Ақмешіттің аспанын дүркіретіп, қазақтың қазақтығы мен азаттығын, асқақ үнін шығарып, ақ шаңды көкке көтерген бәйге өтті. Тұлпарлар дүбірінен құлақ тұнып, ауыздығымен алысқан асаулардың алысқа шапқан күні еді бұл. Алтай мен Атырау арасындағы шабандоздар шаңына ілестірмей, жолға түсті. Сырдағы сырбаз елдің көз алдында бәйгеден өткен ел чемпионатының екінші кезеңінің таяғы тасталды, дүбірлі дода басталды.
Атшабар алаңның төріне облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай және «Бәйге» федерациясының вице-президенті Мұрат Өсербаев қатысып, ат құлағында ойнаған шабандоздарға сәттілік тіледі.
– Бәйге – халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорты. Дәстүрлі түрде жалғасын тапқан ұлттық спорт жарыстары ұлттың руханиятын нығайтып, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейді. Бүгінгі тақымын қысып отырған жүздің ішінен жүйріктер өздерін дәлелдеп, топ жарып елдің мақтанышына айналады. Сәттілік тілеймін, – деді Шахмардан Байманов.
Бәйгенің ашылу салтанатында ақсақалдар ақ батасын беріп, байрақты бәсекені ашып берді. Біздің өңірде үшінші рет өткізіліп отырған сайыпқырандар сайысында еліміздің барлық өңірлерінен жүзге жуық тұлпар қатысты. Олар құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және ұшқыр бәйге санаттары бойынша бақ сынасты.
Алуан-алуан жүйріктің әліне қарай шапқан сәті алдымен құнан бәйгеде сыналды. Сегіз шақырымды бағындырар сайыста І орынды жамбылдық Әміртай Аян қанжығасына байласа, ІІ орынды алматылық Мерей Гарипуллин еншіледі. Үздік үштікті түйіндеген Әділжан Асқарұлы да, ІV орынға табан тіреген Аңсар Арыстанбек те – Алатау баурайындағы ару Алматыдан ат терлетіп келгендер. Құнан бәйгедегі бестікті шымкенттік Амангелді Нұрислам қорытындылады.
Ал кезекті топ бәйге 14 шақырым ұзақтықты қамтыды. «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген қазақ сөзі осы тұяғымен жер тарпып тұрған Қамбар ата төліне қарап тұрып, ойға оралады. Шіркіннің, құйрық-жалы таралып, желмен жарысқандағы болмысы Абайдың шоқпардай кекілі бар қамыс құлағын да еске түсіреді. Топ бәйгеде топ жарғандар да осал болмады. Мұнда алматылықтар көш басына шықты. Алматылық Сержан Бақтыбай І орынның биігін бағындырды, ал алматылық Раян Тілеубай мен Мерей Гарипуллин ІІ және ІІІ орындарға ие болды. Алдыңғы бәйгеде ІІ орынды олжалаған Мерей Гарипуллин бұл жолы үштікке тоқтады. Топ бәйгеде төртінші келген Назар Жолаушы – Жамбыл облысының шабандозы. Одан кейінгі орынға алматылық Санжар Иринат орналасты.
Көрерменнің делебесін қоздырып, шын жүйрікті анықтайтын аламанның алдында ұшқыр бәйге шабандоздарды сынады. Мұнда І және ІІ орын алматылық Сабыржан Байқұрман мен Әділет Рысбековке бұйырды. Ал ІІІ орынды жамбылдық Иринат Санжар қанағат тұтты.
Аламанда ат оздырғандар сайыстың ең ұзақ кезеңінде өздерін дәлелдеді. Бұл кезеңге қатысушыларды 18 шақырым ұзақтық күтіп тұрған еді. Атбегінің маңдай терінің жемісін көрсетер сәт те осы еді… Алысырақ тұрған жанкүйерлердің өзі орнынан бір тұрып, бір отырып, тағатсыздана тосқан. Мұрын астынан ышқынған тұлпарлар әп-сәтте көз ұшына барды. Әп-бәрекелді дескен жұртшылықтың делебесі қозып, қиқуға басты. Бұл жолы жамбылдықтар ешкімді де шаңына ілестірмеді. Бәйгенің бес орны да оңтүстіктің жасыл-желекті өлкесіне бұйырды. І орынды Ілесбек Дамир, ІІ орынды Амир Аманұлы, ІІІ орынды Шыныбек Мырзахмет алса, кейінгі екі орынға Орынбасар Нұрым мен Манасбек Нұрхат жайғасты.
Жеңімпаздар марапат тұғырына шығып тұр. Қазақтың қаймағы бұзылмаған Сырдың елі бұл жолы қонақжайлығын байқатты. Есіктен кірген қонақтың орны төрде екенін байқаған көреген елдің көнермеген дәстүрі де осы еді…
Аян СПАНДИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!