Әлемдік тәжірибеде дамыған елдер өз табиғаты мен тарихын, салты мен сәулетін көрсетіп, миллиардтаған қаржы табады. Бір ғана Франция жыл сайын 90 миллионнан астам турист қабылдап, одан түсетін табысты экономиканың маңызды тірегіне айналдырып отыр. Ал біз ше? Біз Алатаудың әсем табиғатын, Сыр бойының ішіне бүккен сырын, Баянауыл мен Балқаштың байлығын, Каспий мен Көлсайдың көркемдігін бойына жиған, тарихы терең, табиғаты ерекше елміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Өткен жылы туризмді дамыту жөніндегі өткен кеңесте ел Президенті: «Қазақстан туристік әлеуеті мықты ел, алайда бұл мүмкіндікті толық пайдаланып отырған жоқпыз», – деп қадап айтты. Туризм тек көрікті мекен мен көне ескерткіш емес. Туристке тіл табысар гид те, сапалы қонақүй де, ыңғайлы көлік те керек.
Қазақстанда табиғат та, тарих та, дәстүр де, бәрі бар. Көлсай мен Қайыңдының айнадай көлі, Баянауыл мен Бурабайдың тұмса табиғаты, Түркістан мен Сарайшықтың тамыры терең тарихы, осының бәрі – кез келген туристі тамсандырып, ішкі туризмді танытар құндылықтар. Бірақ бұл байлықты тамашалауға кедергі жоқ емес. Алыстан ат терлетіп келгендерді шұрық тесік жол, кейде жол көрсететін белгінің жоқтығы, кейде тазалықтың төмендігі қынжылтады. Қала мен ауыл арасындағы алшақтық, орталық пен өңірдің үйлеспеуі, сервистік қызметтің кәсіби деңгейге жете алмауы – саланың күрмеулі мәселесі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы туризмді дамыту жөніндегі кеңесте, ең алдымен, туризм әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырған әрі инвесторлар үшін тартымды сала екенін атап өткен еді.
– Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни, пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүние жүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы және салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап, бизнес туризміне дейін дамытуға болады, – деді Президент.
Соңғы жылдары туризм саласын дамытудың кешенді жоспар құрылып, бірнеше нақты бастама қолға алынды. Соның бірі – «Қазақстанның 10 туристік бренді». Бұл жоба арқылы әр аймақ өзінің басты нысанын алға шығарып, халықаралық деңгейде таныстыруға мүмкіндік алды. Мысалы, Түркістан – рухани туризм орталығы ретінде, Баянауыл – отбасылық демалыс аймағы ретінде, Маңғыстау – экзотикалық бағыт ретінде ұсынылды.

Сонымен қатар «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы арқылы ел ішінде жарнама, инфотурлар, шетелге қазақстандық турөнімдерді таныстыру шаралары жүргізілуде. Алайда бұл бастамалар тек қағаз жүзінде емес, нақты нәтиже берер деңгейге жетуі үшін жергілікті жерлерде нақты жұмыс қажет.
Мемлекет басшысы тағы бір сөзінде еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды.
– Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі. Соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Бұған қоса, аталған көрсеткіш бойынша біз климаты мен мәдениеті ұқсас көрші елдерге де есе жіберіп отырмыз. Туризм саласы қарқынды түрде даму үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдау қажет екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің бұл сыни пайымы жай сес емес, салаға жаңаша серпін беру қажеттігін ашық көрсеткен нақты ескерту. Бұл бұрынғы жалпылама ұран емес, нақты статистикамен дәлелденген, жүйелі өзгеріс талап еткен мәлімдеме. Расымен де, туризмнің экономикадағы үлесі азайып жатса, бұл тек сандардың төмендеуі ғана емес, мүмкіндіктің қолдан сусып жатқанын көрсетеді. Мұндай жағдай ел ішінде де, халықаралық аренада да туризмнің ел бейнесіне қосар үлесін әлсіретеді.
Жұмыс неден басталуы керек? Бірінші кезекте туристік инфрақұрылымды жаңғырту, қызмет көрсету сапасын арттыру, туристік аймақтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, жергілікті мамандарды даярлау, қолайлы экожүйе қалыптастыру сынды нақты бағыттар бойынша білек сыбанып іске кірісу қажет.
Себебі туризм тек табиғатты көрсетумен шектелмейді. Ол – елдің мәдениетін, менталитетін, қонақжайлылығын, азаматтық ұстанымын әлемге танытатын айна. Ал бұл айнаның сынық емес, жарқын болғаны Қазақстан үшін де, келешек ұрпақ үшін де маңызды.
Туризм – бір ғана табиғатқа қарап дамитын сала емес. Бұл – қызмет көрсету мәдениеті, инфрақұрылым сапасы, адам факторына тәуелді жүйе. Турист үшін маңыздысы – жайлы орын, тіл білетін гид, қауіпсіз маршрут, таза орта және қолжетімді ақпарат. Бұл тізбектің бір буыны үзіліп қалса, елге қайта келуге деген ниет те болмайды.

Қамбаштың толқыны мен Шижағаның алтын құмы
Аймақта туризм жайы қалай? Сыр өңірі десе, алдымен еске түсетін Қамбаш көлі болса, соңғы кезде Шижаға да жиі айтыла бастады. Ел тамсанған Қамбаш пен Шижағаны көзбен көру үшін жолға шықтық.
Сыр өңірінің табиғи жауһарларының бірі – Қамбаш көлі. Арал ауданынан шамамен 70 шақырым жерде орналасқан бұл көл жаз мезгілінде демалушылардың көп баратын орны. Біз де сапарымызды дәл осы мекеннен бастадық. Жаздың шіліңгір ыстығында жарқыраған су айдыны алыстан көз тартады. Бір жағында суды бойлап ұшқан шағала, екінші жағында суға түскен бала-шаға мен демалушылар. Табиғи сұлулықтың өзінде еш мін жоқ. Дегенмен Қамбаштың мүмкіндігі бұдан әлдеқайда кең. Мұнда экотуризмді дамыту, су спорты түрлерін енгізу, отбасылық демалыс аймақтарын көбейту, тіпті музыкалық немесе мәдени фестиваль ұйымдастыруға қолайлы алаң ретінде пайдалану сынды идеялар дұрыс жоспарланған жағдайда үлкен нәтиже берері сөзсіз.
Сапарымызды Арал ауданынан әріректе орналасқан Шижаға елді мекенінде жалғастырдық. Дәл осы ауылда осы жылдың мамыр айында ашылған «Аққұм» этноауылы бүгінде Сыр өңірінің нағыз туристік шөл даласына айналған мекен. Ауыл шетіне жақындай бергенде алыстан мен мұндалаған жібектей құм иірімі, саф ауа мен мүлгіген тыныштық бізді өзіне тартып әкетті. Ауданда туризмді дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бұл туралы Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірлік коммуникация орталығында берген брифингте айтты.
– Ауданда туризмді дамытуға бағытталған жұмыс көп. Бұрын алдымен ауызға ілінетіні Қамбаш еді. Қазір Шижаға қосылды. Мұндай құм ауданға қарасты Ақеспе, Ақбасты тәрізді 7-8 елді мекенде бар. Шижағада мінем деген адамға жылқы да, түйе де дайын. Мұнан өзге теңіздің кепкен ұлтанын да туристік аймаққа айналдыруға болады. Осыдан 60-70 жыл бұрынғы 50-60 метр тереңдіктегі теңіздің табанын көзімен көргісі келетіндер көп. Теңіз табанындағы Кердері мәдениетіне жататын көне қаланың орны да қандай тарих десеңші. Су астында қалған мұнаралар теңіз кемесінің бауырына тиетіндіктен оны да қолдан құрылғылар арқылы жарып тастаған. Мұндай туристерге қызықты дүние көп. Мұның барлығы алдағы уақытта қолға алынатын ірі жобалардың ізі, – дейді аудан басшысы.
Шижағаның құмын ел неге мақтайды?
Белгілі қаламгер Бауыржан Омаров Шижаға құмын былай суреттейді: «Біздің Аралдың жағасында шеге құм деген ғаламат құм бар. Сол құмға су жаңа киіміңмен қанша аунасаң да, үстіңе ештеңе жұқпайды. Түрегелсең болды, шеге құм жерге сусып түседі. Не сені кір шалмайды, не құм ластанбайды».
Шынында, құмның үстінде қанша жүрсең де үстің шаң болмайды. Тау болып үйіліп жатқан құмды басқанда ерекше әсерге бөлейтін қасиеті бардай. Ауыл тұрғындарының айтуынша, «құм піскен» уақытта жан-жақтан ағылып келетіндер аз емес. Себебі шеге құмның емдік қасиеті бар. Бойдағы суықты алады деп іздеп келетіндер көп екен.
Алтынгүл Тәуекелқызы Шижағада туризмді дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкердің бірі.
– Бұл жер менің арманымнан туған дүние. Мұнда алғаш келгендер «мына құм тура Дубайдағы сафари аймағына ұқсайды», – деп таңғалады. Расында да, сол жақтағыдай тыныштық, алтын түсті құм, еркіндік пен кеңдік бар. Қазір адамдар тыныштықты, табиғи сұлулықты, шынайылықты іздейді. Міне, біз соларға арналған орта қалыптастырдық. Осы күнге дейін Германия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырым, Ресей, Үндістан, Испания мен Израильден келген қонақтарды қазақы салтпен қонақ еттім. Шетелдіктерге қымыз бен қуырдақ ұсынған кезде жүздерінен таңданысты көрдім, ал ұлттық киім кигендегі әсерін көрсеңіз, ерекше. Күмәніңіз болса, «akkum011» атты Instagram парақшамыздан көрсеңіз болады, – деді ол.
Этноауылда қазақылықтың иісі аңқып тұр. Қазір мұнда 4 киіз үй, 2 сәкі бар. Киіз үйлер салқындатқыш пен жарық шамдармен толық жабдықталған, іші салқын әрі қазақы нақышта безендірілген. Төрінде асқақ көк туымыз желбіреп, келген қонаққа ұлттық рухты сездіреді. Бұл жай ғана демалыс орны емес, қазақ болмысы мен мәдениетін көзбен көріп, қолмен ұстайтын мұражай іспетті. Ауылдағы ас мәзірі де ерекше. Мұнда самаурында қайнаған шай, бал татыған қымыз, күбі толы қымыран мен шұбат ұсынылады. Ас мәзірі мен қызмет көрсетуі нағыз ұлттық қонақжайлылықтың үлгісі. Туристер үшін арнайы ұйымдастырылған 5 квадроцикл, 1 түйе, 2 ат, ұлттық және араб үлгісіндегі киімдер мұнда келушілерді қызықтыра түскендей. Қонақтар киіз үйде тынығып, құмда жүріп, ұлттық киім киіп, шұбат ішіп, демалыс уақытын керемет естелікке айналдырып қайтады.
Алтынгүл Тәуекелқызының негізгі мақсаты ішкі туризмді дамыту, әрі соның ішінде қазақтың ұлттық киімдері мен тағамдарын насихаттау. Шижағадағы көрініс өңірлік туризмнің тек қағаз жүзіндегі жоба емес, шынайы іске айналған үлгісі деуге толық негіз бар.
Аралдың құммен көмкерілген қасиетті мекені Шижаға бүгінде тек жұрт аңыз етіп айтатын ауыл емес, өз көзімен көріп, жүрегімен сезінгендердің таңдайын қақтырып, тамсандырған мекенге айналды. Бұл жайлы Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов әлеуметтік желідегі парақшасында алған әсерін жазған еді.
– Шижаға – екінші Дубай. Шижағаның шеруен тартқан шеге құмы – құйма алтындай қымбат қазына. Қадірін білгенге – Арал эмиратының екінші Дубайы дерсіз. Ысылдаған сулы сафари, құм беткейлерін қуалап соққан самал, еркіндікті сезіндіріп, адам жанын сергітеді. Шетел асып, шығындалып бармай-ақ, өз жерімізде үстіңе шаңы жұқпайтын жауһар әлемге көз тойдырып, ерекше сезімге бөленуге болады. Көзіміз көргендей, бұл жерде квадроцикл де, ат та, маңғаз түйе де бар. Тізгіндеп көрдік, серуендедік, сұлулықты сезіндік. Құмдағы күн шуағы мен тыныштық жүрекке жылу сыйлады. Қоңыр құмды жиектей орналасқан, қара талдың саясындағы киіз үйлерде қазақы қонақжай дастарханнан дәм таттық. Қымыз, шұбат, жапқан нан, қуырдақ, балық – бәрі де балдай, көңілге шаттық ұялатты. Көзбен көрем, табаныңызды ыстық топыраққа тигізем десеңіз, жолдың жайы да жаман емес. Халықаралық автодәліз іргеде. Межелі орынға дейін асфальт тегіс, қолайлы. Инфрақұрылым қалыптасқан, демалыс пен инвестицияға мүмкіндік зор. Яғни, жаңа бастамаларға, бірегей жобаларға шабыт іздесеңіз осы жерден табасыз. Аралдың алтын құмына бір табаныңызды тигізіп кетіңіз, өмір бойы ұмытпайтын естелік болады. Сондықтан Шижағаның Дубайы сізді күтеді! – дейді Мархабат Жайымбетов.
Туризм – ұлттың тынысын танытатын сала. Табиғатымыз бар, тарихымыз бай, қонақжайлығымыз әлемге үлгі. Бірақ осы байлықтың бағасын өзіміз арттыра алмасақ, өзгеден үміт күту бекершілік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, туризм еліміздің экономикалық құрылымында жетекші орын алуы тиіс. Мемлекет деңгейінде осындай бастамаларға қолдау көрсетілсе, әр өңірде кемі бір туристік орталық құрылары сөзсіз. Қазіргі таңда туризмге көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет. Бұл сала – тек демалыс емес, экономикалық табыс көзі, ұлттық бренд, мәдени дипломатия құралы. Әсіресе ауылдық туризм табиғи әрі шынайы. Сол арқылы тек табиғатты емес, қазақы болмысты, ұмыт бола бастаған дәстүрді, тіл мен рухты сақтап қалуға болады.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!