Сейсенбі, 01 шiлде, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№48,2161
01.07.2025
PDF мұрағаты

Домбыра күні – ұлттың үні

01.07.2025

68 0

Елімізде 2018 жылдан бері «Домбыра күні» мерекесі аталып өтуде. Бұл күн халық арасында ұлттық өнерге деген құрметті арттырып, жас буынның домбыраға деген қызығушылығын қайта жаңғыртты.

Қазақ пен домбыра қашанда егіз ұғым. Ілгеріде қазақтың үйінің төрінде қара домбыра ілулі тұратын.

Домбыраның қыр-сырын меңгеріп, бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп жүрген жанның бірі, қызылордалық шебер Біржан Ділманов.  Мереке қарсаңында домбыра шеберімен аз-кем тілдескен едік.

– Бұл – біздің ата-бабамыздан келе жатқан өнер. Ұсталық қасиет әкем – Базарбектен дарыған. Ділманов әулеті осы кәсіппен айналысамыз. Негізі, әу баста үлкен ағамыз Сапарбек домбыра жасайтын цех ашып, осы істі бірінші болып қолға алды. Қазір оның ізін біз жалғап келеміз, – дейді «Жетіген саз аспаптар» ЖШС шеберханасының жетекшісі Біржан Ділманов.

Оның айтуынша, домбыра жасау үшін шыдамдылық, музыкалық білім, ең бастысы, ептілік керек. Бойында осы үш қасиет болмаған адамның қолынан шыққан дүние бәрібір ойдағыдай шық­пайды екен. 

– Домбыра жасаудағы мақсатым – көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау. Домбыраның жақсысы –  ағашынан» демекші, ең жақсы деген материалды қолдануға тырысатынымыз сондықтан. Бұл ұлттық аспаптың үні күмбірлеп, таза шығуына да үлкен рөл атқарады. Мені әкем кішкентайымнан әрбір дүниені сапалы әрі сәнді етіп жасауға үйреткен. Әкемнің сол өнегесінен әлі күнге дейін жаңылған емеспін. Бір айда бір домбыра жасасам да сапалы болғанын қалаймын. Ағашына, бояуына, тіпті, желіміне дейін аса мән беремін. Ағаштардың көбісі шетелден келеді. Үйеңкі, қайың, полесандра, Индияның қызыл ағашы, америкалық жаңғақ ағаштарынан әзірлеймін. Домбыраны тұтынушылардың тапсырыс беруіне қарай жасаймын. Құрамалы, шауып та жасайтын домбыралар бар. Әуелі мойын ағашын жонып аламыз, сонан соң шанағын иеміз. Осы сияқты оның жасалуының да өзі реті бар. Олардың өлшемдері де әрқалай. Алты жасқа дейінгі балаларға көлемі 32 сантиметрлі домбыра жасалады. Алты мен он екі жастағыларға 40-44 сантиметрлігін әзірлейміз, – дейді Біржан Ділманов.

Бесаспап Біржан тек қана домбыра емес, түрлі аспап жасайды. Мәселен, шертер, альт-домбыра, альт-шертер, прима-домбыра, прима-шертер, бас домбыра, дауылпаз, сылдырмақ, жетіген, қобыз, скрипка, виолончель сынды аспаптардың хас шебері.

Халқымыздың қанына сіңген ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, ұлттық аспаптарымызды ұлықтап жүрген Біржан Ділмановтың шеберлігіне тәнті болдық.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: