Жұма, 27 желтоқсан, 04:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Домбыра жасау үшін оның қасиетін білу керек

06.07.2024

347 0

Ата-бабадан жеткен ұлы өнер ұрпаққа жалғасып, сан ғасырлық тарихымызды қайта жаңғырту – үлкен даналық пен даралық. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – ардагер-ұстаз, он саусағынан өнер тамған шебер Әбілхайыр Әбілханұлы Ералиев. Өнерлі ақсақал зейнетке шықтым деп қарап отырмай, даладағы шеберханасында қазақтың қасиетті домбырасын жасайды екен. Табиғат аясында, жасыл желек ортасында отырған шеберге сүйсіне қарадық. Басындағы қазақы тақиясы да өзіне жараса қалыпты. Қасына жақындап, сыпайы амандастық. Оның шарықтаған қиялын тұсаулағымыз келмеді. Десе де, ағамыз бір сәт жұмысын тоқтатып, бізбен жылы амандасып, хал сұрасты. Біз шебердің әңгімесіне ден қойдық.
– Әлбетте, ұсталық, қолөнер, тігіншілік жалпы шеберлік көбінесе атадан балаға мирас болып қалады. Менің балалық шағым сонау соғыстан кейінгі кезеңмен сәйкес келеді. Ол заман ел етек-жеңін жия алмаған ауыр кезең еді. Тұрақты баспанамыз да жоқ. Қазақтың қара үйінде өстік. Сол қараша үйді жасайтын ұсталар да ол кезде ел ішінде некен-саяқ еді. Біздің аталарымыз Ералы Қонақбайұлы, Керім Манақбайұлы он саусағынан өнері тамған шебер болды. Ол кезде киіз үй деген өте құнды болған. Мұндай ұсталар аттыға таптырмайды екен. Бір үйдің құны – бір жылқы мен бір сиыр. Сол атамыздан қалған құрал-жабдықтарды пайдаланып жүрмін. Кейбір дүниелерін мұражайға өткіздім. Менің ұстазым – аталарым. Сол кісілердің ұстаханасында көмектесе жүріп, ұсталықтың қыр-сырын үйрендім, – дейді ол.
Шебер ұста киіз үйдің сан түрмен әшекейленген бауынан бастап ішіне қойылған келі келсап, түрлі әшекей бұйымдарын жасайды екен. 2011 жылы «Туған жердің киелі ұсталары» деген атпен кітабы жарық көрген.
Бұл кітапта XIX–XX ғасырдағы қиссалар, көнекөз темір ұсталарының тіршіліктері мен өнер шеберлерінің тірлігі жайлы зерделенген. Шеберлік жолын жалғап жүрген шәкірттері де облыстың түкпір-түкпірінде өз шеберханасын ашып, еңбек етуде.
– Шәкірттеріммен жүздесіп, амандасқан сайын көңілім толып, олардың жасап жатқан тірліктерін көріп, бір марқайып қаламын. Ұстаз үшін мұнан артық бақыт бар ма, сірә?! Бұрын зейнетке шыққан адам рахаттанып демалып жататын шығар деп ойлайтынмын. Ал өзім зейнетке шыққалы біраз уақыт болды. Қазір менде бос уақыт жоқ. Таң атқаннан күн батқанға дейін қолым тимейді. Табиғат аясындағы шеберханамда домбыра, қобыз, жұрттың сұранысына сай ұлттық бұйымдар жасаймын. Әйтеуір, қарап отырмаймын. Қалжырап шаршағанға дейін жұмыс істеймін. Елден түсетін тапсырыс та көп. Кейбіреуі сый-сияпатқа домбыра, қобыз жасатса, кейбірі өздері үшін отбасына киелі домбыра-қобызды сақтап қою үшін жасатады. Қолыңнан шыққан домбыра, қобызыңмен өнерпаздар ел алдында өнер көрсетіп жатқанда шаршағаның демде басылып, жайнап шыға келесің. Міне, менің бүкіл жан дүнием ұлтымның рухымен бірге жасайды. Өз ұлтын сүйген адам оның салт-дәстүрін, өнерін, әдебиетін, мәдениетін жан-тәнімен сүйеді. Дәл осы адам мен деп елге тік қарап айта аламын. Домбыра жасау үшін шикізат табу қиын. Жылдап жатқан ағаштар болады. Олар оңайлықпен жарыла қоймайды. Сондайды іздеп табамын. Ол дайын өнім емес. Сүргілеймін. Қаншама тер төгіп жасалатын дүние ғой. Музыкалық аспап жасау үшін оның тілін білу керек. Жүрегің нәзік, қолың епті болғанда ғана жақсы дүние шығады. Мәселен, қобыз жасау үшін ешкінің терісін илеп, пайдаланамын. Басқа малдың терісі оған жарамсыз. Шеберліктің өз құпиясы бар ғой.
Домбыра – ұлтымыздың киелі аспабы. Елімізде домбыра күнін мереке етіп тойлап жатыр. Игі дәстүр мені қуантады. Енді домбыраны үйретуді арнайы пән ретінде оқу бағдарламасына енгізіп оқытса екен, – дейді шебер.
Шебердің бір күнгі жұмысын көріп, әңгімесін тыңдап, өнеріне тәнті болып, алғысымызды жаудырдық.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: