Сәмеш бір түрлі тіксініп қалды. Қолы дірілдеп, дауысы жылаңқы шықты.
– География пәнінің берілуін жан-жақты қарайды. «Тематическая проверка…» Өткенде ана Танаштың мектебінің ойран-ботқасын шығарып кетіпті. Жылап отыр. Ендігі кезек біздікі. Біз де ертең зар еңіреп жылап қалмайық. Жеңеше, азды-көпті жинақталып, етек-жеңімізді қымтануымыз керек. Абырой ортақ… Жеңеше-ау, былай ғой, сабақ үстінде шамалы қозғалып, жүріп-тұрып дегендей… – деп көзі түлкінің баласының көзіндей жылтырап, түпкі ойын там-тұмдап жеткізді. – Үнемі отырып бересіз… инспектордан ұятты.
– Ойбай-ау, отырып берейін, тұрып берейін, сабақты әйтеуір балалардың су болып кеткен миларына сіңіріп түсіндірсем болмай ма? – деп қалың май қабағы бір кіржиіп, бір жазылған Доймаңгүл бір уақ жанары күлмең етіп, бір жағынан қайынінілігі бар бастығына наздана қарады. – Ана үйдегі ағаң қандайына да ырза болып жүр ғой әлі…
Тіс қақты жеңгесінің уытты әзіліне жас директордың арғы жағынан күн көрінген жұқалтаң құлағына дейін шым етіп қызарып, тар маңдайы тершіп сала берді. Енді қайтсін, ыдыс-аяқ қатысы бар ағасы – осы ауылдың әкімі. Үш-төрт ата жерден қосылатын тумасы.
– Тақырыптық тексеру өткенше, тақтаның алдында тұрып, онда-мұнда жүріп дегенім ғой… – деп директор мұрны шуылдап отырған Доймаңгүлге жалынышты түрде жәудірей қарады. – Бір-жар күнге қиын емес қой…
– Осы инспектор біткеннің біздің мектепке келгісі келіп, қу емешелері құрып-ақ тұрады екен. Басқа жұмыстары жоқ-ау! – деп бір бұлқынып алған Доймаңгүл беті қып-қызыл болып отырды да, райынан қайтып көнген сыңай танытты. – Көрген жауым бір бұл емес шығар… Ал келсін… Ал көрсін… Одан қорқып өлетін жағдайым жоқ…
– Бәсе, жеңеше, сіз деген қай-да батырсыз ғой… Өйістіп енді жастықтың соңы, кәріліктің алды деп қатырып бір тамаша ашық сабақ беріңізші. Сізді кім деп жүр екен олар. Ауыздарын ашып, көздерін жұмсын, – деп бала бастық әжептәуір қуанып, қимылы шалттанып, елпектеп қалды. – Сонан кейінгісін көре жатармыз.
Шағын ауылдың қоңыр төбел мектебінде ұлы сүргін қызу дайындық басталды. Сурет пәнінің мұғалімі Сақи үсті-басы бояу-бояу болып әртүрлі көрнекіліктер дайындауға кірісті. Қолынан келмейтіні жоқ Күзембай үй-күй, бала-шағасын ұмытып, шеберханада макеттер жасаумен жүрді.
– Екеуің әзір сабақты қойыңдар. Доймаңгүл апайларың аман-есен осы тексерістен құтылса, екеуіңе екі жарты алып беремін, – деп директор әрі бұйрық, әрі емексіту сөзін айтып қойған.
Мектептің қырсық завхозы Шоқақбай қалаға глобус, карта іздеп кетіп еді, екі күнде тез оралды. Оның қалаға барып әдеттегідей ішіп кетпей, сау келгеніне ауыл боп қуанып, бөріктерін аспанға атты. Бұл да болса, құдайдың қарасқаны. Әйтпесе Шоқақбай бір ішіп кетсе, бас бермейді ғой. Бар шаруа жөніне қалады.
Осылардың басы-қасында директор Сәмеш аяғы аяғына шалынып, мұрнынан шаншылып жүр. Ауданнан телефон шырылдаған сайын өліп-тіріледі. Ұйымдастыру жұмыстары жүз пайыз жайланды-ау деген күні Сәмеш жағасы жайлауға кете қуанып, ақ жеңгесіне «бәрі дайын» деп рапорт берген. Алдын ойламайтын ақымақ емес, неше күннен бері жаны дызақтап жүрген Доймаңгүл риза болды.
– Қас-қабағыңды қалт жібермейтін қаршығадай қайныларымыз тұрғанда біздің қылшығымыз қисая ма, жүніміз жығыла ма?! – деп ерекше алғысын білдірді. Алайда бірдеңе есіне түскендей мойны кекжең етіп, ұрты ыңғайсыз салбырай қалды:
– Кімнен жасырам, мен он бес жылдан бері отырып сабақ беремін ғой… Тұрып түсіндіру маған… қиын… азап болады-ау… – деп көкейіндегі аса бір үлкен қаупін айтты.
– Саспа, жеңеше… Бір жылға тоқты терісі де шыдайды. Бір апта бар. Тұрып-жүріп сабақ беріп, аз-аздап жаттықсаңыз, әлі жастарды жолға тастап кетесіз. Сіздердің сүйектеріңіз асыл ғой… – деп Сәмеш мақтау аралас ұсыныс білдірді.
