Соңғы күндері қаржы нарығында өзгерістер байқалды. АҚШ долларының бағамы төмендеп, теңге күшейді. Құбылыс уақытша ма, әлде ұзақ мерзімді ме? Бұл сұрақ халық арасында да талқылануда. Қазақстан қор биржасында 1 доллар 497 теңгеден бағаланып, бұған дейін 500-ден түспеген АҚШ валютасы арзандады. Көк қағаз былтыр қазан, қыркүйек айында 550 теңгеге дейін жуықтаған еді. Жыл соңына қарай теңгенің күшейе бастағаны байқалды.
Ел экономикасы мұнай экспортына тәуелді болғандықтан қара алтын бағасының тұрақты болуы валютаға әсер етеді. Нарық заңдылығы бойынша ұсыныс артқан жерде баға төмендейді. АҚШ валютасының арзандауының тағы бір себебі салық кезеңі. Ірі экспорттаушы компаниялар теңгемен есеп айырысу үшін валюталық түсімді теңгеге айырбастайды. Нәтижесінде нарықта доллар көбейеді. Экономист Бауыржан Ысқақов мұның маусымдық фактор екенін айтады. Сонымен бірге ол әлемдік нарықта мұнай бағасы жоғары болса, елге доллар көп түсіп, теңгені қолдайтынын айта келіп базалық мөлшерлемені көбейткен ұлттық банк саясаты да доллар арзандауға әсер ететінін жеткізді.
– Депозиттегі жоғары пайыз да теңгені тартымды етеді. Соның нәтижесінде халық пен бизнес өкілдері ақшаны теңгеде сақтауға мүдделі. Бұл да теңге сұранысын арттырады, – дейді сарапшы.
Өткен жылы мұнай бағасы төмендеп, геосаяси тәуекелдер әсерінен теңге құнсызданды. Қазақстан шикізатқа тәуелді болғандықтан бренд маркалы мұнай қымбаттап, доллардың түсімі көбейіп, теңге нығайды. Ел бюджетінің елеулі бөлігі мұнай сатудан түсетін кірістерге байланысты екені белгілі. Мысалы әлемдік нарықта доллармен сатылатын қара алтынның бір баррелі 80 доллар болса, бағам 450 кезінде бюджетке 36 мың теңге ғана түседі. Ал теңге бағамы 1 долларға 500 теңге болса 40 мың теңге. Яғни теңге әлсірегенде бюджетке кіріс автоматты түрде ұлғаяды.
– Бюджет шығыстары әлеуметтік төлемдер, жалақы, зейнетақы теңгемен төленеді. Кіріс доллардан түсіп, ал шығыс теңгемен жүргізілсе әлсіз валюта белгілі бір деңгейде тепе-теңдік ұстауға септігін тигізеді. Бұл қарапайым азаматтарға тиімсіз болғанымен, әлсіз теңге бюджетке тиімді. Өйткені мемлекеттің негізігі түсімі доллар болғандықтан теңге күшті болса бюджетке түсім азаяды, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов
Қоғамда АҚШ валютасы арзандады, енді сөредегі тауарлар бағасы неге өзгермейді? Бұл құбылыстың да бірнеше себебі бар екен. Импорттық тауарлардың басым бөлігі шетелден келетін болған соң олардың біразы көп мөлшерде сатып алынып, қоймаларға сақталады. Бүгінгі арзандаған баға қоймадағы заттың бағасына әсер етпейтіні сол себепті.
– Импорттық тауарлар неге арзандамайды деп жатамыз. Теория бойынша арзандауы керек. Бизнес көбіне бағаны тез түсірмейді. Сондықтан да әсері бірден сезілмейді. Баға арзан бағамен тауарлар келгенде ғана сезілуі мүмкін. Яғни нарық кезең-кезеңімен бейімделеді, – дейді экономист.
Мұндай сәтте көпшілік «қазір доллар сатып алу қажет пе?» деген сұрақ қояды. Алайда қаржы мамандары асығыстық жасамауға жеке қаржылық жоспарға сүйеніп әрекет етуге кеңес береді. Валютаның қысқа мерзімде құбылуы тез. Нарықты дәл болжау мүмкін бола бермейді. Егер шет елге шығу жоспары болса, долларды біртіндеп сатып алу тиімді. Ал егер нақты қажеттілік болмаса «доллар қымбаттап кетеді екен» деп жинақты толықтай долларға айырбастау тәуекелді шешім. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, әртараптандыра отырып жинақтау қауіпсіз.
– Қалтасында төл теңгесі бар қарапайым азаматтар эмоциямен жылдам доллар сатып алу қате шешім. Әдетте ақшаны үш түрлі валютада ұстаған дұрыс. Қаражаттың бір бөлігін теңгеде ұстап, қалғанын доллар мен еврода ұстау қаржылық сауаттылық, – дейді экономист.
Д.КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!