Сенбі, 08 ақпан, 03:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№10,2123
08.02.2025
PDF мұрағаты

Доула: мамандық па, әлде кәсіп пе?

08.02.2025

10 0

Фото: автордыкі

Бұл ұғымның яғни қызметтің біздің елде пайда болғанына 3-4 жылдың көлемі болыпты. Естіген кезде өзім де таңдандым, бір жағынан қызықтым. Көп таныстарымның бұл қызметтен мүлде хабары жоқ болып шықты. Ал кейбіреуі қызығушылық танытты. Көпшілікті қызықтырған маман немесе қызмет – бұл доула. Өзім де оның негізгі жұмыстарын толық білмегендіктен нағыз мамандармен тілдескенді жөн көрдім. Айтпақшы, бұл туралы инстаграм әлеуметтік желісінен іздестіріп көрдім. Бұл қызметпен айналысатын бірнеше парақшалар көзге түсті.

Доула – грек тілінен аударғанда «қызмет көрсетуші» дегенді білдіреді. Доула – жүкті әйелдердің жанында болып, босану кезінде физикалық жағынан, көңіл-күй тұрғысынан демеу беріп, жағдайын жасаушы. Еуропада бұл қызметке келіншектер бұрыннан жүгінеді екен. Кей мемлекет жүкті келіншектің жанына доула кіргені үшін қаржысын өздері төлейтіні жайлы да мәліметтер бар. Жүкті әйелге қандай көмек жасалса да артық емес. Бұрынғы уақытта босанған әйелге енелер жақсы көмектескен. Жаңа босанған әйелге қалжасын беріп, бабын жасауға мән берілетін. Қазіргі уақытта уақыттың жоқтығы дейміз, жастардың бөлек шығуы да келіндердің қараусыз қалуына себеп болған секілді. Ал жаңадан пайда болған доула қызметі жүкті келіншектер үшін үлкен көмек екен.

Доула қызметін атқарып жүргендер біз­дің қалада да бар екен. Соның бірі – Шынарай Сәбитқызы.   

– Бұл туралы бірі білсе, бірі білмейді. Доула қызметі – жүкті әйелдерді босануға психо­логиялық, эмоциональды және физи­калық тұрғыда толық дайындайтын маман. Сондай-ақ босану кезінде аналарға көмек­теседі, – деп бастады әңгімесін кәсіби доула Шынарай Сәбитқызы. 

Өмірге сәби әкелу – жауапты уақыт. Көп әйелдің бұл кезеңде мінезі құбылмалы болады. Басқалардан қолдау күтеді. Міне, дәл осы уақытта доула қызметі көмекке келеді. Босану кезінде жүкті әйелдің жанында болып, көмек көрсетеді.

– Әлеуметтік желіден доула бойынша видео көріп, көмегіне жүгінгім келді. Бірақ өкінішке қарай, біздің қаламызда бұндай қызмет көрсететін орталық жоқ екен. Содан кейін өзім сияқты доула қызметіне мұқтаж аналарға көмектесу керек екенін түсіндім. Осы оймен бұл кәсіпке қызыға бастадым. Жүктілік кезең әйел үшін ең маңызды кезеңдердің бірі. Біздің мақсатымыз – әйелді қорқыныш сезімінсіз босануға, әр кезеңге дайындау. Сондай-ақ күйзелісті азайтуға көмектесеміз. Жүктілік кезеңін қуанып еске алатындай жағдай жасаймыз. Бұл бізге де қуаныш сыйлайды, – дейді ол.

Шынарайдың бұл кәсіпті бастағанына 3-4 айдың көлемі болыпты. Осы уақыт ара­лығында 50-ге жуық әйелге өз қызметін ұсынған. Бұл қызметке сұраныс бар екендігін көрсетеді. Тіпті аудандардан да сұраныс түседі екен.