Шегінерге жол таппай, тығырыққа әбден тығылып жүрген Доймаңгүл басын изеді де:
– Менің сабағымда мұғалімнің әнебір қара орындығын алып кетіңдерші! Әйтпесе, отырып қоя беремін, – деп жыламсырағандай ма, күлімсірегендей ме болып етті беті жыбыр-жыбыр етіп өтінішін білдірді.
Бір-жар күн сабақты өткізген Доймаңгүл ырсылдап-пырсылдап мұғалімдер бөлмесіне аяғына тас байлағандай сүлдерін сүйретіп әзер жетеді. Жетеді де қырық жылғы ескі диванды ойбайлата сықырлатып сылқ отыра кетеді. Қос самайынан тер тамшылап емес, шүмектеп ағады. «Ой, көр азабы мұнан жеңіл шығар» деп бұлтиып, күңкілдеп біршама уақыт отырады.
Үш-төрт күнде Доймаңгүлдің бір қабат еті сылынып та қалды.
– Апай, әдемі болып бара жатырсыз. Жүдеген сізге жарасады-ау, – деп мектептегі жас мұғалім қыздар тамсанып та қойды.
– Өй, пәтшағарлар, тіфә-тіфә деңдерші, тілдерің өтіп кетер. Менің қаным тұщы ғой, – деп құлағына жаққан мақтау сөзге елтіп те қалады бұл.
Сол күні мектепте Доймаңгүл қоңырауға тақалып, домалай жеткен. Келсе, мәссаған, көктен түсті ме, жерден шықты ма, әлгі ауданнан келетін инспектор директордың кабинетінде екен. Завуч Зауқан басын жарға ұрып алғандай мәңгіріп жүр. Шаралы көзі одан бетер бақшиып кеткен. Тілі таңдайына жабысып:
– Апай, тезірек сыныбыңызға кіріңіз. География… – деп мұны дедектете жетелей жөнелді.
Сүріне-қабына сыныпқа кіріп, көйлегінің қыртыс-тыртысын жазған Доймаңгүл балаларды көзімен шолып, түгендей бергені сол еді:
– Сәлеметсіз бе? – деп ізінен сыпайысынған инспектор да кіріп келді. Көзі аларған, беті бұлтиған жас жігіт екен. Одан әрі көз тоқтатып қарауға жүрегі дауаламаған Доймаңгүл сабақты бастап та кетті.
Африкадағы Мадагаскарға кеше ғана барып келгендей бүге-шігесіне дейін қазбалай түсіндіріп, төгілтті-ай келіп. Тілінен бал тамады. Баяғы бір жас күніндегідей екпіндетіп, желдіртіп, әрі-беріден соң өңмеңдетіп балалардан сабақ сұрады. Бәрі де ойдағыдай, көңілдегідей әдемі болып бара жатыр. Сабақтың қорытындысын пысықтап, енді журналға баға қоя берді де, бір кезде оншақты жылдан бері үйреніп қалған әдетімен еркінен тыс отырып қалмасы бар ма?! Орындық бар деп ойлаған. Оһ, бітті! Бір Құдай жар болсын!
Доймаңгүлдің екі аяғы көктен келді. Ана салмаққа шыдасын ба, көне мектептің қалтылдап тұрған жарты қабырғасының сылағы сыдырылып құлап түсіп, арғы жағындағы қамысы көрінді. «Бұрын сабақты неге тұрып-жүріп бермеген» деп апайларына іштей тамсанып, таңырқап отырған оқушылардың зәресі ұшты.
Шұқшия түсіп бір жазып, тесіле бір қарап отырған бәкене инспектордың көзі алақандай болды. Тілі байланғандай, қолдары ебедейсіз ербеңдеп:
– Апай-ай… апай-ай… – деп жанына сүріне-қабына зорға жетті.
Аяғы аспанда, екі қолы екі жақта сұлық жатқанмен, Доймаңгүл тірі екен, кірпігі қимылдап жатыр. Сырттан жеткен директор Сәмеш бетіне су бүркіп, завуч Зауқан аузы-мұрнынан үрлеп дем салып, есін жинатып алды. Көзін әзер-әзер ашқан Доймаңгүл: «Ор… Орындық…» деп күбір етті.
Не болғанын түсінбей қалған жас инспектор қайта-қайта басын шайқап, таңдайын қағып, қалаға қайтты. Құдай бір ажалдан сақтап, жаны қалған Доймаңгүл оң жақ қабырғасын ауырсынып бір апта жүрді, жүрді де, түп аяғы қайыр жазылып кетті. Дегенмен кейде:
– Өліп кететін жерім ғой, өліп кететін жерім… Инспектордың «Апай-ай… апай-ай» деген шырқыраған жан дауысынан есімді жинадым, – деп ақылап-уһілеп шүкіршілік айтады.
Бұл күндері Доймаңгүл жүріп-тұрып қана сабақ береді. Алда-жалда отыратын болса, едірейіп тұрған қара орындыққа сақтана бір қарап қойып барып, еппен тізе бүгеді. Бірақ көп отыра алмайды. Аттан түскендей ұшып тұрып, секектей басып жөнеледі.
Ерғали АБДУЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!