Заманында қазақтың аяулы перзенті Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген болатын. Күні кеше ғана өмірден өткен аяулы ұстаз Наталья Жұмаділдаеваның бойында мұғалімге тән осындай ғажап қасиеттер мол еді.
Білім саласында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етті. Ұстаздықтың ұлы жолынан өткен қарапайым болмысымен талай шыңды бағындырып, қызметте таза еңбегімен сатылап көтерілген жанмен біз де қызметтес болдық. Өзі биязы, ұстамды бейнесімен әлі көз алдымызда. Ақжарқын, ашық мінезі, жан жақты білімі, еңбекқорлығы, табандылығы, ешқашан жұмыстан қашпайтын қайсар мінезі, досқа адалдығы, отбасына деген құрметіне тәнті болатынбыз. Өзге ұлттың өкілі болғанмен қазаққа келін болғанын зор мәртебе санайтын. Ұлтымыздың салт-дәстүріне ерекше ден қоятын. Жаңашылдыққа ұмтылу, білім жолында заман көшінен қалмай ілгерілеу, басшылық қызметте жүргенде ұжыммен тіл табысу, қарамағындағы әріптестерінің материалдық, моралдық жағдайын зерттеп, көмектесу оның адамгершілік қасиеті еді. Ол кісі «менің қолымнан келмейді» деген сөзді ешқашан айтқан емес. Отанға, елге деген сүйіспеншілігі болар, бастаған ісі аяқсыз қалмай, мезгілінде орындалатын. Қазақтың рухты мінезі әр бастамасынан, сөйлеген сөзінен байқалып тұратын. Ел мүддесі үшін қызмет ету өмірлік ұстанымы болды. Еңбегі мен ізгі қасиеттері оны ұжымда, қоғамда, ел алдында құрметке бөледі. Достыққа адал, ниеті таза, ойлы болатын. Біз тек қызметтес емес, сырлас құрбы болдық. Сол кездегі ақыл-парасаты, кең құшағы, сүйіспеншілігі бізге қанат бітіретін еді. Аз ғана ғұмырында қоғамның дамуына ерекше қолтаңба қалдырған аяулы жанның есімі ол кісіні танитын жандардың, біз секілді құрбыларының жадында әрдайым сақталады. Аяулы жанның жаны жәннатта болсын. Оқылған құран қабыл болсын.
Меруерт Әбдіқалықова,
«Зерде» мектебінің директоры,
Әлия Көшкінбаева,
ардагер-ұстаз,
Жанат Қамитбекова,
№136 мектеп директоры
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!