– Кез келген адам доула бола алады деп ойламаймын. Сырттан оңай болып көрінетін шығар, бірақ өзіндік қиыншылықтары бар. Доула курсын оқытатын арнайы орталықтар бар. Қызылорда қаласы қазақы өңір бол­ғанымен, шетелден енген осы қызметті өте жақсы қолдануда. Бізде келінінің ден­саулығын ойлайтын алтын енелер және келіншегінің жағдайын жасайтын ер аза­маттар жетерлік десем болады. Арнайы қатып қалған баға жоқ, әйелдің жағдайына қарай көмек көрсетеміз. Қоғамға жаңадан еніп жатқан кәсіп болғаннан кейін қызметіміз тиімді, – дейді доула.

Бұл қызметтің жүкті әйелдер үшін қажет екенін медицина мамандары да қолдап отыр. Сол себепті босану бөлмесіне кіруге оларға рұқсат етіледі. Гинеколог-акушерлер доула қызметін өте жақсы қабылдайды. Себебі доула әйелді босануға дайындап және босану кезінде арнайы техникалар арқылы тез, жеңіл босануға жағдай жасайды екен.

– Әйелдерге босанғаннан кейін де көмек көрсетеміз. Шілде тер шығаратын аппа­ратымыз бар. Сондай-ақ іштің қалыпқа келуіне арнайы массаж жасалады. «Йони Стим» әдісі бойынша арнайы шөп дәрілермен жатырды қалыпқа келтіреміз. Денеде ісіктер болса «Робин Лим» әдісін қолданамын.  Тіпті әйелдің энергиясын көтеріп, шаршағанын басу үшін ванна терапия жасалады. Ал жайлылық сезіну үшін ваннаны майшамдармен сән­дейміз. Соңында бенкунг байлаймыз. Одан бөлек сәбиге алғашқы күтім жасай алмайтын бірінші босанған келіншектер болса сәбиді шомылдыру, массаж жасау деген сияқты алғашқы күтімдерін жасап беру қызметтері де бар, – дейді Шынарай Сәбитқызы.

Көпбалалы ана Жадыра Сүлейменова бесінші сәбиін босанғаннан кейін доула қыз­метіне жүгінуді жөн санаған.

– Доула жайлы әлеуметтік желіден көріп жүретінмін. Бесінші баламды босанғаннан кейін доуланың көмегіне жүгінгенді жөн көрдім. Жаның қиналған сәтте сізді қол­дайтын жан керек. Ол нағыз маман болса, тіпті керемет емес пе? Доула қызметі жұртқа ерсі көрінгенмен, оның атқаратын міндеті орасан зор. Көңілімді аулап, массаж жасап түрлі қызметтер көрсетті. Егер де  көмектесер адамы болмаса жүкті әйелдер осындай қызметке жүгінген дұрыс деп ойлаймын. Бала үшін бақытты, дені сау ана қажет. Сондықтан барлық мүмкіндікті пайдаланған жөн деп санаймын. Мен доула қызметін босанғаннан кейін пайдаландым. Мүмкіндік болса мамандардың қызметіне жүгінген жақсы екен. Денсаулық бәрінен маңызды, – дейді  көпбалалы ана Жадыра Сүлейменова.

Қазіргі уақытта адамға тек рухани қолдау мен қиналып тұрған шақта жылы сөздің өзі де көмек. Сондықтан да бұл қызмет жүкті әйелдер үшін нағыз керек маман екені белгілі. Қазіргі кезде босанған әйелге көмектеспек түгілі, оның жағдайын сұрамайтындар да бар. Екі жақты көзқараспен қарасақ, ене, абысын мен келін арасы ажырап бара жатқан секілді. Яғни жақыннан көмек болмайтынын сезген жас аналар ақысына маман шақыруға мәжбүр болады. Алайда кейбіреулер ескі көз­қараспен «доула қызметінсіз-ақ қанша баланы дүниеге әкелдім» деуі мүмкін. Дегенмен екі адамның жауапкершілігін арқалайтын жүкті әйелге қандай жағдайда да қолдау қажет екенін ұмтпағанымыз абзал.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: